ІІ тоқсанда контингенті 300 оқушыға дейінгі қалалық және ауылдық мектептер дәстүрлі оқыту форматына көшіріледі. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың Сенат депутаттары сауалына берген жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Айта кетерлігі, Сенат депутаттары контингенті 181-ден 600 адамға дейінгі, бір сыныптағы балалардың саны 15 оқушыдан аспайтын ауылдық жерлерде орналасқан мектептердің жұмысын кезең-кезеңімен қайта бастауға қатысты депутаттық сауал жүолдаған еді.
«Үкімет мектеп оқушыларын қашықтан оқытуға көшіру туралы шешімді факторлар кешенін, оның ішінде мектеп оқушылары арасында COVID-19-дың таралуының эпидемиологиялық тәуекелдерін, бастауыш сынып оқушыларының қашықтықтан оқытуға бейімділігін, мектептердің шамадан тыс тығыздалуын қоса алғанда, материалдық-техникалық жарақтандырылуын ескере отырып қабылдады. Мектептерде балалар арасында сырқаттанушылықтың алдын алуына бағытталған негізгі шаралар сыныпта және мектепте көп жиналуға жол бермеу, оқу және үзілістер кезінде қашықтықты сақтау мүмкіндігі, мектепте маска режимін және эпидемияға қарсы қатаң шараларды сақтау болып саналады. Бұл ретте, оқушылардың, әсіресе орта және жоғары сынып оқушыларының мектепте көрсетілген талаптарды сақтауын қамтамасыз ету айтарлықтай күрделі. Бұдан басқа, карантин режимінің белгіленген талаптары сақталмаған кезде жабық үй-жайларда балалардың көп шоғырлануы аурудың таралу қаупін тудырады», – дейді Үкімет басшысының орынбасары депуттарға қайтарған жауабында.
Сонымен қатар ол бастауыш сынып оқушылары ата-аналарының өтініштері бойынша санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып, кезекші сыныпта білім алып жатқанына назар аудартады. Бұл ретте сыныпты 15 баладан кіші топтарға бөлу, ауысымдар мен кіші ауысымдардың санын ұлғайту, кабинеттік жүйені алып тастау, әр түрлі уақыттағы үзілістер, біржақты қозғалыс жүйесі, кіреберісте күнделікті температураны өлшеу, сыныптағы балалардың жай-күйін бақылау, желдету, кварцтау, үй-жайларды ылғалды жинау, медициналық кабинеттер мен изоляторлардың үздіксіз жұмыс істеуі, мектепте қатаң маска режимі қамтамасыз етілген.
«Бұдан басқа, жіті респираторлық инфекциялардың күтілетін ағымдық жағдайында ұйымдастырылған жабық ұжымдарды қалыптастыру коронавирустық инфекцияның берілу тәуекелін едәуір арттыратынын атап айту керек, бұл инфекцияның білім алушылар, педагогтар мен ата-аналар арасында тез таралуына әкелуі мүмкін. Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігі барлық мектептерді штаттық оқыту форматына көшіруді ерте деп санайды. Бүгінгі күні бірқатар шет елдерде (Германияда, Ресейде, Англияда, Польшада, Францияда, АҚШ-та, Оңтүстік Кореяда, Үндістанда) күндізгі оқу кезінде коронавирустың тез таралуына байланысты мектептер карантинге жабылуда», – дейді ол.
Үкімет басшысы орынбасарының дерегінше, осы жылғы 25 қазанда елімізде оқушылар арасында COVID-19 ауруының 298 жағдайы тіркелді. Оның 127-сі офлайн режимде және 171-і қашықтан оқыған.
«ҚР аумағында коронавирустық инфекцияның пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия 2020 жылғы 26 қазанда 2020-2021 оқу жылының екінші тоқсанынан бастап контингенті 300 оқушыға дейінгі қалалық және ауылдық мектептерді дәстүрлі оқыту форматына көшіру, ата-аналардың өтініші бойынша жалпы білім беретін мектептерде 1-ден 5-сыныпқа дейін, халықаралық мектептерде 7 сыныпқа дейін кезекші сыныптарда оқытуға рұқсат ету туралы шешім қабылдады. Білім беру процесінің сапасын қамтамасыз ету, қашықтықтан оқыту кезеңінде балалардың біліміндегі ықтимал олқылықтардың орнын толтыру мақсатында Білім және ғылым министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп негізгі пәндер бойынша білім қималарын диагностикалау, балалардың оқу жетістіктерін ата-аналарға түсіндіру, артта қалған оқушылар үшін жеке консультациялар, каникулдық мектептер және ата-аналар мен балалардың қалауы бойынша консультациялық онкүндіктер өткізу бойынша жұмыс жүргізуде», – дейді Ералы Тоғжанов.
Премьер-Министр орынбасары еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі халық арасында, оның ішінде мектеп оқушылары мен білім беру ұйымдарының персоналы арасындағы сырқаттанушылыққа күнделікті талдау жүргізетіндігін, мектептердің карантин режимінде жұмыс істеуге дайындығын бағалайтындығын атап өтеді.
«Осының бәрін ескере отырып, ДСМ мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, қаулыға контингенті 300 оқушыға дейінгі қалалық және ауылдық мектептерді дәстүрлі оқыту форматына көшіру, 1-5 сыныптардың кезекші сыныптарында (ата-аналардың өтініші бойынша), халықаралық мектептерде 7 сыныпқа дейін (2020-2021 оқу жылының екінші тоқсанынан бастап) оқытуға рұқсат ету бөлігінде өзгеріс енгізеді», – дейді Үкімет басшысының орынбасары.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<