Абылай хан атындағы №140 қазақ орта мектебі – білім беру саласындағы жаңа инновациялық жоба – венчурды дамытуды енгізген облыстағы алғашқы мектептердің бірі. Жобаның мақсаты – білім саласына инвестиция тарту арқылы пайда табу. Жаңа бағытта жасалған жұмыстар нәтиже бере бастады.
Білім ордасында өткен «Тәрбиелі зияткер ұрпақ – болашақ кепілі» атты облыстық әлеуметтік-ғылыми ашық алаңда жаңа тәжірибелік зерттеу алаңы таныстырылды. Мектепте стратегиялық серіктестерді тарта отырып және облыста алғаш құрылған «Серіктес директорлар лигасының» жұмысы барысында венчурлық жүйені енгізіп, «Green study» жылыжай ғылыми-зерттеу орталығы іске қосылған болатын. Одан түскен пайдаға «Метеорология» атты тәжірибелік зерттеу алаңы ашылды.
Ауқымды шарада облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова жылыжай жұмысымен танысты. Сондай-ақ, зерттеу алаңындағы ғылыми жобалардың тиімділігін айтып, осы бағыт бойынша оқу орнының тәжірибесін басқа білім ордаларына тарату керегін және мектеп базасында ғылыми орталық құруды тапсырды. Мектеп директоры Айгүл Мұсабаева бұл бағыттағы жұмыстар басталғанын жеткізді.
Айта кету керек, мектепте оқушының қарым-қабілетін жан-жақты дамыту мақсатында 6 кіші мектеп, 18 жоба жұмыс істеуде. Олар – «Оқуға құштар», «Адалдық», «Отбасы», «Жасыл ғаламшар», «Онлайн мектеп», «Әлеуметтік-ғылыми» кіші мектептері. Ал, «Green study» жылыжай ғылыми-зерттеу орталығы мен «Метеорология» тәжірибелік зерттеу алаңы – «Жасыл ғаламшар» кіші мектебінің жобалары.
Шарада «Отбасы» кіші мектебі аясында зиялы тұлғалар оқушыларға шеберлік сабағын өткізіп, «Әлеуметтік ғылыми» кіші мектебі бойынша «Оқушы үні», «Ұлы тұлғалардың нақыл сөздері» жобалары таныстырылды.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<