Облыс әкімінің халық алдындағы есепті кездесуінде Сыр өңірінің жеткен жетістігі мен алдағы міндет, жоспары сараланды. Білім саласында ұзақ жыл еңбек еткендіктен, осы бағыттағы жұмыстар жүйелі ұйымдастырылып келе жатқанына тағы бір көз жеткіздім.
Пандемия кезеңіндегі қашықтан оқыту эпедимиологиялық жағдай талабы болып тұр. Соған қарамастан, білім саласында айтарлықтай өзгерістер бар. Әрбір қиындықтың артында жақсылығы бар демей ме? Әлемді жайлаған індет білім саласына қашықтан оқыту жүйесін енгізді. Мұғалімдер мен мектеп оқушыларына ақпараттық технология тілін меңгеруге мүмкіндік туды. Ұстаз, оқушы және ата-ана арасындағы байланыс беки түсті.
Аймақ басшысы өз баяндамасында оқушылардың 49 проценті қашықтан, 51 проценті дәстүрлі форматта білім алып жатқанын айтты. Қашықтан оқытуды сапалы ұйымдастыру мақсатында мектептердің балансындағы 14 мыңнан астам компьютер оқушыларға берілді. Үкімет резервінен 3,2 млрд теңге қаржы бөлініп, 22870 дана құрылғы сатып алынған. Жергілікті бюджет және демеушілер есебінен 4 мың компьютерлік техника сатып алынып, мұқтаж балаларға берілген. Мұның бәрі де – уақытша сынақтан білім саласының ақсап қалмауына жасалып жатқан қадамдар. Ең бастысы, сынақты еңсеріп келеміз.
Еліміздің ертеңі өсіп келе жатқан жас ұрпақтың білімінің ұшқырлығымен өлшенеді. Білімді, жан-жақты, қабілетті ұрпақ – ұлтымыздың баға жетпес қазынасы. Сондықтан білім саласын жетілдірудегі қолданып жатқан тәжірибелер уақыт өткен сайын жаңарып, шыңдалып жемісін беретініне сенімдімін.
Бақытжан САЙЛЫБАЕВ,
облыстық қоғамдық кеңес төрағасы
Фото: көрнекі сурет
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<