Былтыр ауыл шаруашылығы мамандығын игерген 2,5 мың түлек жұмыссыз қалған

860

0

Былтыр ауыл шаруашылығы мамандықтарын игерген 2499 түлек жұмыссыз қалған. Мұндай мәліметті Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров Мәжіліс өкілдерінің депутаттық сауалына жолдаған жауабында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ресми статистика бойынша, бүгінгі күні ауыл шаруашылығы саласындағы жұмыскерлердің жалпы саны – 1 192 585 адам, орташа жалақысы – 127 276 теңге, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің жалпы саны – 230 885. Жергілікті атқарушы органдардың мәліметтері бойынша ауыл шаруашылығы саласындағы жыл сайынғы кадр тапшылығы 2800 адамнан асады», – деп жазылған жауапта.

Министрдің дерегі бойынша, қазір ауылға агроном, зоотехник, ветеринар, инженер-механик, инженер-технолог сияқты мамандық иелері жетіспейді.

«Қалалық жерлерге қарағанда, ауылдық жерлерде жалақының төмен болуы, баспананың болмауы және әлеуметтік инфрақұрылымның нашар дамығаны оқу бітірген түлектерге еңбек өтілін ауылда өтеуге қиындық туғызып отыр. Мысалы, министрліктің дерегіне сәйкес, 2020 жылы республика бойынша ауыл шаруашылығы мамандықтарын игерген 4206 түлектің тек 2499-ы (59,4%) ғана жұмысқа орналасқан.

Осы орайда, жергілікті атқарушы органдар тарапынан оқу бітіріп, жұмысқа орналасуға келген түлектерге жағдай жасалуы қажет деп санаймыз», – дейді Сапархан Омаров.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<