Ғылымды дамытуға не кедергі?

2124

0

Әлемдегі экономикалық тұрғыда дамыған елдердің артықшылығы – білім, ғылым және жаңа технологиялар. Еліміз де ғылым дамудың жаңа деңгейіне түбегейлі шығуы қажет. Себебі, ғылымы жоқ елдің болашағы бұлыңғыр. Саланы дамыту мен ғалымдарды қолдауға қатысты нақты, жүйелі саясат пен оны тиімді басқаратын құзырлы құрылым әлі қалыптаспай келеді. Ғылымның әлеуетін арттыруға не кедергі?

«Елге оралмайтын шығармын»

Өткен жылы «Orda.kz» басылымында Әйгерім Қарина есімді жас ғалыммен сұхбат жарық көрді. Стокгольм университетінің PhD студенті Германиядағы зарядталған бөлшектер үдеткіші аталатын құрылғыда химиялық физика саласында зерттеулермен айналысады. Әлемде оннан астам ғана данасы бар құрылғымен жұмыс жасайтын Әйгерімнің ғылым туралы ойлары бірден назарымызды аударған.

Жас ғалым өзі таңдаған саламен айналысуға мүмкіндігі болмағандықтан Қазақстанда қала алмағанын айтады. Әлемде бөлшектердің үдеткіштері санаулы ғана. Сондықтан, ғалымдарға сондай құрылғылармен байланысы бар университетті таңдауға тура келді. Қазақстаннан мұны жасау өте қиын және қымбат. Оған қоса, халықаралық академиялық байланыстар болуы керек.

Сондай-ақ, жас ғалым қазақ ғылымының басты проблемасы ретінде КСРО кезінен қалған консерватизмді атаған. Мысалы, әлемдік тәжірибеде түрлі журналдарда ағылшын тілінде мақала жазу әдетке айналған. Ал, Қазақстанда мақала жергілікті басылымдарда орыс немесе қазақ, көбіне орыс тілінде жарияланады. Сондықтан, елдегі ғылыми жаңалықтарды әлемде ешкім білмейді, ғалымдар танылмайды.

– Бізде жақсы ғалымдар өте аз. Ғылымда бірлесе жұмыс істеу керек, ешкім өзімен өзі бола алмайды. Өйткені ашқан жаңалықтарыңызды ешкім білмейді. Ғылыммен айналысқан адам ел таңдамайды, ресурстар бар жерге барады. Мен Стокгольмде академияда қалғым келеді. Қазақстанға оралмайтын шығармын, ол жақта үдеткіштер жоқ, – дейді Әйгерім Қарина.

Бұл ғылымның бір ғана саласына қатысты мысал. Ал, өзге салаларда жағдай мүлде басқаша деп айта аламыз ба? Өзінің саласында жетістікке жету үшін елден кетуге мәжбүр болатындар өте көп. Мысалы, «Ranking.kz» мәліметінше, 2020 жылдың өзінде еңбек тәжірибесі 15 жылдан асатын 11,4 мыңға жуық маман Қазақстаннан кеткен. Олардың арасында 561 дәрігер, 3331 техник, 1064 мұғалім бар.

Статистикаға қарасаңыз, жыл сайын осыншама білікті маман елден кетіп жатыр. Сонда қазақ ғылымының көсегесі қалай көгереді деген ойға келесіз. Шынымен де, қазақ ғылымын өзгелермен терезесі тең дәрежеге жеткізуге не кедергі?

Университет қалаға айналуы керек

Пандемия адамзаттың тағдыры ғылымның қолында екенін тағы бір дәлелдеп берді. Бүгінде оқу, білім мен ғылым – экономиканың негізі, қоғамның негізгі байлығы. Сондықтан ғылымға өте көп қаржы салынуы керек. Елімізде оқу, мектеп пен университет, тіпті, зертхана бар. Бірақ, қазіргі заманға сай мазмұнды, сапалы оқу жоқ. Неге?

Мәселенің бір шеті университеттік білімге барып тіреледі. Біріншіден, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы аумалы-төкпелі кезеңде білікті мамандардың көбі елден кетіп қалды. Осылайша саладағы сабақтастық үзілді. Оған қоса, университеттерімізде мықты ғалымдарды арнайы шақыру үрдісі жоқ. Анығында білімді профессор береді. Ал, бізде шақырылған мұғалімдер мүлде жоқ деуге болады.

