Қазақстандық мектеп оқушылары 2021 жылдан бастап «Цифрлық сауат» пәнін 1-сыныптан бастап оқитын болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Орта білім беруде 2013 жылға дейін ақпараттық техологиялар пәні 7-сыныптан басталып, ескірген мазмұннан тұрды. Одан кейін 5-сыныпқа түсірілді. Бірақ осы бағдарламаларда көбіне компьютер пайдалану, кеңселік қосымшаларды игеру сияқты қарапайым дағдылар бердік те, осы бағдарлама жаңартуды талап еткен болатын. Сондықтан енді 2021 жылдан бастап «Цифрлық сауат» пәні 1-сыныптан бастап енеді. Балалар алгоритмді, ақпараттық гигиена мен қауіпсіздікті, Scratch кодтау тілін үйренеді. STEM, 3Д-принтинг, робототехника негіздерін игереді», – деді Асхат Аймағамбетов Үкімет отырысында.
Министрдің айтуынша, сонымен қатар IOS, Android операция жүйелерін және Python, С++ сияқты программалау тілдерін үйренеді.
«Ол үшін елімізде облыс орталықтарында жаңадан 25 арнаулы IT-лицей ашылды. 447 STEM зертханасы мен 2 мыңға жуық робот техникасы кабинеті ұйымдастырылып отыр», – деді ол.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<