«Келешек» – көпке берілген мүмкіндік

1170

0

Сарапшылардың пікірінше, еліміздегі бала санының өсуі алдағы уақытта жоғары білім беру жүйесіне үлкен жүк түсіреді. Мәселен, қазір грант мектеп түлектерінің 40 пайызына беріледі, бірақ бұл көрсеткіш уақыт өте келе 15 пайызға дейін төмендеуі мүмкін. Бұл, әрине, гранттардың жыл сайын артып отырғанына қарамастан орын алуда. Оның үстіне оқу ақысының жыл сайын қымбаттауын қосыңыз.

Әр ата-ананы баласының болашағы алаңдататыны рас. Жоғары білім беруді көбі міндетім деп біледі. Алайда күн сайын бағасы шарықтаған азық-түлік, өзге де төлемдер қосымша қор жинауға мүмкіндік бермейді. Айталық, «Қаржылық сауат» телеграмм арнасы ұйымдастырған сауалнамаға қатысқан жұртшылықтың 12 пайызы үй жағдайында ақшалай жинаса, 27%-ы депозит түрінде, 2%-ы инвестициялық монета, 8%-ы акция, 4%-ы жылжымайтын мүлік түрінде, 23%-ы қор жинай алмай жүргенін, 22%-ы  мүлде мүмкіндігі жоғын айтқан.

Елімізде биылдан бастап енгізілген «Келешек» бағдарламасы көп ата-ананың мәселесін шешуді көздейді. Оның бірнеше артықшылығына тоқтала кетейік. Қатысушылар сақтандыру қорғауында болады. Егер ата-анасының еңбек қабілеті жоғалса немесе қайтыс болса, сақтандыру шарттары бойынша төлемдер тоқтатылады. Бірақ бала жасөспірім жасқа келгенде оның жинақталған қаражаты толық көлемде беріледі. Бағдарламаға үш жыл және одан көп мерзімге келісім-шарт жасасқан ата-ана төлемдердің пайызынан үнемдей алады (жылына 320 АЕК-ке дейін). Сонымен қатар, жоғары кіріс 23 пайызға дейін қамтамасыз етіледі. Оның ішінде 8 пайыздық сақтандыру компаниясының кепілдендірілген кірісі, мемлекет тарапынан 5-7 пайыз аралығындағы жылдық сыйақы және 10 пайыздық табыс салығы бойынша жеңілдік бар. 18 жасқа толған бала барлық жинақталған қаражатты біріктіріп, «Келешек» бағдарламасы бойынша алуға құқылы болады.

Жобаға 5-18 жас аралығындағы балалар қатыса алады. Бірақ тиісті заңға Президент биыл ғана қол қойғандықтан, 2025 жылы 5-ке толатын балалардың шотына ғана мемлекеттен алғашқы капитал түседі. Оның көлемі – 60 АЕК, яғни 235 920 теңге. Жетім балаларға 120 АЕК немесе 471 840 теңге аударылады. Одан кейінгі жастағы (6-7-8… аралығындағы) балаларға ол жарна түспейді. Неліктен мұндай талап деген сұрақ әр ата-ананың көкейінде болуы мүмкін. Өйткені ЖОО-да білім алуға керек қаражатты жинап үлгеру үшін орташа есеппен 13 жыл уақыт керек екен. Одан аз уақытта тиісті сомаға жеткізу қиын, Яғни 5-18 жас аралығында жүйе талаптары толық орындалатын болса, әр баланың шотында шамамен 7,5 млн теңге жинақталу керек. Демек, әр ата-ана баласына шот аштырған жағдайда ай сайын 8 мың теңге көлемінде қаражат салып отыруы тиіс. Әлеуметтік осал топқа жататын балалар шотына 4 мың теңге салынады. Жылына шығатын соманы жинап баланың шотына бір реттік операциямен де салуға болады, ай сайын бөліп аударуға да болады. Егер оны орындай алмасаңыз, не болмаса, бала азаматтығын ауыстырса немесе басқа елге қоныс аударатын болса, онда мемлекет өзі салған капиталын кері қайтарып алады.