Екіншіден, университеттік білімге қатысты қоғамда теріс пікір тудырып отырған тағы бір үрдіс бар. Мысалы, бір лауазымды қызметке тағайындалған адам туралы ақпарат жарық көрді делік. Оның өмірбаяны, білімі мен еңбек жолына қарасаңыз, еріксіз таңғаласыз. Екінің бірінде жаңа лауазым иесі журналист, заңгер, экономист деген секілді 4-5 мамандық бойынша диплом алған болып шығады. Бір-екеуінен магистр дәрежесі бар, тіпті ғылым докторы атанып үлгерген, яғни, құжат жүзінде сол салалардың барлығын жетік біледі деген сөз. Бұл саладағы өтірікті көрсетеді. Еліміз ел болуы үшін ілім-білімге жетік, технократ болуы керек десек, мұндай жағдайлар сол ізгі мұратқа кесірін тигізеді. Сыбайлас жемқорлық түбі де осы жерден шығады.

Салалық министрлік тарапынан білім сапасы төмен университеттерге қатысты шаралар қабылданып та жатыр. Мысалы, өткен жылдың соңында осы бағытта тиісті білім сапасын қамтамасыз ете алмаған 41 университеттен 500 лицензия қайтарып алынған. Ал, 15 университет толығымен жабылды. Оларда оқыған 100 мыңнан астам студент басқа оқу орындарына ауысты. Сонымен қатар, колледждерден 2 мыңнан астам лицензия қайтарып алынып, 30 колледж толықтай жабылған. Мәселеге қатысты Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов тәртіп пен білім сапасы басты орында екенін айтқан.

– Бұл бағыттағы оңтайлы қадамдар экономикамыздың, әлеуметтік саланың дамуына үлкен септігін тигізеді. Ең бастысы, сапасыз мамандарға диплом бермей, оларды нарыққа шығармау. Бұл шын мәнінде мемлекеттің қауіпсіздігі мәселесіне тікелей байланысты, – дейді ол.

Дегенмен, ғылымның іргесін бекіту үшін университеттік білімде ауқымды өзгерістер керек-ақ. Ғалымдар тарапынан еліміздің әр өңірінде бір университет ұстап, олардың мемлекет тарапынан толық қамтамасыз етілу керегі айтылып жүр. Себебі, заман талабына сай болуы үшін университет қалаға айналуы керек.

Университеттік білімнің үш сатысы бар. Бірінші – оқыту, екінші – сол оқытқанын зертханада практикалық түрде үйрету, үшінші – сол тәжірибені өмірге енгізу. Мұның барлығы университет қабырғасында жүзеге асуы керек. Адам капиталы деп жүргеніміздің өзі де сол. Сондай-ақ, бұл біздің қоғамның ең әлсіз тұсы болып отырғанын мойындауымыз керек.

Кемшіліктер күн санап көбейіп жатыр

Ғалымдар тарапынан саладағы проблемалар аз айтылып жүрген жоқ. Ең күрделі мәселелер – жалақының аздығы, өндіріске енгізілмей шаң басып жатқан жаңалықтар, ғалымдар дайындаудағы олқылықтар… Осылай тізбектеліп кете береді.

Еліміздегі ең жас ғалымдардың бірі, техника ғылымдарының докторы Сүндет Каримов 2020 жылы газетімізге берген сұхбатында он жылдың аралығын сараптап, көп елдермен салыстырғанда артта қалып отырғанымызды айтқан.

– Мемлекеттің алға дамуын жылжытатын – ғалымдар. Біз академиялық дәрежесі бар мамандар дайындаумен шектеліп отырмыз. Бакалавр – маман емес, магистр мен PhD – ғалым емес. Он жылдан бері дайындалып келе жатқан бакалавр мен кеңестік жүйеде әзірленген мамандарды салыстырып қарасаңыз, біріншісінің кемшін тұстарын анық байқайсыз. Он жыл тарих өлшемімен алғанда көп болмауы мүмкін. Бірақ осы уақытта ғылымның дамуы мүлде басқа бағытқа бұрылып кеткені аңғарылады. Ғылым кемшіліксіз деп айтуға да болмайды. Ғалымдар кітап, монография жазады. Бұл дегеніңіз – көп жылдық зерттеулер. Бірақ олардың таралымы өте төмен. Монографиялар болашақ зерттеушілер қолына жетпегендіктен, көпшілік ақпараттық технологияларды пайдаланып, сілтеме жасайды. Отандық ғалымдарды қазіргі бакалавр, PhD жүйесіндегілер танымайды. Сосын шетелге еліктеу басым. Бізде олардан деңгейі жоғарылар жетерлік. Соны бағалау керек. Қазір ғалымдар арасында байланыс пен пікір алмасулар тоқтаған. Сондықтан біріккен монографиялар жазылмай, жаңалықтар ашылмай тұрған жайы бар. Көбінесе гранттық қаржыландыруға сүйеніп, жұмыс істелуде. Грант орта есеппен алғанда, 100-ге жуық ғалымға бұйырар. Оны жеңіп алуда да бармақ басты, көз қысты мәселелер бар, – дейді Сүндет Каримов.

