2021 жылдың 1 қаңтарынан дене шынықтыру мұғалімдерінің айлығына жаңа қосымша ақы тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлім етті.
«2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап балабақшалар, мектептер мен колледждердегі дене шынықтыру мұғалімдерінің айлығына жаңа қосымша ақы тағайындалды. Енді дене шынықтыру мұғалімдерінің еңбекақысына ай сайын қосымша 17 697 теңге төленетін болады. Осы ретте дене шынықтыру мұғалімдерінің функционалы кеңейіп отыр» деп жазды министр Facebook парақшасында. Оның атап өтуінше, мұғалімдер әдетте өткізетін дене шынықтыру сабақтарынан бөлек, қосымша спорттық-сауықтыру сабақтарын, яғни секциялар өткізетін болады. Әр мұғалім қосымша секциялық сабақтар өткізеді, сәйкесінше балалар мектептегі қажетті жабдықтарының болуына байланысты түрлі спорт секцияларына қатыса алады. «Балаларды спорт секциялары арқылы қосымша сабақтарға тарту – салауатты өмір салтын қалыптастыру, білім алушыларды спортқа баулу және олардың денсаулығын нығайту бойынша берілген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларының шеңберінде басқа да кешенді шаралар қабылданады»,- деді Асхат Аймағамбетов.
Естеріңізге сала кетсек, Президент тапсырмасы аясында 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап педагогтердің жалақысы тағы 25 пайызға өсті. Сонымен қатар біліктілік санатына қарай мұғалімдер еңбекақының 30-дан 50 пайызға дейінгі көлемін қосымша ала алады. Пәнді ағылшын тілінде жүргізгені үшін, дәптер тексергені үшін, сынып жетекшілігі үшін де төленеді. Мұнан бөлек магистрлік дәрежесі үшін 27 мың теңге көлемінде қосымша төлем енгізілді.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<