«Болашақтан» басталған баспалдақ

441

0

 Ширек ғасырға жуық тарихы бар «Болашақ» университеті заман талабына сай жоғары білім беретін  оқу орындарының бірегейі десек болады. Оқу орнында халықаралық талаптар деңгейіндегі оқыту үрдістері қолға алынған. Қазіргі таңда мұнда 41 бакалавриат, 6 магистратура білім беру бағдарламалары бойынша оқытылады. Сондай-ақ, биыл қаланың сол жағалауынан іргелі оқу орнының жаңа ғимараты бой көтерді.

«Болашақ» университеті осы оқу жылындағы түлектерін сол жағалаудағы жаңа оқу ғимаратында салтанатты түрде шығарып салды. Айта кетейік, биылғы оқу жылын 1656 студент бітірсе, оның ішінде 12 студент қызыл диплом иегері атанды. Түлектерге диплом тапсыру рәсіміне ҚР Президентінің кеңесшісі Б.Омаров қатысты.

Салтанатты шарада университеттің ғылыми жетекшісі Б. Досманбетов ерекше білімімен танылған қызыл диплом иегерлеріне құжаттарын табыстай тұрып, жас мамандардың елге адал еңбек етіп, жаңа ғасыр талабына сай мықты маман болып қалыптасатындықтарына сенім білдірді. Сонымен бірге, университет басшылығы тарапынан оқу орнының қабырғасында жүріп, түрлі салада жетістікке жеткен талантты, табысты студенттердің ата-аналары Алғыс хаттар иеленіп, құрметке кенелді. Сондай-ақ, «Болашақ» университеті өз түлектеріне үнемі қолдау білдіріп, олардың жұмысқа орналасу мәселесін де назардан тыс қалдырмайды.

Шара барысында жүректері алып-ұшып, жаңа өмірге қадам басқалы тұрған жас түлектерге Н.Байқадамов, Қ.Бисенов, Б.Әбді­кәрімов, Б.Сайлыбаев, И.Құт­тықожаев сынды аймақтың зиялы қауым өкілдері сәттілік тілеп, жылы лебіздерін арнады.

Арман құшағындағы албырт жастар ұстаздарына жүрекжарды алғыстарын жеткізіп, тебіреніске толы сәтті ән-жырға арқау етті.

Ғазиза Әбілда.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<