Сондай-ақ, бізде техникалық білім беруге атүсті қарау белең алғанын айтады. Мемлекеттік қызметке алынғанда техникалық білімді талап етушілер кемде-кем. Классификаторды байқап қарасаңыз, гуманитарлық, қоғамдық сала жазылған. «Мәселен, табиғатты қорғау басқармасын алайық. Бұл сала техникалық мамандарды қажет етеді. Онда істейтіндер қауіпсіздік-техникалық саласының маманы болуы керек емес пе? Сонда экономист, юристер осында жұмыс жасап техникалық білімі бар маман сыртта қала беруі керек пе?» дейді ғалым.

Осы секілді қарама-қайшылықтар салада өте көп. 1992 жылға дейін елімізде орта және жоғары білім министрлігі бөлек, ғылым министрлігі бөлек болды. Қазір бәрі бірге. 2003 жылы Ұлттық Ғылым академиясы жабылды. Ғылымға деген қызығушылық азайды, бөлінетін қаржы, потенциал төмендеді. Сұхбатта Сүндет Каримов мемлекет көңіл бөлмегендіктен, еліміздің білім және ғылым жүйесінде кемшіліктер күн өткен сайын көбейіп жатқанын айтады.

– Жақында еліміздегі академиялық білім профиліне түсіп диссертация қорғайтын мамандарға арналған, бұрыннан қалыптасқан ғылыми мақалаларды жариялайтын басылымдарды керексіз деп тапты. Оның орнына шетелдік басылымдарды қойды. 50-70 жыл тарихы бар ғылыми журналдар, басылымдардың тамырына балта шабылды. Ғылымда толық қалыптаспаған ғалымға, әлемдік деңгейде мақала жаз, жаңалық аш деген – қате. Ғалым ғылыми мектептен өтуі керек. Дайындалу үшін көп уақыт кетеді, – дейді ол.

Ғылымды плагиаттан тазарту қиын ба?

Мемлекеттік сыйлықтың иегері, химия ғылымдарының докторы, профессор Әбдуәлі Баешов 2019 жылы газетімізге берген сұхбатында: «Ақылды адам ешуақытта ұрламайды, өтірік айтпайды, алдамайды. Кішіпейіл, данышпан, көреген болады. Бірақ бұл жағынан қазақ ғылымы ақсап тұр. Отандық ғылым саласында көшірмеден көз сүрінеді. Плагиатты анықтаудың әдісі бар екеніне қарамастан, жалған ғалымдар арамызда толып жүр. Алайда, тағы қайталап айтамын, адал ғалым мұндай қадамға бармайды» деген екен.

Расымен де, кейінгі уақытта «ғалым көп, бірақ ғылым жоқ» деген ой да жиі айтылады. Ал, Білім және ғылым министрлігінің 2019 жылғы ақпаратына сүйенсек, елімізде 22 мыңнан аса ғалым бар. Олай болса, қазақ ғылымының көсегесі неге көгермейді деген сұрақ та орынсыз болуы керек емес пе? Мұның бір ұшы академиялық адалдыққа келіп тірелсе керек. Себебі плагиат ғылымға жасалған қиянат болып тұр. Ақиқатында отандық ғылымды плагиаттан тазарту қиын ба?

Бірер жыл бұрын белгілі орыс ғалымы, экономика ғылымдарының докторы, Еуропа қайта құру және даму банкінің бас экономисі Сергей Гуриев бір сұхбатында ғылымдағы көшірмемен күрес туралы ойларын бөліскен.

