Білесіз бе, Қызылорда қаласы – құрамында екі кент пен жеті ауылдық округі бар республикадағы жалғыз облыс орталығы. Бұған дейін біздің басылым тілшілері қалаға қарасты бірқатар ауыл мен «Белкөл» және «Тасбөгет» кенттерінің тыныс-тіршілігін саралап, оқырманға материалдар ұсынды, ал бүгін «Талсуат» ауылы туралы айтпақпыз.
Бүгінгі ауыл дидары
Облыс орталығы Қызылорда қаласынан 10 шақырым жерде орын тепкен бұл ауылдың тарихы тереңде. Нақты кезеңде мұнда екі жарым мыңға жуық адам тұрады, елді мекеннің жер көлемі 925 гектарды құрайды.
Мұнда ұзаған жылдың мәресінде ауылдық округ әкімінің сайлауы өтті. Сайлауға өзін-өзі ұсыну жолымен түскен үш азаматтың ішінен ел-жұрттың таңдауы Ерлан Бисенбаевқа түсті. Сөйтіп, елі байсалды, тірлігі түзу ауылға тәжірибесі мол маман әкім болып сайланды. Ол ауылдың әлеуметтік жағдайы мен даму динамикасы туралы айтып, атқарылып жатқан жұмыстарды, қолға алынған жақсы істерді көрсетті.
– Кейінгі жылдары ауылдың аумағы үлкейіп, мемлекеттік бағдарлама игілігі аясында дамып келеді. Ауызсу, жол, түнгі жарық, «көгілдір отын» мәселесі шешілді. Ал биылғы жыл басында жаңа мәдениет үйі пайдалануға берілді, – дейді округ әкімі.
Тарих – өткен күндер айнасы
Әріге бойласақ, бұл ауылдың бұрынғы атауы «Александровск» болды. Сырдария өзенінің оң жағалауына орналасқан елді мекеннің өткеніне көз жүгіртсек, патшалық Ресей кезеңіне кетеді. Нақтырақ айтсақ, бұл жерге 1853-1854 жылдары ішкі Ресейден орыс шаруалары жер аударылып келген. Кейінірек жергілікті қазақтар орыстардың еңбеккештігіне риза болып, ауылды «Александровск» деп атап кеткен. Ал патша заманында отаршыл пиғылдағы саясаттың қалай жүргізілгенін, переселендердің қазақ жеріне, оның ішінде Сырдария аумағына келгенін көзіқарақты оқырман біледі.
Қазан революциясының жеңісінен кейін ол «№18» ауыл атанған. Кеңес дәуірі кезеңінде іргесі 1929 жылы қаланған «Комсомол» ұжымшарына (қазіргі «Қызылжарма» ауылдық округі) қараған. Ал 1950 жылдары колхоздар ірілендірілген кезде «Колос» және «Комсомол» колхоздары қосылып, «Талсуат» ауылы осы колхоздың бөлімшесі болған. Сол кезеңде ауыл Тереңөзек ауданына қарады. Ал 1950 жылдары колхоздар ірілендірілген кезде «Колос» және «Комсомол» колхоздарын қосып, «Талсуат» осы колхоздың бөлімшесі болып қалған.
1967 жылы «Александровскіде» геологтар мекемесі құрылып, жеке тұрғын үйлер салына бастайды. Мекеменің өз алдына балабақшасы, дүкені, асханасы, клубы, орталық жылу мен таза ауызсу жүйелері жасалып, жас мамандар тұрақтаған. Олардың басым бөлігі өзге ұлт өкілдерінен еді.
Халық депутаттары Қызылорда облыстық кеңесі төрағасының 1992 жылдың 4 мамырындағы № 27 қаулысымен «Қызылжарма» ауылдық кеңесінің «Комсомол», «Геологтар» және «Александровск» ауылдары Қызылорда қаласының әкімшілік-аумақтық бағыныштылығына беріледі. «Талсуат» 2005 жылға дейін «Қызылжарма» ауылдық округ, құрамында болды. Қызылорда қаласы әкімдігі мен қалалық мәслихаттың 2004 жылғы 30 қарашадағы бірлескен шешімі негізінде жаңадан 2005 жылдың 5 қаңтарында «Талсуат» ауылдық округі болып құрылды. Сол жылы мұндағы тұрғындар саны 972 адамды құрады.
