Облыс орталығындағы М.Шоқай атындағы №187-ші ІТ мектеп-лицейін биыл екі сынып бойынша 46 оқушы бітірді. Олардың 36-сы мемлекеттік грант алуға өтініш беріп, 27-сі грант иеленді.
Ерекше қуанарлық жайт, Ақтоты Өтешова жетекшілік жасайтын 11 “А” сыныбындағы 19 оқушының 16-сы грант жеңіп алды. 7-уі “Үздік аттестат” иегері. А.Өтешова бұл оқушыларға 5 сыныптан бері жетекшілік жасайды. Осы уақыт ішінде ол балалардың қай сабаққа бейім екенін алдын ала зерттеп, ақыл-кеңесін берген болатын. Сондай-ақ, сынақ тапсыратын сәт жақындаған сайын оқушылардың кітапханамен тығыз байланыста болып, жан-жақты дайындалуын қадағалап отыратын. Әрбір оқушының ата-анасымен ақылдасып, жас түлектің болашағына таңдау жасауда ортақ шешімге келген.
– Оқушыларымның бәрі де білімді, қабілетті. Мектеп ішіндегі сайыстарды айтпағанда, облыстық, республикалық деңгейде жүлделі орындар иеленіп жүр. Тек осы жолы сынақ тапсыру кезінде үш оқушымыз қалаған мамандығына сәйкес грант иелене алмай қалды. Олар үшін алаңдаймын, дегенмен, барлық мәселенің шешімі бар. Уақыт бәрін реттейді. Оларға осыны айтамын. Ал мемлекеттік грантты иеленген түлектерге тек ақ жол тілеймін, – дейді сынып жетекшісі.
Ақтоты Өтешова – тарих пәнінің мұғалімі. Осы мектепте еңбек етіп келе жатқанына 20 жыл. Бірнеше облыстық, республикалық, халықаралық байқаулардың жеңімпазы. Айтпақшы, ол биыл тағы да 5 сыныптың жетекшілігіне бекітілді.
Шәкірт жеңісі – ұстаз еңбегінің жемісі. Сонымен қатар, мемлекет тарапынан білім саласын қолдауға, оның ішінде ұстаз мәртебесін көтеруге бағытталған жұмыстардың нәтижесі екені көңіл қуантады.
Ғазиза Әбілда,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<