Еліміздің шекара маңындағы ауыл мектептері жабылмайды. Бұл Үкімет отырысынан кейінгі брифингте Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев айтты.
– Ауыл мектептерінің саны 5 мыңнан асады. Шағын жинақты мектептер саны – 2700. Оның ішінде кіріктірілген сыныптармен, яғни, 10-20-30 бала оқитын мектептердің саны мыңға жуықтайды. Шағын жинақты мектептердің көпшілігі шалғай ауылдарда орналасқан. Шекара маңындағы мектептердің де есебін жүргізіп отырмыз. Біздің ұстанымыз – шекара маңында орналасқан мектептерді қандай жағдайда да сақтап қалу. Яғни, оларды жаппау тұрғысында әкімдіктерге өз ұстанымызды айтып отырмыз, – деді министр БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Сонымен қатар ол бұған дейін ауыл тұрғындарының көшіп кетуіне байланысты мектепте оқитын бала болмағандықтан олардың жабылу деректері болғанын айтты. Бірақ, нақты санын атай алмады.
– Қазір мұндай деректер қолымда жоқ. Жалпы, жыл сайын есеп жүргізіліп отырады, – деді Ғани Бейсембаев.
Бұған дейін министр ауыл мен қала мектептері арасындағы білім алшақтығы азайып келе жатқанын айтты.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<