Ғылымға ден қойып, біліммен биікке самғауға асық Назарбаев Зияткерлік мектебінің түлектері жетістік төрінен табылды. Жақында зияткерлердің басым бөлігі қазақстандық және шетелдік университеттердің білім гранттарына қол жеткізді.
Биыл мектептен түлеп ұшқан 95 оқушының 38 проценті Назарбаев Университетіне қабылданды. Ал, 13 түлек Италия, Ресей, Гонконг, АҚШ, Венгрия, Оңтүстік Корея және Малайзия елдерінің озық білім ордаларынан тегін оқуға шақырту алып отыр. Оңтүстік Кореяның Кваджу технология мен ғылым институтының студенті Зарина Алтынбай солардың қатарында.
– Мектепте коммуникацияны, өз ойымды еркін жеткізу дағдыларын қалыптастырдым. Бұл өз кезегінде болашақта өзге елде білім алуда, жаңа ортаға бейімделуде септігін тигізетініне сенімдімін. Таңдаған мамандығым ғылым саласына қатысты. Келешекте алған білімімді Сырдың игілігіне жұмсаймын, туған жерде инновациялық жаңалықтар ашып, ғылымға халықаралық тәжірибені енгізу жоспарымда, – дейді ол.
Мектеп шәкірттерінің басым бөлігі медицина, ақпараттық технологиялар мен ғылым бағытындағы мамандықтарға таңдау жасаған. Келешегін әлеуметтану, педагогика, экономика, бизнес, құрылыс пен халықаралық қатынастар саласымен байланыстырғысы келетіндер көп. Мектеп түлегі Ринат Керімсал да жоғары академиялық білімнің арқасында және NIS оқу бағдарламасының тиімділігі нәтижесінде Назарбаев Университетінің тікелей бірінші курсына оқуға түскен. Ол НУ-ға шақырту алуда мектептегі ұстаздардың қосқан үлесі зор деп біледі. Бір сөзбен айтқанда, ұлы Абайдың «Дүние де өзі, мал да өзі, Ғылымға көңіл бөлсеңіз» деген өсиетін жастар жете ұғынған және олар ізденіске іңкәр.
Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<