Ұстаз болу – үлкен жауапкершілік. Ол тек қана білім үйретуші емес, рухани тәрбиеші, адамгершіліктің үлгісі. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» демекші, әр шәкірт бойындағы қабілетті ашып, өмірге жол сілтеу – мұғалімнің басты міндеті. Оқушының жетістігі – ұстаз еңбегінің айнасы.
№286 орта мектебі – ауданымыздағы мақтанышқа айналған білім ұясы. Мектепте қолайлы жағдай жасалып, заман талабына сай жаңа технологиялар енгізілуде. Білім сапасының тұрақты артуы – ұстаздар қауымының қажырлы еңбегінің айғағы.
Оқу – өндірістік комбинат жұмысының қолға алынғаны – биылғы жылдың басты жаңалығы. Енді оқушылар біліммен қатар, практиканы қатар ұштастырып, арнайы сертификатқа ие болатыны қуантады. Бұл өзге білім ошақтарының арасындағы ең озық бастаманың бірі. Оқу комбинатының үздіксіз әрі дұрыс жұмыс жасап жатқаны – оқушылардың кәсіптік бағыт-бағдарын қалыптастыруда үлкен мүмкіндік беруде. Жыл сайын мектеп ішінде тың жобалар жүзеге асып, жас ұрпаққа жаңа бағыт-бағдар көрсетілуде.
Осындай толағай табыстардың көшбасында – мектептің тәжірибелі басшысы, білікті ұстаз, мықты мотиватор Ләззат Машбекқызы тұр. Ол кісінің басшылық қабілеті, жаңашыл идеяларды батыл енгізуі, ұстаздар қауымын ортақ мақсатқа жұмылдыра білуі – мектептің дамуына ерекше серпін беріп отыр. Бүгінгі жетістіктер мен мерейлі биіктер іскер басшылықтың және тату ұжымның ортақ еңбегінің жемісі екені сөзсіз.
Ата-аналар үшін ең үлкен қуаныш – баласының сапалы білім алып, жетістіктерге жетуі. Осы тұрғыдан келгенде, біз №286 мектеп ұжымына ризамыз. Біздің балаларымыз осы алтын ұяда тәрбиеленіп, ел ертеңіне лайық білім алып жатыр. Соның ішінде ұлым Тілесхан Алпамыс та осы мектеп қабырғасында оқып, түрлі жетістіктерге қол жеткізіп, халықаралық деңгейдегі марапаттарға ие болуы – ұстаздардың шеберлігінің айқын дәлелі.
Әрине, әрбір мектептің, баланың жетістігі ата-аналар үшін зор мәртебе. Бүгінгі кәсіби мерекеде ұстаздарға мықты денсаулық, шығармашылық шабыт, отбасыларыңызға береке-бірлік тілейміз. Сіздердің әрбір еңбектеріңіз шәкірттеріңіздің толағай табыстарымен көрініс тауып, елдің абыройын асқақтата берсін!
Мақпал АКБАРҚЫЗЫ,
ата-ана





