Жоғары білім беру жүйесі – бұл болашақ кадрлар қалыптасатын және елдің әлеуетін дамытатын орта. Бұл жүйенің тиімді жұмыс істеуінің нәтижесі ел экономикасының табысты дамуының кепілі болмақ.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылдың 27 желтоқсанында «Педагог мәртебесі туралы Заңға қол қойып, жалпы педагог, ұстаз атаулы қауымның мәртебесін көтерді. Сонымен бірге, 2021 жылғы 8 қаңтарда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Қолданыстағы Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу қазіргі заман талабынан туындаған өзекті мәселелер.
Соның бірі Заңдағы қашықтықтан білім беруге байланысты енгізілген жаңа нормалар. Қашықтықтан білім беру тек жоғары оқу орындарына ғана емес, білім берудің барлық деңгейлеріне қатысты. Сондықтан өзгерістер мен толықтырулар енгізілген жаңа Заңда бұл мәселеге көңіл аударылуы орынды деп ойлаймыз.
ҚР Білім туралы Заңына өзгерістер мен толықтырулар Білім және ғылым министрлігі тарапынан болған ұсыныстар нәтижесінде енгізіліп отыр. Білім сапасын арттыру, бәсекеге қабілетті мамандар даярлау, білім беру мен индустрияның тығыз ынтымақтастығы, академиялық адалдық, әлемдік білім беру кеңістігіне интеграциялану бағытында министрліктің бастамасымен жасалып жатқан ірі шаралар қазіргі кезде өзінің оң нәтижелерін беріп келеді.
ХХІ ғасыр университеттеріне қойылатын талап та жаңарды. Біздің ең басты мақсат-міндетіміз осы жаңалықтардың, Заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың жүзеге асуына қызмет ету болып табылады.
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жоғары білім беру жүйесін одан әрі жаңғыртуға және оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға негіз болатын «Жоғары білім беруді дамытудың дағдарысқа қарсы үш қадамды жоспарын» жариялаған болатын. Бірінші қадам, мамандар даярлаудың жекелеген бағыттары бойынша оқытушылардың ғылыми дәрежелілігіне, штатқа, біліктілікті арттыруға және базалық білім беруге қатысты талаптарды қайта қарау қажеттігін айтты. Бұл жоғары оқу орындарына практикалық қызметкерлерді көбірек тарту қажеттілігіне, сонымен қатар, білім беру сапасын арттыруға және оны практикаға бағдарландырумен байланысты. Екінші қадамда мемлекеттік грант құнының артқанымен, ақылы негізде білім алушылардың оқу ақысына әсер етпеуі керектігі айтылса, үшінші қадамда жоғары оқу орындарының дербестігі, соның ішінде өңірлік жоғары оқу орындарының мәселесі көтерілді.
Жақында министрлік жанынан Студенттік кеңес құрылып, алғашқы отырысы өтті. Оның құрамына әрбір жетекші ЖОО-ның студенттері арасынан және республикалық жастар ұйымынан бір-бірден көшбасшы кірді. Мұндағы басты мақсат – жастардың бастамаларын дамытуға және студенттерді қолдау.
Биылғы жылы жоғары білім жүйесіндегі ең маңызды және жаңа реформа жоғарғы оқу орындарының өзіндік үлгідегі дипломдар беретіндігі, білім беру қызметтерін ұсыну сапасы үшін жауапкершілікті күшейтті.
Университеттердің жеке үлгідегі дипломдар беруі – жоғары оқу орнының беделін айғақтап қана қоймай, оған артылған үлкен сенім екені де белгілі. Бұл мәселе болашақ мамандығын енді таңдағалы жүрген талапкерлерден бастап, жоғары оқу орнын бітіріп, қолына диплом алам деп отырған түлектерді, олардың ата-анасын алаңдататыны рас. Дегенмен, бұл өзіндік үлгідегі дипломды әр ЖОО өз бетінше дайындай береді деген сөз емес. Бұл жоба БҒМ-ң тарапынан қатаң қадағаланып, тиісті сәйкестендіру нөмірі беріліп, ол ҰБДҚ (НОБД) базасында сақталады.
Осы ретте еліміздегі іргелі білім ордасы – Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтсек. Университет бүгінде бакалавриат бойынша – 78, магистратура бойынша – 35, докторантура бойынша – 13, яғни 126 білім беру бағдарламасын жүзеге асырады.
