«Біз ұстаздарды қолдау саясатын жалғастыра береміз»

1281

0

«…Қаңтар айынан бастап педагогика саласы қызметкерлерінің жалақысы 25 процентке көбейді. Ал, алдағы үш жылда осы мақсатқа тағы 1,2 триллион теңге жұмсалатын болады. Қабылданған шаралар жемісін беріп жатыр. Педагогикалық мамандықты қалап, оқуға түскендердің орташа балы күрт өсті. Біз ұстаздарды қолдау саясатын жалғастыра береміз.»

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың   2021 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауынан

Балалық шақтың бақыт мекені

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың өз деңгейінде орындалуы саланың дамуына серпін берді. Өңіріміздің білім беру жүйесінде де оң бағыттағы елеулі өзгерістер орын алды. Жыл сайын қаржыландырудың өсімі сала бойынша негізгі көрсеткіштердің жақсаруына мүмкіндік жасады. Атап айтқанда, жаңартылған білім беруге көшу, электронды оқыту, жан басына шаққанда қаржыландыру, үш тілде білім беру жобалары табысты жүзеге асырыла бастады.

Әсіресе, сол жылдары өзекті мәселенің біріне айналған балабақша қызметі қайта жанданды. Дәлірек айтсақ, 1991 жылы облыста 223 балабақша болса, бүгінде 670 мектепке дейінгі білім беру ұйымы жұмыс істейді. Онда 55497 бала тәрбиеленуде. Мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында облыста жекеменшік балабақшалардың үлесі жыл сайын артып, бүгінге дейін 65 мемлекеттік, 414 жеке балабақша жаңадан ашылған. Соның нәтижесінде  «Балапан» мемлекеттік бағдарламасы аясында аймағымыз республика көлемінде ең алғаш болып 3 пен 6 жас аралығындағы балаларды түгелдей балабақшамен қамтыды.

Орын тапшылығын жою үшін…

«Орта білім беру жүйесіндегі өткір проблеманың бірі – мектептердегі орын тапшылығы. Шұғыл шара қабылдамасақ, 2025  жылға қарай орын тапшылығы 1 миллионға жетеді. Мен 2025 жылға дейін кемінде 800 мектеп салу туралы тапсырма берген болатынмын. Бүгін оның санын бір мыңға жеткізуді міндеттеймін», – деген болатын Мемлекет басшысы.

Осыдан отыз жыл бұрын, яғни, еліміз тәуелсіздігін алған тұста облыста 269 мектеп болса, бүгінде жалпы саны 311 мектеп бар. Онда 176 мыңнан астам оқушы білім алуда. Демек, осы жылдар аралығында 42 жаңа мектеп бой көтерген. Оның ішінде 26-сы мемлекеттік, 16-сы жеке мектеп. Сонымен қатар, апатты жағдайдағы білім ошақтары  қайта салынып, бірқатары кезең-кезеңімен күрделі жөндеуден өтті. Осы тұрғыдан айтар болсақ, 173 жаңа мектеп бой көтерген. Биылдың өзінде 2443 орынға арналған 6 жеке мектеп пайдалануға берілді. Оның ішінде 36 апатты  және 7 үш ауысымда оқитын мектептің мәселесі шешілді.

Жалпы, 2025 жылға дейін апатты білім ошақтарын жою, орын тапшылығын қысқарту бойынша 28 мектептің құрылысы жоспарланған.

Қаржыландырудың жаңа жүйесі

2020-2021 жылдан бастап елдегі барлық мектептер жан басына қаржыландыру жүйесіне өтті. Облыстағы мектептердің басым бөлігі жан басына қаржыландыру жүйесінің арқасында жаңа модификациялық физика, химия, биология кабинеттерімен жабдықталды. Алдағы жылы барлық қала мектептерінде жоғарыда аталған  үш пәндік жаңа кабинеттер ашылады деп жоспарлануда. Сондай-ақ, 124 мектеп робототехника кабинеттерімен жарақтандырылған. Барлық мектептің компьютерлік паркі толық жаңартылған және интернет желісіне қосылған. Саладағы оң бастаманың бірі – 2015 жылы «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ мен облыс әкімдігі арасында өзара әріптестік меморандумы жасалған. Меморандум аясында Назарбаев зияткерлік мектептерінің тәжірибесі таратылатын 46 инновациялық мектеп ашылды.

Жалпы орта білім сапасы жайлы айтар болсақ, өткен оқу жылында 5184 оқушы мемлекеттік грантқа өтініш беріп, олардың 3849-ы грант иегері атанды. Нәтижеде белгілі болғандай, грант иегерлерінің басым бөлігі педагогикалық және техникалық мамандықтарды таңдаған.

