Ізгілік сәулесі

942

0

Шәкірт зейініне шуақ құйған алғашқы ұстаздың орны оқушы үшін әрқашан да ерекше. Себебі, білімнің бастапқы іргетасы қалай қаланса, баланың кейінгі өмір жолы солай болады. Саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне бағыттап, өзгенің баласын өз перзентінен кем көрмейтін ұстаздар қауымын кәсіби мереке қарсаңында қалай мадақтасақ та жарасымды.

Менің алғашқы ұстазым – Бану Ахметова апайым! Қаншама жыл өтсе де ұстазымның дауысы, әлі құлағымда тұр. Ерекше қасиеті – әрқашан күлімдеп қарсы алатын. Бал дәурен бала шақта жүзінен үнемі мейірім шуағы төгіліп тұратын мұғалиманы көргенше асығатынбыз.

Сабақ барысында бізден үш маңызды нәрсені талап ететін – сабақтан кешікпеу, бір-бірін құрметтеу және өтірік айтпау. Біз апайдың  негізгі ұстанымдарын бойға сіңіріп, жасымыздан адал, мейірімді және кешірімшіл болып өстік. Жақында кездескенімізде апайымыз: «Әрбір істеріңе адал болыңдар!» деп тілегін білдірді.

Ол кісі ешқашан мақтанбайтын, мақтауды да қаламайтын. Бізге: «Қандай да бір игі іс жасасаң, жетістікке жетсең, мақтану үшін емес, басқаға пайдам тисін деп жаса» деп түсіндіретін. Оқушы кезімізде ислам діні дәл қазіргідей насихатталмайтын. Солай бола тұрса да апайдың жүрегіндегі имандылық тұлғалық табиғатынан дарығанын байқаймыз.

Иә, апайымыз алғашқы сәттен білімге деген құштарлығымызды оятты. Білімнің қайнар көзі – кітапта екенін бастауыш сыныпта-ақ ұғындырды. Үй тапсырмасы орындалмаған күні сабақтан соң алып қалып кітап оқытатын. Бұны бастапқыда қинала орындаушы едік. Кейін кітапты апайдан сұрап алып оқитын болдық. Біз бәріміз Бану апайға ұқсаймыз, қарапайымбыз және апай секілді үнемі алға ұмтыламыз! Ол бізге ертегі айтқанда кинотеатрда отырғандай күйде болатынбыз. Себебі әрбір кейіпкердің рөлін образға еніп баяндайтын. Шығармашылық қасиеті оның төлтума өлеңдерінен де көрініп тұрады. Еңбекқорлығы, үнемі ізденісте болатыны, кітапқұмарлығы, «қоғамға пайдам тисін» деген дарқан жүректі пейілі қазір де өзгермеген.

Айналасына нұрын шашып, тәлімі мен тәрбиесін таратып жүрген өнегелі ұстазымыздың өмір жолына  тоқталсақ. Ұлағатты ұстаз, үлгілі отбасының алтын қазығы, ардақты ана Бану Бекішқызының өмір жолы көпке үлгі. Ол 1959 жылы Тереңөзек ауданы  Асқар Тоқмағанбетов ауылында дүниеге келді. Сол ауылдағы №135 мектептің түлегі. Педагогикалық еңбек жолын өзі оқыған мектебінде бастауыш сынып мұғалімі және қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып бастады. Жалпы педагогикалық еңбек өтілі – 38 жыл.

2001 жылдан бастап Қызылорда қаласындағы Қ.Мұхамеджанов атындағы №1 мектеп-гимназиясында  бастауыш сынып мұғалімі болды. Жаз айларында оқушылардың тынығу лагерлерінде экономикалық ауысым тренері болып, жеткіншектерге экономикалық білім берді. Мектептің қоғамдық жұмыстарына араласып, ұстаздарға арналған әдістемелік сабақ жоспарлары, өлеңдері мен мақалалары жергілікті және республикалық баспасөзде жарияланып тұрды. Мектептегі «Әжелер ансамблінің» мүшесі болды. Осыдан 5 жыл бұрын жоғары санатты ұстаз дәрежесінде еңбек демалысына шықты. Қазір Бану Ахметова – еңбегінің зейнетін көріп отырған жан.

Ұстазымыз қол қусырып қарап отыруды білмейді. Балаларға арналған әңгімелер мен өлеңдер жазумен шұғылданып жүр. «Шаңырақ» атты кітабы баспадан шықты.

Ол балаларға өте жақын болды. Мектептің алдынан күтіп тұратыны, әрқайсымызды құшақтап қарсы алатыны, екі қатардан тұрғызып класқа дейін ән айтып баратынымыз,  «қалқам», «айналайын», «әкем-ау» деген жылы сөздері бізге деген ықыласының шынайылығын көрсететін.   

Алғаш рет партаға отырғызып, қолға қалам ұстатқан, сауатты жазып, мәнерлеп оқуға дағдыландырған, шығармашылық қабілетімізді арттырған, қоғам тәртібі мен әдебін бойымызға сіңірген, адами құндылықтарды қалыптастырған алғашқы ұстазымыз бізге әрқашан қадірлі. Тынымсыз ізденіс, бай тәжірибе өз жемісін бергені анық. Б.Ахметованың ұстаздық ұстанымының мықты болғанын шәкірттерінің өмірдегі жетістіктерінен-ақ бағамдауға болар. Бірге оқыған оқушылар арасынан білікті мұғалім мен кәсіби инженерлер, елге есімі белгілі ғалымдар мен іскер азаматтар шықты. Бүгінде олар – Қазақстанның түкпір-түкпірінде ел дамуына өз үлестерін қосып жүр. 

Егер адамның жүрегінде ізгілік сәулесі болса, ол – ұстаздың еңбегі. Сол нұрды жеткіншектің жүрегіне сіңіру үшін асыл ұстаз қаншама тер төкті десеңізші!

Айгүл ӘМІРБЕКОВА,

филология ғылымдарының кандидаты.

 А.Байтұрсынұлы атындағы

Тіл білімі институты лексикология бөлімінің меңгерушісі,

Алматы қаласы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<