Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды. Алдағы уақытта NIS ұжымы университеттің оқыту бағдарламаларын әзірлеуге көмек көрсетіп, заманауи педагогтарды даярлау үшін ықпалдасатын болады.
Университеттің білім беру бағдарламасы жұмыс берушінің талаптары мен ұсыныстары ескеріліп құрастырылатын болады. Алдағы уақытта пән оқыту әдістемесі бойынша мектептің практик мамандарын университетке шақырту арқылы педагогтарды даярлауда бірлескен шараларды өткізу жоспарланған.
Айта кетейік, Назарбаев Зияткерлік мектебі бұған дейін де Қорқыт ата атындағы университетпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасап келді. Мектеп жанынан «Химия, биология, география» және «Физика мен математика» кафедраларының филиалдары ашылып, профессорлар балалардың ғылыми-зерттеушілік қабілетін арттыруға үлес қосқан.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<