Биылдан бастап 500 қазақстандық ғалым мемлекет есебінен шетелде тағылымдамадан өтеді

926

0

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды Ақорда.

Биылдан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 500 қазақстандық ғалым мемлекет есебінен шетелде тағылымдамадан өтеді. Озық ғылыми технологияларды трансферттеу мақсатында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында 500 ғалымның әлемдегі жетекші зерттеу орталықтарында жыл сайын тағылымдамадан өтуін қамтамасыз етуді тапсырғаны белгілі. Жиынды ашқан Мемлекеттік хатшы бүгінде түрлі сала мамандарына өздерінің кәсіби білімдерін жаңартуға мүмкіндік беретін қысқа мерзімді оқытудың немесе тағылымдаманың маңыздылығы артып келе жатқанын атап өтті.

Бұған «Болашақ» бағдарламасы бойынша үміткерлер арасындағы үлкен конкурс дәлел. Осыған байланысты халықаралық бағдарлама шеңберінде ғалымдар үшін тағылымдамалардың арнайы санаты бекітілді. Отырыс барысында комиссия мынадай санаттар бойынша тағылымдамаларды бекітті: ғалымдар, денсаулық сақтау саласындағы қызметкерлер, педагогтар, мемлекеттік қызметшілер, инженерлік-техникалық қызметкерлер. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, тағылымдама санаттарының тізімін қалыптастыру кезінде мемлекеттік органдар мен мүдделі ұйымдардан келіп түскен өтінімдер негізінде нарықтың нақты қажеттілігіне талдау жүргізілген.

Жалғасып жатқан пандемия жағдайындағы жаңа сын-қатерлерді ескере отырып, ғылыми, медициналық және инженерлік-техникалық қызметкерлердің тағылымдамаларына басымдық беріледі. Отырыс қорытындысы бойынша Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев «Болашақ» халықаралық стипендиясын іске асырудың тетіктерін одан әрі жетілдіру және оның тиімділігін арттыру жөнінде бірқатар тапсырма берді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<