«Талсуат» ауылдық округі «Талсуат», «Геолог» ауылы және «№11 бекет» болып бөлінеді. Соңғы жиырма жылдан бері ауыл өсіп-өркендеді. Таратып айтсақ, 2007 жылы ауылдағы №178 жаңа мектеп, 2009 жылы жаңа ауылдық дәрігерлік амбулатория, 2014 жылы 90 орындық балабақша пайдалануға берілді. Балаларға арналған 2 ойын алаңы салынды. 5,5 шақырым болатын типтік жобадағы ауызсу құбыры тартылды. 2010 жылы Жеңістің 65 жылдық құрметіне орай «Ер есімі – ел есінде» тағзым алаңы демеушілер көмегімен салынды. 2006 жылы «Ерназар мақсұм» мешіті халық игілігіне пайдалануға берілді. Жас мамандарға арналған 4 тұрғын үй салынды. 150 орындық Мүгедектерді оңалту орталығы, 200 орындық балаларға арналған психоневрологиялық интернат үйі 2012 жылы пайдалануға берілсе, 2016 жылы «Талсуат» ауылдық округі аумағында №2 «Қызылорда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі ашылды. Осы әлеуметтік үш нысанда 850 адам қызмет атқарса, оның 251-і – ауыл тұрғындары. 2016 жылы «Талсуат» ауылдық округінде 31,5 шақырым газ құбыры тартылып, елді мекен толықтай «көгілдір отынға» қосылды.
Жеке кәсіпкер А.Керейбаева монша және шаштараз құрылысын аяқтап, 2017 жылдың желтоқсан айында халық игілігіне пайдалануға берілді.
Инфрақұрылым игілігі
Қай елді мекен болсын бірінші кезекте жол, түнгі жарық мәселесі өзекті екені белгілі. Биылғы жылы ауылдағы С.Нұрмағанбетов, Ақмешіт, Атырау және Құмкөл көшелеріне жаяу жүргіншілер жолы салынды. Ал түнгі жарық бағаналарын орнатуға биыл бюджеттен 4 млн 317 мың теңге қаражат бөлініп, жылдың екінші тоқсанында Сейхун және Ақтау көшелеріне жарық бағаналары орнатылған. Ауыл әкімінің айтуынша, қаржы толық игеріліпті. Бұған қоса, елді мекендегі көшелердің түнгі жарық бағаналарын (барлығы 214 бағана) күтіп-ұстау жұмыстарына 11 млн теңгенің үстінде қаражат қаралған. Абаттандыру жұмыстарын жалғастыру мақсатында «Талсуат» ауылындағы балалардың ойын алаңына 2 млн 881 мың теңге бөлініп, жөндеу жұмыстар жүргізілген.
Айта кетейік, былтыр тұрғындардың сұранысына сәйкес ауылдық округтегі 8 көшеге асфальт төсеу жұмыстары жүргізіліп, 2 көшеге жарық бағанасы орнатылды. Сондай-ақ 13 көше электр желісімен жабдықталыпты. Алдағы уақытта тағы 5 көшеге түнгі жарық жүргізу жоспарланып отыр. Бұл жобаның құны – 51 млн 980 мың теңге. Қаржы бөлінсе Ақмешіт, Астана, Алматы, Отырар және О.Сауытбаев көшелеріне түнгі жарық орнатылады.
Сондай-ақ жоба-сметалық құжаттары әзірленген 4 көшеге тротуар жүргізу жұмысына тиісті басқармаға бюджеттік өтінім ұсынылып, қаржы бөлінуі күтілуде. Бұл жобаның құны – 53 млн 911 мың теңге.
Кәсіп түбі – нәсіп
Қуаныштысы, кейінгі жылдары аймақтың көптеген елді мекенінде шағын кәсіпкерлік дамып келеді. Сапарға шыққанда оған өзіміз куә болып жүрміз. Бүгінгі таңда ауылдық округ бойынша 180 шағын кәсіпкерлік нысан жұмыс істеп тұр. Оның 7-уі ЖШС, 5-уі шаруа қожалығы, біреуі АӨК, қалған 167-сі жеке кәсіпкер. Жыл басынан бері жаңадан 4 кәсіпкерлік нысан тіркелген.
