Қазақстанда Ұлттық бірыңғай тестілеуді кезең-кезеңімен жаңғырту жұмыстары басталды. Ғылым және жоғары білім министрлігі ҰБТ форматы мен мазмұнын 2029 жылға дейін трансформациялауды жоспарлап отыр.
Десе де бұл өзгерістер барлық талапкерге бірден енгізілмейді. Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Жанна Есинбаева мәлімдеді.
Оның айтуынша, 2026 жылы мектеп бітіруші түлектер үшін ҰБТ форматы бұрынғы күйінде қалады.
– Биыл мектеп түлектері үшін ешқандай өзгеріс болмайды. ҰБТ бұрынғыдай қалыпты режимде өткізіледі. Өздеріңіз білетіндей, қаңтар айындағы ҰБТ басталып кетті. Оған 180 мыңнан астам түлек тіркелген. Ал жазғы кезеңде тестілеуге шамамен 220 мың оқушы қатысады деп болжап отырмыз, – дейді ол.
Елімізде ҰБТ 20 жылдан астам уақыт бойы өткізіліп келеді. Спикер бұл реформаның негізгі мақсатын түсіндірді.
– Бұл – сыннан өткен тест. Дегенмен, уақыт талабына сай оның мазмұнын жаңарту қажеттілігі туындап отыр. Әсіресе тест тапсырмаларының мазмұнына өзгеріс енгізу маңызды, – деді Жанна Есинбаева.
Реформаның негізгі бағыты – тест мазмұнын жаңғырту. Алдағы уақытта ҰБТ тек пәндік білімді ғана емес, функционалдық сауаттылықты, аналитикалық және сыни ойлау қабілетін бағалайтын жаңа форматтағы тапсырмаларды қамтымақ.
– Жаңа форматтағы тапсырмалар білім алушылардың функционалдық сауаттылығын, ойлау дағдыларын, соның ішінде аналитикалық ойлау қабілетін анықтауға бағытталады, – деп түсіндірді ол.
Осы мақсатта министрлік тестология саласындағы халықаралық сарапшыларды, оның ішінде стандартталған емтихандарды әзірлеуде мол тәжірибесі бар ETS (Educational Testing Service) компаниясын тартқан. Комитет өкілі ҰБТ-ның халықаралық деңгейде мойындалатын стандартталған тестке айналуын мақсат етіп отырғандарын айтады. Демек, болашақта жаңартылған ҰБТ нәтижелері тек Қазақстанда ғана емес, шетелде де танылуы мүмкін.
Сонымен қатар реформа аясында ашық форматтағы тапсырмаларды енгізу мүмкіндігі де қарастырылып жатыр. Бұл жағдайда түлектер жауапты дайын нұсқалардан таңдамай, өздері тұжырымдап жазады. Төраға орынбасары мұндай өзгерістердің барлық пәнге бірдей енгізілмейтінін және кезең-кезеңімен жүзеге асатынын атап өтті.
– Тест тапсырмаларының форматы бірден емес, біртіндеп өзгереді. Бұл мектеп түлектеріне ешқандай қосымша салмақ түсірмеуі тиіс, – деді ол.
Жаңартылған ҰБТ форматына толық көшу 2029 жылға жоспарланған.
– Біз ҰБТ-ны кезең-кезеңімен жаңартамыз. Әңгіме ең алдымен тест тапсырмаларының мазмұны туралы болып отыр. Пилоттық жобалар жүргізіледі, қоғаммен және сарапшылармен кең талқылау болады, – деп қорытындылады спикер.
Министрлік маманы ҰБТ-дан бас тарту жоспарланбағанын атап өтті. Тест бұрынғыдай білім беру гранттарын тағайындаудың негізгі құралы болып қала береді. Алайда оның мазмұны жаңартылған мектеп бағдарламаларына және халықаралық стандарттарға сәйкестендіріледі.
Еске сала кетейік, қаңтар айында өтетін Ұлттық бірыңғай тестілеу 10 қаңтар күні басталған. Ол 10 ақпанға дейін жалғасады.






