Биыл тіл ғылымына өткен ғасырдың орта тұсында санаулы ғана қазақ түркітанушыларының бірі ретінде келіп, өзінен бұрынғы ғұламалардың салып кеткен сара жолынан таймастан өмірінің 60 жылын түркі және қазақ тіл ғылымының дамуына арнаған, жас тілші-ғалымдардың ғылыми да, рухани да әкесіне айналған академик Әбдуали Туғанбайұлы Қайдардың 100 жылдығы. Тіл ғылымының алуан түрлі салаларына қалам тарта отырып, оларды ғұмырының өзегіне айналдырған осы бір салиқалы да салмақты, қарапайым да қайратты азаматтың есімін тілсүйер қауымның өмір бойы қастерлеп өтері сөзсіз.
Қазақ тіл біліміне Ә.Қайдар арқылы жаңа бір бағыт болып қосылған «Этнолингвистика» саласына ғалым өмірінің 30 жылдан астам уақытын жұмсап, оны өзіндік ғылыми мектепке айналдырғаны белгілі. Сол еңбегінің қорытындысы – талай жылғы мақалалары мен зерттеу еңбектерінің жалғасы «Қазақтар ана тілі әлемінде» аталатын «Этнолингвистикалық сөздігі». Бұл, сөзсіз, бұрынғы сөздіктерден ерекше түсіндірмелі мағыналық сипатымен, өзіндік құрылымымен қазақ тіл біліміне қосылған құнды еңбек болып есептеледі. Бірақ осы бір теңдессіз еңбекті оқып, бұған дейінгі көп сөздіктің бірі емес екенін түсініп, оны өмірде қолдана білудің жалпы қазақ оқырманы үшін қаншалықты маңызды екенін екінің бірі біле бермеуі мүмкін. Мақала мақсаты осы бір пайдалы іске жол сілтеу еді.
Үш кітаптан тұратын «Сөздік» мазмұнына мұқият зер сала отырып, еңбектің мынадай құндылықтарына көз жеткіздік: біріншіден, «Сөздік» жас ізденушілерді тілді ғылыми тұрғыдан жаңаша зерттеуге бағыттайды, екіншіден, тіл байлығын молайтып, ойлау жүйесін, сөйлеу тілін арттырудағы білімдік маңызы зор, үшіншіден, тәрбие құралы да бола алады.
Еңбекте адамды дүниедегі жаратылыстың жоғары сатысына қойып, оның танымы негізінде пайда болған аталымдарға этносқа тән қосымша түсінік беру барысында талай-талай тың ойлар мен болашақ ғылым үшін қажетті пікірлер айтылады.
Мысалы, «Адам» аталатын алғашқы кітабында ғалымның «Адамға» «жер бетіндегі ең саналы тұлға», «күрделі, қыры мен сыры мол құбылыс», «ең күшті, ең құдіретті», «жер бетіндегі дана, ақыл-парасатты жан» тәрізді сипаттамалар берген «…Бүгінде Адам баласының қол жеткен табыстары, көтерілген өркениет биігі, сайып келгенде, сол Адам қабілетінің, ақыл-парасатының, саналы ойының жемісі…» деп қорытады. Одан әрі «Сөздіктің» тараулары мен ондағы тақырыпшалар мазмұны оқырманды қалайда бір тылсым ізденіске, адам табиғатын, түрлі қасиеті мен сипатын, тілі мен ділін, тіршілік-тынысын, оның таным философиясын тереңнен білуге ұмтылдыратыны анық.
Мысалы, қазақта зиялы деген сөз бар. Бұл сөзді көп жағдайда адамның жақсы қасиеттері тұрғысынан қолданатынымыз белгілі. Ә.Қайдар сол зиялылықтың табиғатын толық түсіну де, түсіндіру де оңай емес екенін, сондықтан бұл тылсым құбылыспен ғылым айналысу керек екенін тілге тиек етеді. Жалпылай алғанда, ғалымның ойынша, «зиялылық» (орысша интеллигенттік) – хайуанда жоқ, тек Адамға ғана тән жоғары сатыға көтерілген ерекше қасиеттердің жиынтығы. Адам – соның ұйытқысы». Осындай тоқтамға келген автор зиялы қасиеттің жағымды да, жағымсыз да болатынын ескертеді және осы қасиетке байланысты 250-дей атау бар дей келіп, оның 50-60-ына ғана талдау жасайды. Сонда, осы тұста, бір-екі сұрақ туады: жағымсыз зиялылыққа қандай сөздер (атаулар), сипаттамалар жатады? 50-60-тан басқа аталымдар қандай жағдайда кездеседі, олардың этностық мағынасы қандай? Егер тілді зерттеуге бағыт алған жас зерттеуші болса, осы сұрақтарға жауап табуға тырысатыны, сол жолда талай тарихты ақтаруға баратыны анық.