«2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» шеңберінде атқарылған жұмыстардың нәтижесінде «Микробизнес-Қызылорда» несие ұйымы арқылы 1 кәсіпкер «Іскер» бағдарламасымен 5 млн теңге, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы 1 кәсіпкер 4,8 млн теңге несие алып, есепті мерзімде осы 2 азаматтың 9,8 млн теңге жобасы қолдау тапты.
Ал қайтарымсыз грант бойынша (көлемі 400 АЕК) 2 жоба қолдау алды. Жоба құны 2 млн 953 мың 600 теңге (МІҚ мал басын көбейту, кондитер өнімдерін шығару). Мемлекеттік бағдарлама игілігінен бұл ауылдың тұрғындары да шет қалып отырған жоқ деген сөз. «Кәсіпкерлік саласын дамыту тұрақты назарда» дейді ауыл әкімі. Мәселен, былтыр ауылдың 4 тұрғыны грант иегері атанып, түрлі мемлекеттік бағдарламалар аясында 13 жоба қаржыландырыпты. Бұл жобалардың ішінде клиника, жылыжай құрылысын жүргізу, мал басын көбейту және жүк тасымалдау жобалары қамтылған.
Жақында ауылда қолғап шығаратын және киім тігетін цех ашылмақ. Бұған қоса, кәсіпкер Қайрат Қуанышбаев ет өнімдерін өңдеу өндірісін қолға алыпты. Бұл жобалардың қолданысқа берілер күні алыс емес. Ал өткен жылы жеке кәсіпкер Дөңес Күншығаров «Микробизнес-Қызылорда» өңірлік инвестиция орталығы арқылы 7,5 млн теңге қаржы алып, жылыжай құрылысын салды. Бүгінгі таңда ол көкөніс егумен айналысуда. Ал Жанат Тоқмейілова («Нұрай» ЖК) өткен жылдың желтоқсан айында «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 7 млн теңге жеңілдетілген несие алып, мал басын асылдандыру (мүйізді ірі қара) жобасын жүзеге асырып жатыр. Айта кетейік, нақты кезеңде ауылдағы мал саны 2790 басты құрап, өткен жылмен салыстырғанда 1,3 пайызға өскен.
«Есепті мерзімде мемлекет тарапынан 18 отбасына (199 адам) 2 млн 865 мың теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Сонымен қатар, жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен әлеуметтік жағынан аз қамтылған 30 отбасына азық-түліктей және басқа да қолдау шаралары ұйымдастырылды» дейді Е.Бисенбаев.
Ауылдық округте экономикалық белсенді халық саны 1115 адамды құрайды. Оның ішінде өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандар саны – 190 адам.
Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатыстыру арқылы жұмыссыз 10 адам қоғамдық жұмысқа жіберілсе, 3 адам жастар практикасына, 5 азамат «Күміс жас» бағдарламасымен қамтылды. 20 азамат тұрақты жұмысқа орналасып, жұмыссыздар саны 5 адамды (0,5 %) құрап отыр.
Ауылдық округтегі тұрғындардың рухани байлығын дамыту мақсатында мұнда бір клуб пен 11 мыңға жуық кітап қоры бар кітапхана жұмыс істеп тұр. Олар биылғы ақпан айында қолданысқа берілген мәдениет үйі ғимаратында орналасқан. «Талсуат» ауылдық клубы» МҚК-нің меңгерушісі Айнагүл Жайдариеваның айтуынша, өскелең ұрпақтың уақытты тиімді пайдалануы үшін барлық жағдай жасалған. Клубта 6 үйірме тұрақты жұмыс істейді. «Жас дәурен» мен «Әсем әуен» дәстүрлі ән үйірмесі, «Ақкербез» би және «Алақай» балалар қуыршақ-драма, көркемсөз үйірмесі, «Ісмер» қолөнер үйірмелерінде барлығы 103 бала бар. Сонымен қатар «Ақ әже» ансамблі, «Талсуат еріктілері» тобы да өз жұмысын жүргізіп келеді.
Иә, «Талсуатта» қай жағынан қарасақ та алға адымдап өркендеу бар.
Дәуіржан АЙБОЛАТҰЛЫ,
Суреттерді түсірген
Нұрболат НҰРЖАУБАЙ
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<