– Бір студент көшірсе, екінші студенттің дипломының құны жойылады. Әрине, көшірмемен де, плагиатпен де күресу біздің мүддемізге сай. Оның үстіне бұл тек мектептегі немесе университеттегі оқу үрдісімен ғана емес, сонымен қатар ғылым кандидаттары мен докторларының ғылыми дәрежелерімен де байланысты. Мысалы, АҚШ-тың қандай да бір жоғары оқу орнын бітірген адам болашағы үшін алаңдамауына болады. Себебі, Құрама Штаттардағы университеттер әлемде білім сапасынан бірінші орында. Ол жақта студенттердің барлық жұмыстары плагиатқа мұқият тексеріледі. Ал, көшірме үшін студент оқудан шығарылады. Сондықтан, қолымызда көшірмемен күресудің барлық мүмкіндіктері бар. Қоғамда көшіру мен плагиатқа төзбеушілік ахуалын қалыптастыру керек, – дейді ғалым.

Бір қызығы, 2020 жылы әлемдегі ең үздік 15 мың университет қолданатын Turnitin атты антиплагиат жүйесінің елімізде іске қосылғаны айтылған. Turnitin – 1997 жылы негізі қаланған АҚШ-тың антиплагиат жүйесі. Салалық министрлік алдағы уақытта барлық курстық, дипломдық жұмыстар, диссертациялар осы жүйеден өтетінін хабарлады. Дегенмен, әзірге оның нәтижелері қандай болғаны белгісіз қалып отыр.

Осы тұрғыда бірнеше ғалым қазақстандық ізденушілер әдетте ресейлік жұмыстардан аударып көшіретіндіктен, Turnitin жүйесінен плагиат жұмыстың өтіп кетуі мүмкін екенін жазды. Мұндайда мәтін айтарлықтай өзгеріске ұшырайды. Ал осындай қулықпен құтылып кетпес үшін жұрт мақтаған бағдарламадан кедергісіз өткендерді мазмұн жағынан тексеретін сарапшылар кеңесі қажет.

Еуропа елдерінің университеттерін айтпағанда, ресейлік белсенді ғалымдар өздері бастама көтеріп, «Диссернет» атты тәуелсіз желілік қауымдастығын құрды. Аталған қауымдастық бір кездері бұған дейін антиплагиат бағдарламасынан өтіп, ғылыми атақ алған біраз шенеуніктің жұмысын тексеріп, нәтижесінде Ресейдегі әрбір оныншы ректордың еңбегінен плагиат тапқанын жариялады. Осыдан-ақ кез келген күшті антиплагиат бағдарламасы ғылымды «академиялық ұрлықтан» тазартуға 100 процент кепілдік бере алмайтынына көз жеткізуге болады. Сондықтан қалайда сауатты, объективті, тәуелсіз сарапшылардан құралған ықпалды ұйым, «Диссернет» сияқты қазақ ғылымының өз қауымдастығы керек-ақ.

Әлемдік рейтингте соңғы орындамыз

Әлемде қай мемлекет ғылымға көбірек ақша бөлсе, сол мемлекеттің дамуы, әлеуметтік-экономикалық жағдайы жоғары көрсеткіштерге ие. Бұл ретте, 2020 жылдың қорытындысымен Қазақстан ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға жұмсалатын шығындар бойынша әлемдік рейтингте соңғы орында.

Қазақстандағы жұмсалған шығындардың үлесі ЖІӨ-нің 0,12%-ін құрайды, бұл айтарлықтай төмен. Мысалы, дамыған және кейбір дамушы елдерде бұл салаға үлкен мән беріліп, оған ЖІӨ-нің жылына 2%-тен 5%-ке дейін жұмсалады. Бұл бағытта кейінгі жылдары Израиль көш бастап келеді. Үздік бестікке Оңтүстік Корея, Швеция, Жапония және Австрия кірді. Қазақстан бұл тізімде 72 орынның 66-сын иеленді, яғни, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға жұмсалатын қаржы бойынша еліміз Моңғолия, Тәжікстан, Гамбия, Кувейт, Ирак және Мавританиядан озып, төменнен санағанда жетінші болып шықты.

Тағы бір айта кетерлігі, дамыған елдерде салаға жұмсалатын шығындардың көпшілігі бизнестің еншісінде. АҚШ, Қытай, Германия және Жапонияда жеке қаржыландыру үлесі 67%-тен 79%-ке дейін. Ал, елімізде қаржыландырудың негізгі көзі – республикалық бюджет.

Сонымен қатар, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыс ең қиын салалардың бірі екенін айта кеткен жөн. Себебі, көптеген зерттеулердің нәтижелерін болжау мүмкін емес. Үлкен көлемдегі инвестициялар да әрқашан жақсы нәтижелерге кепілдік бермейді.