Ғалымның келесі кітабы «Қоғам» деп аталады. Қоғамды даму тұрғысынан «ру-тайпалық, ұлыстық, халықтық, ұлттық, мемлекеттік қоғамдар» деп жіктеген ол осылардың ең көне әрі тұрақты ұйтқысы – этностық қоғам деген қорытындыға келеді де, оған анықтама береді. Осыдан туындайтын қазақ қауымы, қазақ қоғамы деп аталатын ұғымдарды да атап, олардың өзіндік ерекшеліктерін түсіндіреді. Жаңа аталымдар мен түсініктердің өзі-ақ, бір жағынан ғалымның кең ауқымды, жан-жақты білімдар, зиялы азамат екенін көрсетсе, екінші жағынан кітаптың да нағыз ғылыми ізденістер негізінде танылған дәлелдер мен деректерге сүйеніп жазылған шығарма екенін дәлелдейді. Сонымен бірге оқырманның да ойына ой қосып, ғылыми идеяларға жол сілтейді.
«Табиғат» аталатын 3-кітапта табиғатқа байланысты пайда болған тілдік бірліктерге түсінік беру арқылы жаңа ізденістерге арқау болар атауларға этностық түсінік беруін жалғастырады. Ондағы Жер, Су, Ауа, Топырақ, Аспан әлемі, т.б. тақырыптағы аталымдар ішінде адамдардың, әсіресе жастардың білетінінен білмейтіні көп. Мысалы, қолат, оқап, сұлама, тартпа, т.б. сөздерімен, кей жер-су атауларымен бірге жерасты қазба байлықтарына қатысты атаулар ішінде ғылыми ізденіске сұранып тұрғандары жетерлік.
Қалай десек те, «ошақтың үш бұтындай» бірінің-бірі жалғасы, бірін-бірі толықтыратын бұл кітаптар тұтастай бір толыққанды ғылыми еңбек ретінде қазақ тіл білімі ғылымының қорынан мәңгілікке орын алатындығына, сонымен бірге жас ұрпақты ғылым жолына бағыттайтын алтын көпір болатынына сенім мол.
Ал сөздіктің білімдік жағына келсек, шындығында, еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейінгі өзін қазақпын, Қазақстан азаматымын деп есептейтін білімге құштар, өз тілін сүйетін, тілінің байлығын молайтқысы келетін әр адам осы кітаптардан іздегенін таба алады және қазақы (этностық) ой-түсінігін молайтуға жол ашады. Сондықтан бұл еңбек алдымен ұстаз-тәрбиешілердің, қала берді, қарапайым ата-ана ретіндегі халықтың стол үстінде тұратын, жанынан ажырамас асыл дүниесі болуға тиіс деп ойлаймыз.
«Қазақ этносының шежіресі» аталатын тараудан басталатын 2-кітаптың алғашқы беті шежіреге байланысты көптеген атаулар мен терминдерге түсінік берумен басталады. Мысалы, «үш жүз, жүзге бөліну» деген тіркестерде кездесетін «жүз» сөзінің мән-мағынасын сөздік былайша түсіндіреді: «Қазақ жерінде ежелгі замандардан бері мекен еткен көшпелілердің тарихи тағдыры және шаруашылық кәсібі өзара тектес қауымдастықтардың бірігуінен 15-16 ғасырларда қалыптасқан ру-тайпалық бірлестік. Мұндай бірлестіктердің пайда болуына олардың шаруашылығы мен күнделікті күнкөрісінің сипаттары, сыртқы жаулардан қорғану, жаңа жерлерді игеру мақсаттары айтарлықтай ықпал еткен». Әрине, мұндай түсінікті тарихпен тығыз байланысы бар адам білуі мүмкін, бірақ кез келген адамның, әсіресе жас ұрпақтың, бұл сөзді дәл осы тұрғыда ұғына бермейтінін, тіпті оны басқаша түсінікте қабылдайтындардың да бар екенін жасыра алмаймыз. Сондықтан сөздікте молынан кездесетін осы тәріздес тарихи маңызы бар ұғымдарды оқушыларға түсіндіруде ұстаздың соған қатысты нақты фактілерді өзінің көбірек білуі тиіс. Қазақ халқының басынан өткен небір тарихи кезеңдердің шындығы ашылып жатқан қазіргі кезде мұғалімнің, тіпті ата-ананың да біліктілігі жағынан оқушыдан бір саты жоғары тұруы қажет-ақ.