2020 жылы 77 кафедра филиалдарымен тығыз байланыс нәтижесінде оқу процесіне Қызылорда облысының кәсіпорындары мен мекемелерінен 35 жетекші мамандар тартылды, олардың ішінде ұйымдардың директорлары, бас мамандары, цех бастықтары, зертхана меңгерушілері, аға тергеушілер, журналистер және т. б. салалардың өкілдері бар.
Бюджеттік қаржыландырудың ұлғаюы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіне 2020 жылдың 1 қыркүйегінен бастап ПОҚ мен қызметкерлердің жалақысын орта есеппен 20-40% – ға арттыруға мүмкіндік берді. Бұл да ҚР Білім және ғылым министрлігі тарапынан жоғары оқу орындарының профессор оқытушыларына жасалып отырған қолдау деп білеміз.
Университеттің материалдық-техникалық базасын жаңартуға 2020 жылы – 192 млн.054 мың теңге бөлінді. Грант құны өскенімен, университетте ақылы негізде білім алатын студенттер үшін оқу ақысы өскен жоқ. Аймақтың ерекшеліктерін ескере отырып, кейбір бағытта оқу ақысын төмендеткен жағдайлар да болды.
Сонымен қатар, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін жоғары білімнің қолжетімділігін арттыру мақсатында 256 студенттің оқу ақысына түрлі көлемдегі (25%, 50%, 100%) жеңілдіктер жасалды. Соның ішінде талантты студенттерді қолдау мақсатында өткізілген пәндік олимпиада қорытындысымен университет ректорының гранты берілді. Студенттерді түрлі өндіріс орындары тарапынан өткізілетін жобалар мен байқауларға қатыстырып, 27 студентке демеушілердің есебінен білім алуына мүмкіндіктер жасалды.
Педагогикалық мамандық білім алушылардың шәкіртақылары өсті. Педагог мәртебесін арттыру мақсатында педагогикалық бағыттағы білім беру бағдарламаларына түсудің шекті баллы 70 балл болып белгіленгенімен, бұл осы бағытты таңдаған талапкерлерге кедергі болған жоқ. Керісінше биылғы жылы осы оқу бағытына талапкерлер саны 439-дан 663-ке дейін өсті. Сонымен қатар, педагогикалық бағыттағы білім алушыларға шәкіртақының өсуі, осы ұстаз болуды армандаған жастардың жүректеріне жылулық сыйлағаны рас.
2020 жылдың 16 наурызынан бастап елімізде пандемияға байланысты карантин жариялануы себепті оқу процесінің толығымен қашықтықтан оқыту технологиясына ауыстыру ҚР Білім және ғылым министрлігі тарапынан жүргізілген жүйелі және сапалы жұмыстың арқасында жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Қысқа мерзім ішінде барлық пәндер бойынша 1120 бейнедәрістер дайындалды, аралық және қорытынды бақылауды, сондай-ақ қашықтықтан оқыту технологиясы бойынша білім алушыларды қорытынды аттестаттауды өткізу бойынша нұсқаулықтар әзірленіп, бекітілді. 2020 жыл болашақ білім берудің бастапқы нүктесіне айналып, университеттерді дәстүрлі оқу әдістерін қайта қарауға мәжбүр етті.
Қашықтықтан оқыту, шәкіртақыны арттыру, болашақ мұғалімдерді даярлауға аса маңызды көңіл бөлу, жас ғалымдарды қолдау – бұл ең алдымен білім беру сапасын және жоғары оқу орындары қызметінің ашықтығын арттыруға бағытталған. Университет тарихында тұңғыш рет жас ғалымдардың ғылыми ізденістерін қолдаудың нақты тетігі – университет гранты енгізілді. Қазіргі күні осы грантқа ауыл шаруашылығы, мұнай және IT салалары бойынша конкурс жарияланып, жұмыстар кезең-кезеңмен жүріп жатыр. Жасампаз бастаманың жас ғалымдардың ғылыми шығармашылығына соны серпіліс әкелетініне сенімдіміз. Әрине, табысқа жету жолы оңай емес, бірақ үйлесе ұштасқан биік талап, айқын мақсат, еселі еңбектің нәтиже берері сөзсіз.
Бейбіткүл КӘРІМОВА,
Қорқыт ата атындағы ҚУ Басқарма
Төрағасы-Ректор
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<