Тәуелсіздік жылдарындағы тағы бір жетістігіміз – Үкіметаралық келісімнің негізінде 2015 жылы Байқоңыр қаласында 6 мектеп, 1 балабақша ҚР стандарты бойынша білім беру үдерісіне көшіп, бүгінде 2 жеке балабақша жұмыс істейді. Ал, оған дейін, яғни, ғарыш айлағы Ресей мемлекетіне жалға берілгелі Байқоңыр қаласындағы оқушылар көрші елдің білім бағдарламасы бойынша білім алып келген болатын. Сонымен қатар, өңірге қажетті мамандар дайындау мақсатында 2014 жылдан бастап 500-ден астам түлектеріміз Ресей Федерациясының озық жоғары оқу орындарында білім алды. Олардың қатарындағы 77 студент биыл оқуын аяқтап, жұмысқа орналасып, өңіріміздің дамуына өз үлесін қосуда.

Білікті де жігерлі мамандар қажет

Мемлекет басшысының Жолдауында айтылғандай, білім беру жүйесіне жігерлі әрі білікті мамандар қажет. Өйткені олар шәкіртінің бойына жаңа білім сіңіре алатындай нағыз ағартушы болуға тиіс.

Мәртебелі мамандық иелерін қолдауға мемлекет тарапынан барынша көңіл бөлініп отыр. Соның айғағы – «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданып, сала мамандарын моральдық тұрғыда қорғауға және материалдық қолдау көрсетуге баса назар аударылды. Бұл ретте мұғалімдердің еңбекақысы кезең-кезеңімен көбейіп отыр. Айталық, биыл  педагогтардың еңбекақысы 25 процентке көбейсе, шеберлігі үшін еңбекақыға 30-50 процент аралығында қосымша ақы төленді. Сондай-ақ, заңдылығына сәйкес, кейбір педагогтардың еңбек демалысы 42 күннен 56 күнге ұзартылды. Жолдауда айтылғандай, алдағы жылы да мұғалімдердің еңбекақысы 25 процентке көбейетіні белгілі болып отыр.

Иә, бүгінде сапалы білім, саналы тәрбие беруде ұстаздардың біліктілігін саралап, еңбегінің нәтижесіне қарай бағалаудың тиімділігін уақыт көрсетіп отыр. Осы орайда облыс бойынша 21 ұстазға «Үздік педагог» атағы беріліп, 1000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде бір реттік сыйақы иегері атанды. Одан бөлек. «Қызылорда облысының білім беру саласын дамытудағы еңбегі үшін» медалін 22 ұстаз иеленіп, оның 12-сі 875 мың теңге көлемінде сыйақы алды.

Бүгінде барлық білім ошақтары жаңартылған білім беру мазмұнына көшкені белгілі. Осыған орай педагогтардың 98 проценті жаңа бағдарлама бойынша арнайы курстан өткен. Сондай-ақ, кейінгі 8 жыл ішінде өңірімізде жергілікті бюджет есебінен «Үздік орта білім беретін ұйым» гранттық жобасы жүзеге асырылуда. Грант көлемі бүгінде 17 млн теңгені құрайды. Бұл жоба аймақтағы білім беру ұйымдары арасында өзара бәсекелестік орнатып, жұмыс сапасына оң әсер етіп отыр. Биыл аталған грантты қала орталығындағы №264 мектеп-лицей ұжымы жеңіп алды.

Осындай қолдаудың нәтижесі мұғалімдердің өз мамандығына деген жауапкершілігін арттырып, шәкірт тәрбиелеу ісіне сүйіспеншілігін қалыптастырды.

Дарынды балалар қолдаусыз қалмайды

Жолдауда халықаралық пән олимпиадаларының жеңімпаздарына, дарынды балаларға жан-жақты қолдау көрсету қажеттігі айтылды.

Өңірде дарынды балаларды қолдауға қашан да басымдық беріліп отыр. Соның нәтижесі болар, кейінгі 10 жылда халықаралық және республикалық олимпиадалар мен ғылыми жоба конкурсында  500-ге жуық оқушы жүлделі орын иеленген. Ал, биыл республикалық «Ұлттық мектеп лигасы» аясында өткен жарыс түрлері бойынша облыс құрамасы І орын алды.

Облыстық білім басқармасының «Дарын» қосымша білім беру орталығында облыстық, республикалық, халықаралық байқаулар мен конкурстар жеңімпаздары үшін «Сыр дарыны білімділер академиясы» жұмыс істейді. Мұнда озат ұстаздар озық ойлы оқушылардың білімін арттырып, қабілетін шыңдай түседі. Дарынды балалар аталған академияда әр оқу тоқсаны арасындағы демалыс уақытында математика, физика, химия, биология, информатика пәндері бойынша 2 тілде дәріс алады.