Тағы бір артықшылығы, егер бұған дейін мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесінде есепшотыңыз ашылып қойған болса, ондағы барлық жинақтарыңыз бен сыйақыларыңызды жоғалтпастан «Келешек» жобасына ауыса аласыз. Жалпы бұл жерде ескеретін нәрсе – ата-ана «Келешек» жүйесімен шот ашуға міндетті емес. Ашу-ашпау өз еркіңізде. Мектепті аяқтағаннан кейін жиналған қаражат пен колледждер мен ЖОО-да оқу ақысын төлеуге болады. Білім беру грантын алған жағдайда жинақты басқа техникалық және жоғары білім алуға,  жинақтауды жалғастыруға, үшінші тұлғаға (туысы ҚР азаматы болуы керек) аударуға, үй алуға пайдалануға, білім туралы құжат ұсынылған жағдайда жинақталған қаражатты қолға алуға болады.

«Келешек» ерікті жинақтау жүйесін енгізу мәселесі қазақстандық отбасылардың барлығына қатысты. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, бала туу көрсеткішінің көбеюіне байланысты болашақта білім беру жүйесіне түсетін жүктеме едәуір артады.

– Онда мемлекеттен берілетін бастапқы капитал, ата-аналардың ерікті салымдары, инвестициялық кіріс және мемлекеттік сыйақы қарастырылған. Осылайша, жеңілдетілген білім беру несиелерінің интеграциясын ескере отырып, «Келешек» бірыңғай ортақ жинақтау жүйесінде мемлекеттік қолдау шаралары шоғырландырылады. Оқуға түскенше жиналған қаражат жоғары білімді неғұрлым қолжетімді етуге мүмкіндік береді, – дейді ведомство өкілдері.

Олардың айтуынша, елдің әл-ауқаты мен бәсекеге қабілеттілігі халықтың білім деңгейіне тікелей байланысты. Дүниежүзілік банктің мәліметінше, экономика өсімінің 16%-ы физикалық капиталға, 20%-ы табиғи капиталға, қалған 64%-ы адами және әлеуметтік капиталға байланысты.

Үкіметтің болжамынша, 2019 жылдан 2022 жылға дейін туу көрсеткішінің өсуін ескерсек, 2040 жылға қарай 18 жастағы қазақстандықтар саны айтарлықтай артады. Бұл ретте грант санын арттыру олардың көбін жоғары біліммен қамтуға мүмкіндік бермейді. «Келешек» осы мәселелерді шешуге көмектесуі керек. Білім берудің қолжетімділігі мен сапасы ресурстарды шоғырландыру және мемлекет, бизнес, оқу орындары мен азаматтар арасында жауапкершілікті бөлу есебінен қамтамасыз етіледі. Бұл бірінші мамандықты алғанға дейін балаларды толық қолдауға мүмкіндік береді.

Жағымды жаңалықты естіген қала тұрғыны Айжан Мәлікқызы шот ашу үшін екінші деңгейлі банк бөлімшесіне барған. Алайда банк өкілдері мұндай ақпаратты әлі естімегенін, бұған дейін әлі бірде-бір тұтынушы «Келешек» бағдарламасы бойынша жүгінбегенін мәлімдеген. Бұл жаңалықтан банк бөлімшесі мамандары хабарсыз болып шыққан.

– Биыл менің балам 5 жасқа толатын болғандықтан, оның болашағын қазірден ойлап жергілікті банк бөлімшесіне бардым. «Келешек» бағдарламасы туралы сұрағанымда, маған таңырқай қарады. Мұндай бағдарламадан бейхабар екенін аңғартты. Телефонымнан республикалық сайтқа жарияланған жаңалықты көрсетіп едім, «бұл бағдарлама бойынша бізге әлі жоғары жақтан тапсырма келген жоқ. Егер қажет болса, бұған дейін жұмыс істеп тұрған бағдарлама бойынша шот аштыра аласыз» деген жауап алдым, –дейді ол.

Бағдарламаны жүзеге асыруда, оны көпшілікке танытуда түсіндірме жұмыстары жеткілікті деңгейде жүргізілмей жатқан тәрізді. Мемлекет басшысы жақсы бастама көтеріп, қолайлы тәсілді ұсынды. Оның жемісін көру, игілігін пайдалану өз қолыңызда.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»