Өмірге бағдаршамдай жол сілтеп тұратын, тәлім-тәрбие кілтін ұстаған, саналы ғұмырын білім беруге арнаған ұлағатты ұстаз Дариха Әмзебекова биыл 70 жасқа толды.
Ардагер ұстаз Қармақшы ауданындағы Тұрмағамбет ақын атымен аталатын ауылда дүниеге келді. Н.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтынан физика-математика пәнінің мұғалімі мамандығын алған.
Атасы Байғұлы, өз әкесі Әмзебек, анасы Қойқын түйгені мол, айтары бар ел құрметіне бөленген ақжарқын кісілер еді. Атақты Жиенбай жыраудың бел баласы Үрістембек жырау Байғұлы ақсақалдың қарындасымен шаңырақ көтереді. Кешегі күміс көмей Көшеней мен Бидас жырау Байғұлыға жиен болып келетіні тарихтан тағылым беріп тұрған тәрізді. Ұстаздардың ұстазы атанған кейіпкеріміздің негізгі тәрбие өзегі осында болса керек.
Ол еңбек жолын Қармақшы ауданы Жаңажол ауылындағы №107 орта мектепте ұстаздықтан бастайды да, туған жері Тұрмағамбет ауылындағы №29 орта мектепке ауысып, осында қызметін жалғастырды. Кейін мектеп директоры, ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында көптеген істің көшбасшысы болды. 1990 жылдан 2012 жылға дейін мектеп директоры қызметін абыроймен атқарып, зейнет демалысына шықты.
Мектеп басшылығында жүрген жылдары пән кабинеттерінің талапқа сай жабдықталуына күш салды. Ондағы мақсат – оқушыға тәжірибе арқылы салауатты сана қалыптастыру. Өзіне де, өзгеге де талап қоя білетін және сол үдеден шығуға жұмыс жасайтын. Нәтижесінде мектеп оқушылары аудандық, облыстық тіпті республикалық байқаулардың жеңімпазы атанып жүрді.
Мектеп басшылығының бастамасымен 1996 жылы Қызылорда қаласында мұғалімдердің республикалық ғылыми конференциясына ұсынған «Халықтық педагогика – ұлттық тәрбие негізі» тақырыбындағы іс-шарасы үздік деп танылып, республика аумағына әдістемелік құрал ретінде таратылды. 1999-2003 жылдар аралығында білім гранттарын жеңіп алуда үздік көрсеткіштерге жеткені үшін №29 орта мектебі Қазақстанның үздік 100 мектебінің қатарына енгізілді. Бұл ұжым жетістігінің жарқын көрінісі болатын.
Дариха апайдың тағы бір қайраткерлік қыры – үнемі ізденіс үстінде жүретіні. Соның бірі – оқушыларға бабалар мұрасын насихаттау, өнер туындысымен таныстыру үшін ашылған мектепішілік музейдің жандануы.
«Сыр елі – жыр елі» деп аталатын бұрыш 1973 жылы Қазақ КСР Оқу ісінің үздігі Қаражан Қожабаевтың бастамасымен қазақ тілі мен әдебиеті пәні кабинетінен ашылған болатын. Мұғалімдер мен оқушылардың ізденісі арқылы ең алғаш жергілікті ақын-жыршылар шығармалары, өмірдеректері жинақталып толықтырыла түсті. Оған әйгілі Тұрмағамбет шайырдың тақиясы мен тұтынған заттары қойылды. Ақынның ұлы Әбдірауық ақсақал пышақ пен оның қынын, көзәйнегін табыстаған болатын. Бес бөлімнен тұратын мектеп музейіне Ешнияз салдан бастап шежіреші Үбісұлтан Аяпов, Әлиакбар Жұматаев, Запа Дәулетбаевқа арналған бөлімдер топтастырылды. Сонымен қатар Кеңес Одағының батыры Тәйімбет Көмекбаев, Социалистік Еңбек Ері, Батыр ана Сәлима Жұмабекова жайлы деректер де осында жинақталды. Өлке тарихы қатталған музей бүгінге дейін көпшілік қазынасына айналып отыр.
Ұстaз – өзен секiлді, айналасына нәр беріп, жанындағыларды жайқалтып жіберетін күш иесі. Шәкірттеріне шуақ төккен күн тәрізді. Ғибратты ғұмыр иесі осы үдеден шыға білген майталман маман.
– Оқушы озат болу үшін мұғалім, ата-ана үнемі байланыста болуы керек. Сабақ беру тек сыныппен шектелмеу қажет. Сонда ғана елге тұтқа боларлық тұлға тәрбиеленеді. Қыздарға шаш қидырған жоқпын, ер балаларға шашын өсіруге үзілді-кесілді қарсы болдым. Мектеп формасын киюін міндеттедім. Оқушы екенін өзі де, өзге де сезінуі керек. Сабақтан тыс уақытта балаларды еңбекке баулитынбыз. Ал оқу мен еңбек – өмірдің даңғыл әрі дұрыс жолы.
Сырттай қарапайым болғанымен, тарихтағы ұлы істі атқарып жүргендер – ұстаздар екені даусыз. Жас ұрпақтың санасына сыналай енгізетін тәлім-тәрбие, үлгі-өнегесі өлшеусіз. Білімге баулып, биікке ұшыратын оқушыларының оқуда озат, өмірде патриот болуы мұғалім ұстанымына байланысты, – дейді ардагер бізбен әңгімесінде.
Дариха апайдан дәріс алып, бүгінде еліміздің әр саласында абыройлы қызмет атқарып жүрген шәкірттері жүздеп, тіпті мыңдап саналады. Олардың «жүз жыраудың отаны» атанған киелі Тұрмағамбет ауылынан түлеп ұшып, қоғамнан өз орнын табуында ұстаз қолтаңбасы жатыр.
Ұлы Абай: «Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан» деп мұғалім тәрбиесі мен өнегесі оқушы болашағының түп қайнары екеніне көңіл аударды емес пе?!
Д.Әмзебекова «Білім беру ісінің үздігі» атанды, Білім министрлігінің «Құрмет грамотасымен» марапатталды. «Үздік мектеп директоры – 2008» номинациясын иеленді. Бұл – ұзақ жылғы еңбектің жемісі.
Әр адамның өмір жолы – бір тарих. Алайда дара жолын тауып, өз қолтаңбасын қалдыру әркімнің өз еншісінде. Бұл тұрғыдан алғанда Дариха Әмзебекқызы ізгі мұратына жетті деуге болады. Өйткені, бар болмысымен бала бағбаны атанған ардақты тұлға хакім Абай айтпақшы, дүние кетігіне кірпіш болып қаланды.
Жетпістің белесіне шыққан ардагер әлі де білім саласының беталысынан күнделікті хабар алып, әлеуметтік мәселелерді жиі зерделеп, өз пайымын білдіріп отырады. Мекен-жайы да мектепке етене екен. Ондағысы зейнетке шықса да, білім ордасымен көңіл үндесіп тұрсын дегені болар.
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<