Ғылым мен бизнес біріксе…

Ғалымдарды қолдау шаралары да жоқ емес. Айталық, биыл жас ғалымдардың зерттеулеріне 1000 грант бөлу, 500 ғалымды жетекші шетелдік ғылыми орталықтарда тағылымдамаға жіберу ұйымдастырылады. Алғаш рет биыл жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарында постдокторантура енгізіледі. Егер бұрын ғалымдар жалақыны тек конкурстар арқылы ғана алатын болса, енді жетекші ғалымдар тұрақты жалақы алатын болады. Бұл 85 ғылыми ұйымның 1200-ге жуық жетекші ғалымының жағдайын жақсартады.

Сонымен қатар, ғылыми жобаларды қаржыландыруға арналған конкурстар 3 жылда бір рет емес, енді жыл сайын өткізіледі. Ғылымды басқаруда мемлекеттік ғылыми институттардың аудиті, ғылыми-зерттеу институттарының басшылық құрамын қарау, бизнес пен қоғамды тартып, байқау кеңестерін құру және басқа да шаралар қолға алынбақ.

Дегенмен, ғылым қалай табыс таба алады? Алдымен, елімізде идеядан оны іске асыруға дейін инновацияларды ілгерілету институтын қалыптастыру маңызды, яғни, бизнес инновациялық технологияларға қызығушылық танытуы керек. Өйткені оларды енгізу және пайдалану – коммерциялық табыстың кілті. Ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру саласында ғалымдардың зияткерлік меншік құқығын қорғаудың маңызы зор.

Ал, бізде бизнес пен ғылымның арасындағы байланыс тым әлсіз. Ғылым коммерцияланғанда ғана пайда әкеледі. Индустриялық революция ғылыми жаңалық ашылғанда және қолданысқа енгізілгенде ғана игілікке айналады. Бұл мәселе бүгінгі таңда айрықша өзекті болып отыр. Мысалы, былтыр зияткерлік меншік құқығы бойынша рейтингте еліміз әлемдегі 129 елдің ішінде 85-орынға тұрақтады. ТМД елдерінің ішінде Қазақстанға қарағанда Әзербайжан мен Арменияда меншік құқығы жақсы қорғалған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында ресурстық менталитеттен бас тартып, экономиканы әртараптандыру қажетін атап өтті. Жаһандық прогрестің факторлары – «білім экономикасы», еңбек өнімділігінің артуы, инновациялардың дамуы және жасанды интеллекттің енгізілуі. Ол үшін ғылым мен бизнес арасына көпір салу қажет.

Арадағы алтын көпір болуы тиіс ҚР БҒМ «Ғылым» қоры таратқан мәліметке сенсек, бұл бағытта ілгерілеу де жоқ емес. Қазақстандық ғалымдар кейінгі 2 жылда ғылыми жобаларды коммерцияландыру нәтижесінде 320 миллион теңгеден астам табыс тапқан. «Ғылым» қорының қолдауымен 100-ге жуық ғылыми жоба коммерцияландырылды. 70-тен астам ғалым бизнестегі үлестері мен роялтиден (лицензиялық сыйақы түрі) кіріс алады.

Бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыра түссек, ғылыми ұйымдар мен ғалымдар өздерінің жобаларын іске асыруға, сонымен бірге жаңа өндірістерді іске қосуға мүмкіндік алар еді. Осылайша, ғылыми орталықтардың қаржылық тәуелсіздігі артады. Көптеген ғалымдар еңбек жолын белгілі бір мәселелерге арнап, оны жақсы түсініп, өздерінің кәсіби құзыреттіліктерін тұрақты бизнеске жеткізуге тырысады. Қазірдің өзінде бірқатар ғалымдар жобаларын жүзеге асырудан тұрақты пайда табуда. Бүгінгі таңда 79 ғылыми-зерттеу институты мен жоғары оқу орындары – жаңа өндірістердің тең құрылтайшылары.

Жалпы, отандық ғылымның дамуына тұсау болып отырған проблемаларды санамалап шығудың өзіне бір мақала көлемі жетпесі анық. Мәселе осындай кемшіліктерді тез арада түзеп, межелеп отырған ғылыми ауқымы кең экономика құруға бәріміз бел шешіп атсалысуымыз қажет. Ғылымды дамыту ел табысының кепілі екенін түсінетін уақыт жетті.

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<