Ендігі меже – дұрыс таңдау жасау

908

0

Еліміз бойынша ҰБТ 21 маусым – 1 шілде аралығында өтті. Сала мамандарының айтуынша, биыл ҰБТ-ға қатысуға рекордтық көлемде өтініштер қабылданған. Нақты айтқанда, 131 754 өтініш тіркелген, оның 111 113-і яғни, 82 % -і биылғы мектеп түлектері. Өткен жылы бұдан 12 % төмен болған еді.

Биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеу 161 пунктте жүр­гізілді. Тестілеудің әділ өтуін қадағалау мақсатында қалалар мен өңірлерге Білім және ғылым министрлігі тарапынан 1983 өкіл жіберілді. Сонымен қатар, ҰБТ-ның өту барысын Сыбайлас жемқорлыққа қар­сы агенттік, Үкіметтік емес ұйым мүше­лері, БАҚ, «Адалдық алаңы» жоба­лық кеңселерінің өкілдері мен қоғам белсенділері сияқты арнайы мо­ни­торингтік топқа мүше 510 адам бақылады.

Ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысы бойынша тестілеуге тіркелген талапкерлердің 92%-тен астамы қатысқан. Оның ішінде шекті балды жинаған талапкерлер саны – 82 154. Жалпы республика бойынша орташа көрсеткіш 64,06 балды құрады. 

Биылғы ҰБТ-дағы ерекшелік – талапкерлерге калькулятор қолдануға рұқсат етілді, тестілеу уақыты ұзартылды. Сондай-ақ, бітіруші түлектер қорытынды мектеп емтихандарынан босатылды. ҰБТ жүргізілген аудитория арнайы бейнебақылау камераларымен жабдықталған болатын. Нәтижесінде 9,5 млн-нан астам адам ҰБТ өткізілу барысын онлайн режимде бақылады. Ережеге сәйкес 2020 жылғы 25 тамызға дейін бейнежазбалар жіті тексеріледі. Егер бейнежазбада тест тапсырушының тыйым салынған заттарды қолданғаны анықталса, оның ҰБТ-да алған нәтижесі жойылады.

Барлық ҰБТ өткізу пункттерінде сақтық шаралары күшейтіліп, меди­ци­налық-санитарлық нормалар қатаң сақталды. Әрбір қатысушы дезин­фекциялаудың 5 кезеңінен өтті. Аудиториялар тек 35%-ке дейін қамтылды, яғни 10-18 адам отырғызылды. (Бұрын 50 адамға дейін отырғызылатын).

Биыл алғаш рет электрондық үкімет базасы арқылы Face ID жүйесі пайдаланылды, осы арқылы ҰБТ тапсыруға басқа адамның кіру әрекеті  айтарлықтай төмендеген. Мысалы, биыл 7 мектеп түлегі өз орнына басқа адамды жібермек болғаны анықталған. Өткен жылы мұндай әрекет бойынша 34 жағдай орын алған болатын. Сонымен қатар, 119 тестіленуші денсаулығына байланысты ҰБТ тапсырған жоқ. Олар үшін 19 шілдеге дейін тестілеу ұйымдастырылатын болады.

Жалпы ҰБТ қалыпты деңгейде өтті. Ал келесі ұлттық бірыңғай тестілеу  тамыз айында өтеді. Одан шекті балл жинаған талапкерлер ЖОО-ның ақылы оқу бөліміне түсе алады. Бұл орайда биылғы жылдың қаңтар айында өткен ҰБТ-ның сертификаты жарамды.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<