Қазақ халқының педагогикалық элементтері, бай салт-дәстүрі мен әдебиетінің келер ұрпаққа берер тәрбиесі мол. Соның ішінде халық ауыз әдебиетінің маңызы жоғары. Жазу-сызу болмаған кезде халықтың ой-арманынан шыққан әңгімелер, жұмбақтап айтқан сырлары, жаңылтпаштар, өткір тіл, ұшқыр ойдан шыққан мақал-мәтелдер, қиял-ғажайып ертегілер, т.б. баланың тілін, ой-өрісін дамытуда ерекше роль атқарады. Балалар ертегі тыңдап, бір-біріне жұмбақ жасырғанды, жаңылып жаңылтпаш айтқанды, тұрмыс-салт жырларын тыңдағанды ұнатады.
Халық ауыз әдебиетінің салалары көп. Олар: ертегілер, жырлар, мақал-мәтелдер, жұмбақтар, жаңылтпаштар, т.б. Осы салаларды балалардың жас ерекшеліктеріне қарай және оларды жалықтырып алмайтындай етіп, сана-сезіміне әсер ету арқылы қызықтыра отырып бойларына сіңіру, әрі олардың тілдерін дамыту үлкен жауапкершілікті талап етері хақ. Өйткені сәби жастан бастап балаларға ертегі тыңдатып, халық ауыз әдебиетінің элементтерімен сусындату келешек ұрпақ ойының ұшқырлығына, тілінің байлығына, сана-сезімінің өсіп-дамуына көп әсерін тигізеді.
Баланың тілін дамытуда төрт түлік мал туралы мақал-мәтелдер, жұмбақтар, өлең-жырлар ерекше орын алады. Балаларға төрт түлік мал мен олардың төлдері туралы айтып беру маңызды. «Көңілді әткеншек» арқылы балаларды қызықтыра отырып ойындар ойнату барысында төрт түлік мал туралы қанатты сөздерді оңай үйретуге болады. Түрлі тәсілдерді қолдана отырып, балабақшадағы балаларды әртүрлі ойындар арқылы сөйлетіп, тілдерін дамыта түсуге болады.
5-6 жасқа дейінгі балалардың суретті кітаптарды қызыға қарайтыны мәлім. Сондықтан оларға суреті айқын кітапшаларды көрсетіп, мазмұнын айтып беру қолайлы. Бұл жастағы балаларға оқиғасы сәтті аяқталатын, қорқыныш сезімін тудырмайтын халық ауыз әдебиеті нұсқауларын жатқа айтып беріп, ойната тыңдату тиімді. Мысалы, «Бесік жыры», «Бауырсақ», «Мақта қыз бен мысық» шығармаларын ұсынуға, сондай-ақ «Бауырсақ» ертегісін қуыршақ театры арқылы көрсетуге болады. Ол үшін алдын ала дайындық кезеңінде рольдерді бөліп беру, әр кейіпкердің дауыстарын келтіріп еркін ойнауға машықтандыру керек. Рольдерге бөлініп ойнау арқылы бұл ертегі балалардың есінде жатталып қалады. Ертегілер әрқашанда қазақ халқының өмірінде маңызды роль атқарып келген. Себебі, ертегілердің мазмұнында халықтың тұрмыс-тіршілігі салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, бүкіл болмысы, адамдардың өзара қарым-қатынасы, мінез-құлқы, т.б. бейнеленген. Ұрпақ тәрбиесінде ең тиімді тәрбие құралы ретінде ертегілер тілі жеңіл, түсінуі оңай болғандықтан, ертегілердің балаларға отансүйгіштік, еңбексүйгіштік, т.б. тәрбиелер беруде ғана емес, олардың тілін дамытуда да атқарар қызметінің маңызы өте зор. Ертегілер балалардың ой-өрісін жетілдіріп, Отанын сүюге, елін қорғауға, өнерді игеруге, жалпы адами құндылықтарды бойына сіңіруге септігін тигізеді. Сонымен қатар баланың сөздік қорын да молайтуда қызметі өте зор. Ой-өрісі дамып, сөздік қоры молайған баланың айтар ойы да, істер ісі де өнегелі болмақ. Демек, бала тілін дамыту қоғам дамыған сайын күнделікті қажеттілікке айнала береді. Оның үстіне, еліміз егемендік алғалы бері мемлекеттік тілде сөйлеу, оның оқыту әдістемесін жетілдіру – әдіскер ғалымдардың зерттеуінен түспей, назардан тыс қалмай жүрген мәселелердің бірі. Қазақ халқының ауыз әдебиеті жанрларындағы ертегілерді оқыту барысында балалардың тілін дамыту – маңызды іс.
Әйгерім БИБАЗАРОВА,
№5 «Шаттық» мектепке дейінгі білім беру ұйымының тәрбиешісі.
Қызылорда қаласы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<