ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Сындарлы қоғамдық диалог – тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» жолдауында «қала мен ауыл мектептері арасындағы орта білім сапасы алшақтап барады.
Негізгі мәселе – ауылдық жерлердегі білікті педагог кадрлардың тапшылығы» деп атап көрсетілген еді. Ұстаздың атқаратын міндеті бір болғанымен, нәтижесі әртүрлі. Технологиялар жылдам дамыған заманда білім сапасын қамтамасыз етудегі мұғалімнің рөлін ешнәрсемен ауыстыруға болмайды. Қазіргі таңда білім саласындағы міндеттердің бірі педагог кадрларды даярлау және біліктілігін арттыру басым бағыттардың біріне айналды. Ұстаздардың біліктілігін арттыру арқылы қала мен ауыл мектептері арасындағы орта білім сапасын теңестіруге болады.
Осындай мақсаттарды орындауда «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қызылорда облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының ұйымдастыруымен орта білім мазмұнын жаңартуда тың жұмыстарды атқаруда. Биыл институтта білім беру мазмұнын жаңарту аясында өткізілген курстарға 3550 тыңдаушы қатысып, біліктілік шыңдады.
Жаңартылған бағдарламаның негізгі идеяларының бірі «Мәңгілік ел» аясында, ұлтжанды, мәдени танымы қалыптасқан әрбір азамат, бүгінгі заманауи оқыту технологиясы арқылы қазақ ұлтының тарихи құндылықтарын меңгеріп, ертеңгі ұрпақты зияткерлікке бастайтын тұлға болып қалыптасуы тиіс.
Бұл мұғалімнің ізденімпаз-шығармашыл тұлға, білікті ұйымдастырушы, өз мамандығының жетік білгірі болуына көмектеседі. Бағдарламалар ұстаз бен оқушының белсенді шығармашылық қызметін дамытуға бағыттайды. Нәтижесінде, оқушы өз бетімен сенімді жұмыс істейтін деңгейге жетуі тиіс.
Ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың дамуы білімді бағалау және пайдалану жүйесінде уақытылы өзгертіп отыруды талап етеді. Осыған байланысты оқытуда қолданылатын әдіс-тәсілдер, технологиялар жаңартылып отырады. Қазіргі таңда мұғалім мамандығын алған жас ұстаздардың жеткілікті дәрежеде сандық сауаты бар. Олар жаңа технологияның мүмкіндіктерін пайдаланатын, сандық технологияға жақын ұрпақ өкіліне жатады. Осындай мамандардың біліктілігін арттыруда Робототехника, Аралас оқыту (Blended learning) курстары да жүргізілуде.
Облыс ұстаздарының озат тәжірибесін насихаттау мақсатында наурыз-қазан айларында ұстаздар арасында бейне-сабақтардың «Педагогикалық идеялар панорамасы» республикалық байқауын жариялады. 15 қазанда байқаудың облыстық кезеңі қорытындыланады.
Бірыңғай ақпараттық-білім кеңістігінде заманауи педагогикалық тәжірибені жинақтау және насихаттау, педагогтардың АКТ құзыреттіліктерін арттыру мақсатында ұйымдастырылған байқауға 115 өтінім келіп түсті. Институттың сараптау комиссиясы материалдарды саралап, үздіктерін анықтайды.
Мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, қосымша білім берудегі заманауи технологиялар бағыттары бойынша облыс педагогтарының жұмысын сараптау нәтижесінде 21 номинация бойынша 63 жеңімпаз анықталып, бейне-сабақтары республикалық кезеңге жолданады. Республикалық кезең желтоқсан айында Алматы қаласында өтеді.
Қазіргі кезеңде мұғалімдерге шектеусіз құзыреттіліктер берілген. Шығармашылықпен жұмыс жасауға мол мүмкіндіктер бар. Сол мүмкіндіктерді пайдаланып, еліміздің келешегі үшін еңбек етіп, жан-жақты дамыған, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу – жаңашыл мұғалімнің басты міндеті болып қала бермек.
Сәкен СЕРІКБАЕВ,
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы облыс бойынша ПҚ БАИ
директорының орынбасары.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<