Қызылордадағы NIS-тің екі бірдей оқушысы IESO-2021 халықаралық олимпиадасына жолдама алды.
«Жас геолог» корпоративті қоры мен Назарбаев Университеті бірлесіп өткізген IESO-2021 халықаралық олимпиадасының республикалық кезеңінде Сыр өңіріндегі Зияткерлік мектебінің төрт оқушысы 2 алтын, 1 күміс және 1 қола медалін иеленді.
Аталмыш білім додасының іріктеу кезеңіне 80-ге жуық жоғары сынып оқушылары қатысты. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған дарындылар ағылшын тілінде геология, геофизика, метеорология, астрономия және мұхиттану пәндерінен бақ сынасты. Қызылордалық зияткерлер Жер туралы ғылымдары бойынша жақсы білім көрсеткіштерімен ерекшеленіп, нәтижесінде 11-сынып оқушылары Жангерей Зинелов пен Данагүл Келдібай олимпиада жеңімпазы атанды. Сондай-ақ, Арайлым Байкемел және Баянсұлу Төлебай жүлделі 2-ші және 3-ші орындарға ие болды.
– Үздіктердің қатарынан көріну үшін осы ғылымдар туралы жетік ізденіп, жеке зерттеу жүргіздім. Ғаламтор желісі мен энциклопедиялардан қосымша ақпарат алып, білімімді толықтырдым, – дейді Жангерей.
Айта кету керек, жеңіс тұғырынан көрінген жас зияткерлер үстіміздегі жылдың тамыз айында Қазақстан құрамасында өзге елдердің жас геологтарымен сынға түспек. Биыл IESO-2021 олимпиадасы онлайн форматта Пекинде өткізу жоспарланған.
– Біздің оқушылар – бұл білім бәйгесінің жыл сайынғы қатысушылары. Осындай шаралар арқылы геологтардың жаңа буынын қалыптастыру қолға алынған және бұл олимпиада балалардың ой-өрісін кеңейтуге үлкен септігін тигізеді, – дейді жеңімпаз оқушылардың жетекшісі, география пәнінің мұғалімі Мұхтар Әбілмаев.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<