КОЛЛЕДЖ МӘРТЕБЕСІ БЕРІЛДІ

650

0

КОЛЛЕДЖ МӘРТЕБЕСІ БЕРІЛДІ Сыр спортында сүйіншілейтін жаңалық. Талай дарабоз­ды тәрбиелеген Жалаңтөс баһадүр атындағы облыстық маман­дан­дырылған мектеп-интернатына «Дене тәрбиесі және спорт» ма­мандығы бойынша студенттер даярлайтын мектеп-интернат-колледжі мәртебесі берілді. Салтанатты шараға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев арнайы келіп, ұжымды жаңа оқу жылымен құттықтады.
– 2001 жылы  Қызылорда облысында спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернат болып тұңғыш рет ашылған бүгінгі мектеп-интернат-колледждің  тарихы терең. Талай қазақ баласы білім алып, ел игілігіне қызмет атқаруға өмірлік жолдамамен аттанды. Білім мен тәрбие беру жолында есімдері елге танымал, әлем, Азия чемпиондары мен Олимпиа­да жүл­дегерлері түлеп шықты. Ауыр атлетикадан Олимпиада ойын­дарының қола жүлдегері Александр Зайчиков, Олимпиада ойындарының қатысушылары, әлем чемпио­на­тының күміс жүл­­дегері Алмас Өтешов, еркін кү­рестен 3 дүркін Азия чемпионы   Дәулет ­Ниязбеков, дзюдодан жасөспірімдер Олим­пиада ойындарының жеңім­­пазы, тұң­ғыш әлем чемпио­ны Бауыржан Жауынтаев, еркін күрестен Олимпиада ойындарының қатысушысы Ғалымжан Өсербаев, ауыр атлети­кадан әлем чемпионатының қа­ты­сушысы Қуаныш Рахатов сын­ды спортшыларымызды мақ­­­­­­танышпен айта аламыз. Игі бас­­­­­тамаларыңызға шығар­машы­лық табыс, жаңа жетістіктер мен жеңіс, педагогикалық ізденіс, жаңа сер­пін тілеймін! – деді ай­мақ басшысы.
Тарлан спортшыларға қанат бітірген қара шаңырақты аралау барысында тынымсыз еңбек пен қажымас күш-жігердің куәсі болдық. Мектеп-интернаттың 5-сыныбында 200 оқушы білім алса,  колледжде «Дене тәрбиесі және спорт» мамандығы бойынша 20 студент оқиды екен. Биыл оқу орнында 8 ҚР спорт шебері, 38 спорт шеберлігіне  үміткер даярланып, ұлттық құраманың қатарына 31 оқушы өткен. 2017-2018 оқу жылында мектеп-интернат оқушылары  ҚР чемпионаттарында 132 медальға қол жеткізген. Нұрдәулет Аманқосов пен Құндыз Жылқыбай да Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанып, жерлестердің мерейін арттырды. Сондай-ақ, мектеп және колледж оқушылары арасындағы ҚР 9-шы жазғы спартакиадасында мектеп-интернат оқушылары 28 алтын, 14 күміс, 15 қола жүлде жеңіп алды. Алда жауапты сын көп. Қазан айында Аргентинаның Буэнос-Айрес қаласында өтетін ІІІ жазғы жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарына мектеп-интернат оқушылары Диас Бахрадин, Эльнура Нұрланова байдарка және каноэден есу  бойынша, Ерасыл Ергенбай мен Есенгелді Сәпи ауыр атлетикадан қатысып, жеңісті қолдан бермеуге күш салады.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,
«Сыр бойы».
 Суретті түсірген:
Б.ЕСЖАНОВ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<