Бір мамандықты таңдаған егіз қыз

2102

0

Ұстаз дегенде әр адамның ойына алғаш әріпті танытып, қолына қалам ұстатқан мұғалімі, жанына жақын жанашыр апайы түседі. Мектеп бітіріп, үлкен өмірге қадам басып, оңы мен солын танып, өзі балалы-шағалы болған соң, кейінгі басқосу кештерінде ұстаздарын көргенде балалық шағын еске алып, бір марқайып,  мәз болып, қауқылдасып қалатыны да шындық.

Қармақшы ауданының білім саласында қызмет етіп жүрген егіз ұстаз Айгүл мен Нұргүл Ұласарқызының еңбегі көпшілікке үлгі, жас буынға өнеге боларлықтай.

Қазалы ауданы «Ақсуат» ауылында дүниеге келген Айгүл мен Нұргүл кішкентайынан еңбекқор болып өскен. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіне оқуға түсіп, Нұргүл бастауыш сынып, Айгүл ағылшын тілі мұғалімі мамандығын алып шыққан. Кішкентайынан әже тәрбиесін көріп, үлкенді сыйлап, туған елдің тарихын танып, дәстүрін сақтауға талпынып өскен олардың ұстаздық жолды таңдауына қырық жыл ауылдық емханада медбике болған марқұм анасы Дина Бертілеуқызының жол сілтеуі және алғашқы ұстазы Ағжан Жарманова апайға деген қызығушылық себеп болса керек.

Еңбек жолдарын өздері туып- өскен ауылы «Ақсуаттағы» №100 «Кеңтүп» мектебінде бастаған оларды өмірдің ағысындағы сан тараулы жолдар Байқоңыр өңірінде түйістірді.

Нұргүл Ұласарқызы – қазір Байқоңыр қаласындағы №277 мектеп-лицейінің педагог-зерттеуші санатты бастауыш сынып мұғалімі. Ол – бала жанын түсінетін үлгілі ұстаз. Білімді шəкірт тəрбиелеген жетістіктерін ұжымы мақтан етеді.

Ол «Үздік бастауыш сынып мұғалімі» дипломымен, «Қазақстан ұстазы» төсбелгісімен, «ПОНИ» халықаралық байқауының дипломымен, «Үздік авторлық» тақырыбында өткізілген шеберлік сыныбына қатысып, үздік жұмыс көрсеткені үшін Алғыс хатпен марапатталды.

Жаңалыққа жаны құмар, «өзің үйрене жүріп, өзгені үйрет» деген ұстанымы бар кейіпкеріміздің алдағы уақытта әлі де толағай табыстарға жете беретіні күмән туғызбайды. Ізденімпаздығының арқасында жас ұрпақты өнегелі етіп тəрбиелеуде, шəкірттерінің биік белестерді бағындыруына жол ашып жүрген үлгілі ұстаз отбасында жолдасы Бақберген екеуі Бекнұр, Бексұлтан, Бекмұхаммед атты үш ұлдың ата-анасы атанған, көпке үлгілі отбасылардың қатарында.

Нұргүлдің сыңары Айгүл – Ақай ауылындағы №99 орта мектепте ағылшын тілі пәнінің мұғалімі, педагог-сарапшы, жолдасы Ақан Қожақов екеуі 5 баланың ата-анасы. Жанел, Әсел, Жанқожа – №99 мектептің үздіктері атанса, Шахназ бен Шахмардан балабақшаға барады. Үлкені Жанел анасының жолын қуып, ағылшын тілін таңдап отыр.

Өз мамандығын сүйген ұстаздың жетістіктері де жетерлік.

 «Жас келсе – іске» дегендей, аз ғана уақытта жас маман тәжірибелі ұстаздарынан мамандықтың қыр-сырын үйреніп, оған өз талпынысын қосып, ұжым ортасында беделі артты.

Әбу Насыр әл Фараби: «Ұстаз – жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, ешнәрсені ұмытпайтын алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі» деп баға берген. Сонымен бірге ұқыптылық, жауапкершілік, адалдық, тілтапқыштық қасиеттерді бойына жинақтаған жандардың мәртебесі қашанда биік болмақ. Еңбекқор, тәлім-тәрбиесін шәкіртінен аямай, білім нәрін сепкен егіз ұстаз бұл күнде үлкен-кішіге үлгі.

Қымбатгүл Молыбекқызы,

Байқоңыр қаласы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<