Бүгінгі заман – ақпарат дәуірі. Жаңалық ашу, жаңалықты жеткізу, өндірістік технологияны қарқынды дамытуға, өндірісті ұлғайтуға, өнім шығаруды арттыруға, табыс көзін көбейтуге мүмкіндік береді.
Сондықтан ақпарат – аса көп ресурстарды, оның ішінде еңбек күші мен ой-сана еңбегін жұмсамай-ақ қаржыны үнемдеу мен одан әрі көбейту көзіне айналды. Азаматтардың өнеркәсіпті дамытуға, шығынды азайтуға, өмірді жақсартуға арналған жаңалықтары елімізге де, оның авторына да пайда әкелуге тиіс екені белгілі.
Ол үшін отаншылдық, отансүйгіштік қасиеттерімен қоса қауіпсіздік шараларын күшейту аса маңызды. Ал жастарды отаншылдыққа тәрбиелеу отбасынан, балабақшадан басталуы тиіс.
Осы себепті Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған мақаласында еліміздің басты құндылықтарына дәл уақытында баса назар аударды. Мемлекет басшысының елді сүю, жерді сақтау, қазақтың тілінде сөйлеу және әр азаматтың елдің дамуына атсалысуы турасында айтқаны өте маңызды.
Әрбір халықтың құндылығын құрайтын мәдениеттің түп-тамыры осы елдің пайда болу және қоғамдық даму барысында қалыптасқан салты мен дәстүріндегі ұстанған заттарында жатқаны белгілі. Жалпы барлық отбасының ұстанатын өзіндік қағидалары, дәстүрлері бар және ол дәстүрлер белгілі бір құндылықтар жүйесіне сүйенеді. Дәл осы құндылықтар арқылы отбасының қандай үлгіде екенін анықтауға болады.
Сыр өңірінде отбасы институтындағы дәстүрлі мәдени құндылықтарға негізделген қарым-қатынастар қазіргі қоғам аясындағы жаңа әлеуметтік-экономикалық жағдайлармен үйлесе отырып, дұрыс бағытта дамып келе жатыр.
Қазіргі кезде жаһандану құбылыстарының ауқымы, әлеуметтік дүниенің жаңғыру мен жаңару үрдістері пәрменді түрде кеңейіп келеді. Осы тұрғыда Сыр бойы қазақтарының санасындағы құндылықтық-идеялық ұстындардың қалыптасуы және жаһандану жағдайындағы жаңаруының салт-санамен ортақ тұстарына баса назар аударуға болады. Себебі, рухани кеңістікте ұлттық мәдениетіміздің төлтумалық мәйегі, дәстүрлі жәдігерлері барынша бірегейлікпен сақталған. Осы тұрғыдан алғанда эстетикалық құндылықтарға негізделген ұлттық болмысымыздың басымдық танытатын мәдениетке толықтай жұтылып кетпей әрі қарай өрбуі ұлттық келбеттің болашағы үшін маңызды. Осы мағынадағы әлеуметтік қауіптер мен келешекке деген күмәнданулардың бар екені анық.
Әрине, жаһанданудың сын-қатерлері кез келген әлеуметті қыспаққа алады, оның ішкі әлеуетін өзіндік сынақтардан өткізеді.
Сыр өңірі халқының жаһандық ақпараттық-коммуникациялық желіге қатысуы бұл – басқа адамдармен және мәдениеттермен байланыс орнатудың мүмкіндігі ғана емес, сонымен бірге өсіп келе жатқан әдеттер желісі және жаңа құндылықтардың тасымалдануы. Сондықтан бізде де коммуникациялық қатынастар жаңа құндылықтық жүйелердің орнығуына байланысты күрделене түсуде.
Дегенмен жаһандану үдерісі – ешкім де тоқтата алмайтын өсімтал әрі жанды құбылыс. Дүниені жайлаған біртұтас ақпарат толқыны, ғаламтор мен әлеуметтік желі түрлері, осы үдерістің жағымсыз әсерін жеделдете түседі. Оның нәтижелері әлемдік экономикаға ғана емес, әр ұлттың сәулет өнері мен этнографиясына, әдебиеті мен мәдениетіне, тілі мен тұрмыстық салт-дәстүрлеріне ықпал етпей қоймайтыны анық. Бұған қарсы тұратын жалғыз күш – ұлттық иммунитет қана.
Ұлттық менталитетін берік сақтаған ел ғана жаһанданудың жойқын шабуылына тосқауыл қоя алады. Сонда ғана дамыған елдердің дабырына еліккен тобырлық мәдениетті емес, заманауи экономика, сандық технологияға көшкен күрделі ақпараттық қоғамда ғаламтор мен әлеуметтік желілерді тиімді пайдаланып, құндылықтарымызды сақтап және тасымалдай аламыз.
Өз құндылықтарымызды сақтап қала білгеніміз – біздің басты жетістігіміз. Құндылықтар объективті жүріп жатқан мәдени даму үдерісінің мән-мағынасы мен бағыт-бағдарын нақтылап отырады.
«Еңбек қылмай ер, бірлік қылмай ел биікке шықпас» дейді халық даналығы. Еңбек етіп, маңдай терлетсек, береке-бірлікті сақтасақ, аймағымыз ажарланып, ырысымыз молайып, табысымыздың арта түсері сөзсіз. Бұған баршамыз мүдделіміз. Аймақтағы дағдарысқа қарсы шараларды жүзеге асыруда бірлесіп, тізе қосып, ынтымақтасып атқарар шаруаларға өңірдің ғылыми қауымдастығы да өз ықпалын тигізуде. Себебі елімізде ғылым мен білім сапасын арттыру тұрғысындағы бағыт-бағдар нақтыланған.