Сөздіктің 3-«Табиғат» атты кітабында «өлара» сөзінің мағынасы туралы «аспан бұлтсыз болса да, ай бейнесі көрінбейтін екі-үш түндей кезең. Бұл кезең әдетте ескі (14 күн толған айдың) аяқталып, жаңа айдың басталу аралығындағы қараңғы түндер. Өларадан кейін жаңа айдың орағы сызаттанып көрініп, күн сайын көлемі жұмырланып өсе бастайды да, ал 7 күннен кейін оның дөңес жағы енді оңға қараған жарты дөңгелекке айналады. Осылай қайталана береді. «Өлара кезінде қыста – қар-боран, жазда – жауын-шашын көп болады» деген наным бар» деп түсіндіріледі. Шынында, «айдың өларасы» туралы қарт кісілер мен табиғат сырларымен айналысатын арнайы мамандар болмаса, жастар жағының біле бермейтіні де анық. Сондықтан ұстаз оқушыларына аталған түсініктің шындық екенін дәлелдеу мақсатында әр айдың бітуі мен басталуы арасында аспан әлеміндегі өзгерісті бақылауды ұсынады. Бақылау қорытындысын талқылау арқылы оқушының шындыққа көзі жетеді, білім-білігі толыса түседі.
Сонымен осы азғантай деректердің өзі-ақ бұл сөздіктің адам білімін молайтуда қаншалықты маңызды екенін көрсетсе керек.
Әрине, сөздіктің тәрбиелік мәніне келер болсақ, бұл жағынан да еңбектің нағыз тәрбие құралы бола алатынына көз жеткізу қиын емес. Алаш ардақтыларының бірі, тұңғыш қазақша «Педагогика» оқулығының авторы М.Жұмабаев: «Тәрбие төрт түрлі: дене тәрбиесі, ақыл тәрбиесі, сұлулық тәрбиесі һәм құлық тәрбиесі. Егер де адам баласына осы төрт тәрбие тегіс берілсе, оның тәрбиесі түгел болғаны… Балам адам болсын дейтін ата-ана осы төрт тәрбиені орындасын…» дей келіп, баланың тәрбиесіз болуы тәрбиешіден деген қорытынды жасайды. Біз осылардың ішіндегі «ақыл және құлық» тәрбиелерін қосып «рухани тәрбие» деп атар болсақ, қазіргі кезде осы тәрбие түрінің осал тұстарының мол екенін де жасыра алмасақ керек. Олай болса, ата-аналар мен ұстаз-тәрбиешілерден балаларға осы тәрбие түрлерін молырақ егу талап етілетінін мойындаймыз және аталған еңбектің осы жолда таптырмас көмекші құрал бола алатынына кәміл сенеміз.
Еңбекте тәрбиелік мәні бар жеке сөздерді былай қойғанда, қаншама мақал-мәтелдер мен би-шешендердің, ұлы адамдардың ұлағатты сөздеріне алуан түрлі мағыналық түсініктер беріледі. Ұғынуға оңай, қарапайым қазақи сөздермен берілген түсініктер жас ұрпақ тәрбиесіне әсер етпей қоймайтыны анық.
Сонымен академик Ә.Қайдардың «Этнолингвистикалық сөздігі» – жаңа қоғамды басқарып баянды ететін, ғылымның жетістіктерін молынан игерген, әсіресе, ана тілін терең меңгерген білімді де зерек, ақылды да адал азаматтарды даярлауда теңдесі жоқ құрал. Тек оны ұрпағының болашағы үшін дұрыс та түсінікті, пайдалы да маңызды болатындай қолдана білу еліміздің әр азаматының, әр отбасының міндеті деп есептейміз.
Жеңіс СӘДУАҚАСҰЛЫ,
филология ғылымының докторы, профессор,
Білім беру ісінің құрметті қызметкері
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<