Ә.Тәжібаев атындағы облыстық кітапханада «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлымен кездесу өтті. Жиынға облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов қатысты.
Рауан Кенжеханұлы «100 жаңа оқулық» жобасы бойынша атқарылған жұмыстар туралы айтты. Гуманитарлық бағыттағы әлемнің ең үздік оқулықтарын аударып, еліміздің барлық жоғары оқу орындарына жеткізу, сол арқылы гуманитарлық білім мен ғылымның мазмұнын жаңартуды көздейтін жоба аясында қазақ тілінде жарық көрген 100 оқулық бүгінде еліміздің 130-дан астам оқу орнына таратылған. Олар – философия, әлеуметтану, психология, тіл білімі, дінтану, тарих, әдебиет және өнертану, құқық, саясаттану, экономика мен кәсіпкерлік, менеджмент пен маркетинг, медиа мен журналистика салаларын қамтиды.
– Оқулықтар тізімі еліміздің жоғары оқу орындарының оқытушылары мен ғалымдарының ұсыныстарына сүйеніп жасалды. Бұл – негізінен дүниежүзінің маңдайалды университеттерінің оқу бағдарламаларына кірген, әлемге танымал ғалымдардың миллиондаған данамен таралған кітаптары. Оларға сұраныс та өте үлкен. Мысалы, Стивен Ковидің «Жасампаз жандардың 7 дағдысы» деген кітабы біздегі кітап дүкендерінде 10 жыл бойы бестселлер қатарында. Осындай бүкіл әлем оқып, дәл қазір талқылап жатқан кітаптарды орысша басылымымен жарыса қазақша шығарып жатырмыз. Бізде мұндай кітаптарды қазақ тілінде оқу, талқылау, пікір білдіру мәдениеті қалыптасып келеді. Бұл алда жасалуы тиіс үлкен жұмыстың басы ғана, – деді қоғамдық қордың атқарушы директоры.
Аударылған оқулықтардың әрқайсысы 10 мың данамен басылып, еліміздегі барлық жоғары оқу орындарына, соның ішінде жекеменшік университеттерге де тегін таратылуда. Оқулықтардың электронды нұсқаларын интернеттен еркін оқуға болады. Кітаптарды сатып алғысы келетін көпшіліктің сұрауы бойынша қосымша тираж басылып, кітаптар еліміздегі ірі кітап дүкендеріне де жетті.
– Одан басқа, Оксфорд баспасымен бірге «Oxford Kazakh Dictionary» деген атпен үлкен қазақ-ағылшын және ағылшын-қазақ сөздігі шығады. Бұл аударма сөздігі өте ауқымды, көлемі мың беттен асады. Үлкен әрі аса маңызды жұмыс. Сонымен қатар, балалар әдебиеті бағытында да отызға жуық негізгі кітаптарды аудару жоспарда бар, – деді спикер.
Сондай-ақ, Рауан Кенжеханұлы тілдің әлеуетін көтерудегі технологиялық мүмкіндіктер туралы да ойларын ортаға салды. Осыдан бірнеше жыл бұрын Googlе-аудармашы жүйесіне қазақ тілі қосылған болатын. Енді «Ұлттық аударма бюросы» Google компаниясымен бірлесіп, қазақ тіліндегі сөзді тыңдап, оны түсініп, өзі мәтінге айналдыратын және кез келген басқа тілге аудара алатын жүйені іске қосқан.
– Жүйенің іске қосылғанына бірер апта болды. Бұл ана тіліміздің әлеуетін едәуір көтереді деп ойлаймын. Ана тіліміздегі білім өзімізге қажет болса, оны біреуден талап етпей-ақ, әркім өз бетінше жұмыс істеп, үлес қосуына мүмкіндік бар екенін атап өткім келеді. Мысалы, интернетте ақпарат іздеген адамның Википедияға көзі түспеуі мүмкін емес. Өйткені ол – іздегенге табылуы оңай және тегін энциклопедиялық мәліметтердің ең үлкен қоры. Меніңше, бұл мысалдың біз үшін, қазіргі қазақ қоғамы үшін де маңызы зор. Қазақ тілінде біз осы жобаны қолға алған тұста 7 мың ғана мақала болған. Бүгінде 200 мыңнан асты. Бұл жобаға да мейлінше көп адамның назарын аудару керек. Қазақша Википедияға мақала салу – әрбір тілге жанашыр адамның хоббиіне айналса екен дейміз, – деді ол.
Сөз соңында «Ұлттық аударма бюросының» атқарушы директоры «100 жаңа оқулық» жобасы жалғаса беретінін атап өтті. Ана тіліміз бен өз тіліміздегі білім мен ғылымды дамытамыз десек, аударма жұмысы тоқтамауы тиіс. Тек оқулық пен танымдық кітаптар ғана емес, көркем әдебиет те, кино мен телехикаялар, анимация, вебресурстар мен видеоойындар, жалпы сұранысқа ие мазмұнның барлығы аударылуы қажет.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<