Президент 2025 жылы елімізде ғылымға бөлінетін қаржы жалпы ішкі өнімнің 1%-не тең болатынын айтты. Осы ретте өңірдегі ғылыми зерттеулерді қаржыландыруды жүйелеп, әрбір ғылыми жұмысқа қатаң талап қойылуға тиіс. Сондай-ақ оның нақты әлеуметтік-экономикалық, өндірістік және техникалық қайтарымы болуы қажет.
Соның ішінде өңірлік ғылымды дамыту үшін химия-биологиялық зерттеулер, агроөндірістік ғылым, «жасыл» технология, жасанды интеллект, энерготиімділік сияқты салаларға ерекше мән беріп, қаржы бөлу керектігі нақтыланды.
Дәл осы зерттеу бағыттары болашақта өңіріміздің даму нүктелеріне, ғылымды қажет ететін экономиканың қозғаушы күшіне айналатыны сөзсіз. Ұлттық инновациялық жүйенің даму дәрежесі өз кезегінде тұрақты экономикалық өсудің негізін құрайды. Осы орайда өңіріміздегі білім мен ғылымның флагманы – Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті экономиканың дамуына нақты үлес қосатын жобаларды дайындады.
Қазір экономиканы адекватты кадрлық ресурстармен қамтуға кедергі келтіретін, еңбек ресурстарының ағылуына және жеке тұлғаның өмір сүру сапасына, экономикалық жағдайына әсер ететін бірқатар жүйелік алғышарттар мен қауіп-қатерлер бар. Негізгі факторларды екі категорияға бөліп қарастыруға болады.
Алғашқысына, мамандарды дайындауға деген талаптардың сипаты мен жылдамдығын өзгертетін объективті жаһандық трендтер кіреді. Мәселен, кәсіптерді өзгертіп, жоятын, тіпті, жаңа мамандықтардың пайда болуына алып келетін технологиялық өзгерістердің үдемелі жылдамдығы, толассыз цифрландыру сияқты. Екінші категория бірінші санаттан шыққан факторларға жауап бере алмаудан туындайтын жағымсыз салдарды білдіреді. Мысалы, кадрлар қажеттілігін болжау жүйесінің жоқтығы, біліктілік теңгерімсіздігі, жұмыс күшінің еңбек дағдыларына және классикалық білімнің еңбек нарығының сұранысына сәйкес келмеуі.
ХХI ғасыр адам өмірінің әртүрлі саласына жаңалықтар енгізіп қана қоймай, жаңа мамандықтарды да ала келді. Адам баласы ХХ ғасырда қажетсінбеген, тіпті білмеген түрлі мамандықтар пайда болуда. Ол негізінен ақпараттық технологиялардың ұшқыр дамуына, қызмет көрсету және саладағы еңбекті жіктеу ережесінің түрленуіне байланысты. Бүгінде жаңарған қоғамға сәйкес мамандықтар ролі сапалы өзгеріске ұшыраған. Енді олар бұрынғыдай тұрақты табыс көзі ғана емес. Әрине, бұл бүкіл әлемнің даму үрдісі ретінде жаһан жылдамдығын одан әрі күшейтіп, аса күрделі құралдар мен жабдықтар дамып келеді, әлеуметтік-саяси жүйе өзгеруде. Осы құндылықтар өзгерістері мен жаңалықтардың барлығы еңбек нарығына әсер етіп, оған жағдай жасайды.
Демек мұндай өзгерістерден кейін жұмысқа қойылатын және тұлға факторына қатысты талаптар да өзгереді. Әлемнің әлді мемлекеттерімен иық тіресуіміз керек, алайда оған біздің әлеуетіміз бен әдепкі дайындығымыз қандай?
Әлем тез дамып келеді. Жаңа мамандықтар пайда болып жатыр. Соның көбі біздің қоғамға бейтаныс. Ал қазіргі жастар жаңа салада жұмыс істегісі келеді. Жаңа заманның талабына сай маман атану табысқа жеткізеді. Демек, біз өңіріміздегі мамандықтарды таңдау барысында болашақта азаматтарды жұмыссыз қалдырмауға әрекеттенуіміз керек.
Осы себепті Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ғалымдары еңбек нарығына талдау жүргізді, білім беру саласындағы мамандарды тарта отырып, көптеген жаңа білім беру бағдарламаларын қайта қарады және жасады. «Агрохимия және агроөнеркәсіп», «Сандық журналистика», «Пилотсыз авиациялық жүйелер», «Қаржы технологиялары», «Менеджменттегі цифрлық трансформация», «Бизнес аналитика», «Сандық дизайн» атты жаңа білім беру бағдарламалары әзірленді.
Нарықтық экономика жағдайындағы тұлғаның құндылықтарға бағдарлануының дамуы əртүрлі, бірақ өзара байланысты процестермен катар дамып отырады. Бұл мәдени ахуал мен жағдайды кемелдендіруге өзіндік септігін тигізіп қана қоймай, сонымен қатар қоғамдағы құндылықтар мәдениетінің қажетті деңгейде қалыптасуына игі ықпалын тигізіп, болашақтағы ұлттың эстетикалық жетілуі мен қоғамның бірігуі үшін қазіргі әлеуметтік саланың жаңаруы мен өзгеруі кезеңінде үлкен маңызға ие болады.
Жарқынбек Әбікенов,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің кафедра меңгерушісі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<