Ауылдық жердегі білімді де қабілетті балаларды анықтау мақсатында биыл «Ел үміті» жобасы іске асырылуда. Бұдан бөлек, 2019-2020 оқу жылынан бастап «Мың бала» ұлттық зияткерлік олимпиадасының жеңімпаздарын НЗМ, РФММ, БИЛ және елорда лицейлері жетекші педагогтарының көмегімен қазақ, орыс, ағылшын тілдері және математика пәні бойынша тереңдетіп оқытуға көңіл бөлінген. Педагогтардың пайымдауынша, бұл жұмыстар да оң нәтижесін беріп отыр.

Жолдаудан туындаған жаңалықтың бірі – алдағы уақытта халықаралық олимпиадалардың жүлдегерлеріне 4,4 млн теңгеге дейін сыйақы тағайындау қарастырылған. Атап айтқанда, халықаралық зияткерлік олимпиадалардың жеңімпаздары біржолғы ақшалай сыйақы, «Алтын медаль» иегерлері 1500, күміс 1000, қола  500 АЕК көлемінде сыйақы алады. Біржолғы ақшалай сыйақы халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздарын дайындаған педагог-тәлімгерлерге де беріледі.

Бұдан бөлек, инклюзивті білім алуға жағдай жасаған мектептер мен балабақшалардың үлесі 91, ал колледждерде 50 процентті құрап отыр. Алдағы жылы мемлекеттік балабақшаларда бұл мәселе түбегейлі шешімін табатын болады.

Жылдағы дәстүр бойынша оқу жылы қарсаңында ұйымдастырылатын «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы аясында қала мен аудандар бойынша бюджет және бюджеттен тыс қаржы көздері есебінен 8 мыңнан астам балаға көмек көрсетілді. Айта кетейік, биылдан бастап «Атамекенім» қоғамдық қорының қолдауымен «www.atamekenim.kz» порталында көмекке мұқтаж ата-аналар өз өтінімдерін қалдыра алатын «Мектепке жол» платформасы жұмыс істейді. Бұл платформа жаңа тәсілдер арқылы көмек көрсетудің мәдениетін қалыптастыруға, ашықтықты қамтамасыз етуге септігін тигізеді.

Мамандыққа бейімдеу маңызды

«Балаларды ерте жастан мамандыққа бейімдеу айрықша маңызға ие болуда. Өскелең ұрпақ өзінің болашақ кәсібін саналы түрде таңдай білуге тиіс» – деп айтылған Жолдауда.

Мектеп бітіруші түлектердің мамандық таңдауда қателеспеуі үшін олардың қалауын ерте анықтап, алдын ала кеңес берудің маңызы зор. Бұл орайда түлектерді ҰБТ-ға дайындау барысында олардың қабілет-қарымына қарай білікті педагогтар тарапынан бағыт-бағдар беріліп отырады. Осы жұмыстардың оң нәтижесі болар, жыл сайын мемлекет грантын иеленушілердің қатары артып келеді.

Саланың тағы бір жетістігі – кәсіптік білім беру жүйесінің модернизациялануы. Атап айтқанда, 2013 жылы облыс әкімдігінің қаулысына сәйкес кәсіптік лицейлер колледж статусын иеленіп, бүгінде облыста 30 колледж мамандар даярлайды. Оның ішінде 11 оқу орны жоғары колледж статусын иеленсе, М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжі мен Қызылорда медицина жоғары колледжі қолданбалы бакалавр мамандарын даярлауда.

2017 жылдан бастап жастардың жұмысшы кәсіптерін тегін алуына мүмкіндік беретін «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім» жобасы аясында «Еңбек» бағдарламасы сәтті іске асуда. 2015-2021 жылдар аралығында Қазақстанның үздік техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының қатарына облыстан 7 колледж енді. Мұнан соң, колледждердің материалдық-техникалық базаларын заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету мақсатында қолға алынған «Жас маман» жобасы аймағымыздағы 9 колледжде тиімді жүзеге асырылуда.

2020-2021 оқу жылында облыста 30 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымы,  оның ішінде 17 мемлекеттік, 13 мемлекеттік емес колледж бар. Колледждердегі барлық студенттер саны – 19775 болса, олардың 10742-сі мемлекеттік, 9033-і жекеменшік колледждерде білім алады. Сонымен қатар, сұранысқа ие 100 мамандық бойынша мамандар даярлауда  облыстағы «Жас маман» жобасы жүзеге асырылып отыр,  жобаға 9 колледж қатысады.

Тәуелсіздік жылдарынан бері білім беру саласы қиын да жауапты кезеңді басынан өткергені белгілі. Осындай сындарлы шақта өз мамандығына шын берілген ұстаздар қауымы кездескен қиындықтарды еңсеріп, бүгінгі ХХІ ғасыр ұрпақтарын тәрбиелеуде заман талабына сай жаңаша білім беру жүйесін толық меңгерген.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<