Айналасына нұрын шашып, аралас-құралас болған әр адамның көңілін аулауға, жылы сөз айтуға уақыт пен себеп табатын жандардың ортамызда жүргені қандай ғанибет! Кейде әділетсіздеу, кейде қатал деп сипатталатын өмірді сондай адамдар жап-жарық, мейірімді етіп тұратыны айдан анық. Ол өзі ұстаз, араласатын ортасы негізінен студент жастар болса, нағыз мамандығын, тіршіліктен орнын тапқан жан екен деп сүйсінеріңіз сөзсіз. Біз сөз еткелі отырған ұстаз, ғалым Айман Айтбаева да осындай жылы жүректі жанның бірі.
Айман Ералықызы І962 жылы 8 наурызда қала іргесіндегі Махамбетов аулында көпбалалы отбасында дүниеге келген. Көптің арасында өскендіктен болар Айман апайдың болмысынан көпшілдігі көрініп тұрады. Қазақ балаға ат қоюды қасиетті ұғым есебінде қарап, өмірге жаңа келген нәрестенің ата-анасы, ата-әжесі сыйлы адамға ат қоюға қолқа салатын болған. Анасының толғағы басталғанда шаңыраққа қонақ болып келген белгілі журналист Нұрділдә Уәлиев жаңа туған нәрестенің есімін Айман деп қойған екен.
Айман Ералықызының өмір белестеріне қарап отырсақ, мектепті жақсы бітіріп, одан кейін М.Мәметова атындағы қыздар педагогикалық училищесін, Н.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтының филология факультетін үздік бітіріп, ұстаздық жолға қадам басады.
Ұстаздық ұлы жолда өзіне биік деңгейде талап қойып, адалдығым – ар ожданым деп білген Айман Ералықызы – сырт көзге қатал да талапшыл көрінгенімен, мінез ерекшелігі байқалып тұратын қарапайым да кішіпейіл, намысты, сонымен қатар сезімтал, нәзік, өзіндік көзқарасы нық тұлға. Өміртанымындағы ұстанымы барынша жақсылық жасау, білгенін айналасына үйрету, пайдалы болу. Өткен күнді еске алмай, бүгінді бағалай алмаймыз деген даналықпен жүреді. Өзіне ұстаз болған жандарды бір сәт есінен шығармай, өнегелі естеліктерін мысал етіп, үлкенге құрметімен, кішіге ізетімен, өзінен кейінгіге ақылды, парасатты болудың дәнін егіп жүргені анық аңғарылады.
Ұстазы жақсының – ұстанымы жақсы дейді ғой. Ұлжан Нахатқызы, Сара Тамшыбайқызы, Сара Бақтиярқызы, Рахия Мансұрқызы, Әлия Мамырайқызы сынды аға буын ұстаздармен қарым-қатынасында кейде сіңлі, кейде шәкірт, кейде дос, кейде бауыр болып, ұстаз қадірлеудің, сый көрсетудің үлгісін танытып жүреді. Айман апайдың табиғатына таң қаласың! Ұстанымы берік әрі айқын. Кафедрамыздың қалыптасқан дәстүрін елемей, кейде аңғармай әрекет еткен жастарды тәртіп тезіне салып, кейде өктемдеу үнмен, кейде астарлы әзілімен түйреп, қарашаңыраққа бас сұққаныңды, кафедрамыздың өзіндік қалыптасқан өнегесі барын бойға сіңіруге әрекет етіп, ізеттіліктің бағбанындай әсер қалдырады.
Оның ұстаздық жолы әдебиеттану ғылымымен үндескен. Қашан да даму үстінде көрінеді, үйреніп жүреді. Жүріс-тұрысы, сөйлеген сөзі, жасаған ісі ұстаздық тағылымы, кісілік келбеті, ізденімпаздығы, білімділігі мен байыптылығы бізге үлгі-өнеге. 2002 жылы «ХХ ғасырдың басындағы қазақ лирикасы» тақырыбында кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап, содан бергі уақытта Сырдың басты оқу ордасында білімге талпынған жас буынның дәріскері.
Тізбелей айтар болсақ, апайдың бойынан сан түрлі қасиеттерді көреміз. Бақытын педагогикалық қызметінен тапқан, оны отбасылық бірлікпен ұштастыра, қазанын қайната, жағдайын жайната білген аяулы жар, ардақты ана, сүйікті әже.
Мен кейде апайдың ішкі әлемі таза, жарқырап тұрғанын сеземін. Себебі іште бықсып жататын жаман ойларға орын қалдырмайтын болса керек. Жүрегінің түбіне кір жасырмайды. Ештеңені ұмытпайды да, ойындағысын кез келген жағдаятпен байланыстыра, бірде айқын түрде, бірде тұспалдап, діттеген адреске бағыттап отыратыны бар. Содан өзі де, ары да, ойы да тазарып, рухани әлеміне жол ашып алғандай ма деп қаласың.
Көп оқиды. Тарихи дүниелерді, есте жоқ көне замандардағы жәдігерлерді ақтара оқып, ғұламалар қалдырған пәлсапалық ойларға жаңаша өң беріп, бүгінгі тіршілікпен сабақтастырып ой-тұжырым жасап отырады. Үзіліс кезіндегі кафедраға бас сұққанымызда, «сен мынаны оқыдың ба, мына жазушы былай деген, кейіпкерлері былай сөйлейді» деп санамызды парақтап, шығарма талдай жөнелгенде сол әлемге еніп, сол шығарманы қолға алып, өзің де оқып шыққың келіп, апай айтқан оқиғаны ойлап, қызық жеріне келіп тоқтап қалған дүниенің астарына үңіліп, тартыстың дәлелін білгің келіп, ой үстінде жүресің. Бұл да – айналасын жақсылыққа ұмтылдырып, дүниені көркем әсермен қабылдауды үйретіп, жаңа толқынды қалыптастырудағы ерекше қасиеті.
