Фото: Pexels
Денсаулық сақтау министрлігі қызылша жұқтырған науқастармен байланыста болған әрі қызылшаға қарсы екпе алмаған оқушыларды қашықтан оқуға жіберуді ұсынып отыр, деп хабарлайды Kazinform.
«Бүгінгі таңда білім мекемелеріне барып жүрген балалар арасында қызылша жұқтыру фактілері тіркелген. Қазіргі ахуал бойынша, республикада карантинге жабылған мектеп жоқ. Білім ұжымдарында аурудың таралуын болдырмау үшін қызылша жұқтырғаны дәлелденген науқастармен байланыста болған, қызылшаға қарсы екпе алмаған оқушыларды онлайн оқуға жіберу ұсынылады», – делінген министрліктің редакция сауалына жолдаған жауабында.
Ведомство мәліметінше, Алматы қаласындағы мектеп басшылығы қызылшаның көп тіркелуіне байланысты екпе алмаған балаларды онлайн оқуға жіберу жөнінде шешім қабылдаған.
«Қызылшамен ауырғандардың 60% – екпеден бас тартқандар. Осыған байланысты баласына екпе салдырудан бас тартқан ата-аналармен түсіндіру жұмысы күшейтілді. Бүгінгі таңда 9 мыңдай бала жоспарлы алдын алу екпесін алмаған. Қазір олармен вакцинаның маңызы туралы түсіндіру жұмысы жүргізіліп жатыр. Осы жұмыстың арқасында биыл 3 мыңнан астам бала екпе алды», – деп жазылған жауапта.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<