Апайдың бойындағы ұқыптылығы – жазу дағдысы мықты қалыптасқан. Білгенін, көргенін, естігенін өзімен бірге жүретін үлкен көк дәптерге шимайлап, түртіп алып отыратын дағдысы да бар.
Ұлттық, адами құндылықтарды жоғары бағалайды, олардың концептуалды мағынасын талдап, мәселен «үкі», «сыңсу айту» дәстүріне байланысты насихаты ұрпақ тәрбиелеп отырған ата-анаға, болашақ жар атанатын қыз балаларға бағытталады. Дарақылықтың емес, құндылықтың ғибратын аша түсуге ұмтылады. Ұлт тағдыры – қазақ тағдыры деп түсіндіріп, өмірге, салт-дәстүрге орынды, дұрыс көзқарас қалыптасу керектігін, дұрыс пайдалануды ұлттық-дүниетанымдық тұрғыдан ұғындырып, тәрбиелік іс-шараларда білім алушыларға рухани болмысты бұзбауға, ұлттық сана жойылса ұлт жойылатынын, не нәрсенің қадірін біліп, түсіну керегіне баулып жүреді.
Айман Ералықызы – шебер баяндаушы, теоретик, әдіскер. Әдеби мұраларды, ауыз әдебиеті үлгілерін, ежелгі дәуір әдебиетін, ақын-жазушылар шығармаларын білім алушыларға талдап-таразылап оқуға көңіл аудартады, қызықты детальдар сырын ашып, шәкірттерін оқуға ынталандырып алады.
Шығармадағы мазмұн мен түрді бірлікте алып талдау – кітап оқудың негізгі өзегі. Зерделі шәкірт, шебер маман қалыптастыруда кітапта даналық пен көркемдік әлемнің қабысып жататындығын, шығарманың әсемдік ерекшеліктерін, өмірмен байланысын ұғындыруға, қолынан келгенше қол ұшын беретін, бар білгенін үйретуге күш салатын пісіп-жетілген әдіскер маман.
Шәкірттері үнемі апайды қаумалап жүргенін көреміз. «Мен жастарға сенемін» деп Мағжан ақынша шәкірттерін өмір сырын терең ұғындыруға жетелеп, өрелі ойларымен бөлісіп, қуат, рух беріп, қолдап жүреді.
Көркемдік әлемді керегіне жарата білген Айман апамыз образдап сөйлеудің де шебері. Өзінің таным-талғамын бейнелі сөз, кемел оймен өрнектеп, мейірімді, білімді, еңбекқор болу адамды көрікті етеді деп түйін жасап жүреді. Бүгінде беделі биік ұстазымыздың шәкірттері еліміздің білім беру салаларында, қоғамдық мекемелерінде абыройлы қызмет атқарып жүр.
Әншілік қасиеті бөлек әңгіме. Жадының мықтылығы көп оқып, көп тыңдағаннан дерсің. Қандай әннің болсын мәтінін жатқа біледі. Кез келген хит әндердің, ретро әндердің керемет орындаушысы. Өзіне тән дауыс иірімдері тыңдаушысының шынайы ықыласын оятады.
Әрине, сабақ – бұл оқыту үдерісінің ең маңызды бөлігі. Айман Ералықызы әріптестеріне, оның ішінде жас мамандарға әдістемелік тұрғыда көмегін де тигізіп жүреді. Сабақ талдаудың шебері. Өзі «менің сабақ талдауым классикалық талдау болады, – деп ескертіп алып, оқытушыға өзін-өзі бағалау, түзеу мүмкіндігін береді. Қате, кемшілік – өсудің, дамудың жолы екендігін, сабақ талдау қате іздеу емес, көмек беру, тәжірибе алмасу үйрену болу керектігін назарға ұстайды, сабақты білімділікке, сауаттылыққа құруды талап ететін тәлімгер ұстаз.
Ұйымдастырушылық қабілеті, әріптестерінің алдында өзін биік етеді. Руханияттың жанашыры. Қоғамға рухани білім ауадай қажет тұста рухани-адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру, насихаттау жұмыстарының бел ортасынан апайды көреміз. Жан-жағына жағымды, интеллектісі жоғары тұлға. Халықаралық, республикалық, облыстық, аудандық, қалалық рухани іс-шаралардың ұйымдастырушысы. Жас ұрпаққа білім беру үнемі өзіңді жетілдіруді, дамытуды талап етеді деп, ізінен ерген сіңлілерін де баулып, қамқорлық танытады.
Өмірін ұрпақ тәрбиелеуге арнаған Айман Ералықызының әлі де болса маман даярлауда берері мол жан. Апайдың өмір жолы мен білім-ғылымдағы жетістіктері жан-жақты баяндалған мақалалар, әлеуметтік желіде посттар жарияланып жүр. Мен тек апайдың еңбек жолындағы кейбір педагогикалық қасиеттеріне ғана тоқталып өттім.
– Қашан көрсең күнге ұқсаған жанары,
Мұғалімдей абзал адам жоқ әлі.
Ұстаз көрген, өнеге көрген жан болсаң,
Ұстазыңнан шығып кетпе жоғары, – деген өлең өрнектерінде бейнеленген ой ұстаздарымыз қалыптастырған мектептің құрметтеушісі, жалғастырушысы екенімізді ойға салып тұрғандай.
Жан-жағына ізгілік сәулесін шашып, шуағын төгіп жүретін сіздей жандар көп болсын! Мерейлі жас құтты болсын!
Гүлзира САПАРҚЫЗЫ,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасының
қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<