Бүкіл саналы ғұмырын білім беру саласына арнаған, «Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері», «КСРО Ағарту ісінің үздігі», «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері», «Қызылорда қаласының құрметті азаматы» – Подольский Марк Захаровичтің 90 жас мерейтойы салтанатты түрде аталып өтілді.
Мерейтой кешіне облыс әкімінің орынбасары Балжан Шәменова, облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова, Қызылорда қалалық мәслихатының хатшысы Ибадулла Құттықожаев қатысып, ардагер ұстазға құрмет көрсетті.
Салтанатты шарада Балжан Мөрәліқызы облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың арнайы құттықтауын тапсырып, мерейлі мерекесімен құттықтады. Марк Захарович қаламызда ғана емес, аймағымызға белгілі ұлағатты ұстаз. Саналы ғұмырының барлығын педагогика саласына арнаған ардагер ұстазымыз жас мамандарға тәлімгерлік жасап, ұзақ жылғы ұстаздық тәжірибесін үйретуден жалықпай, аймағымыздың білім саласына елеулі үлес қосты, деді өңір басшысының орынбасары.
Марк Захарович еңбек жолын тәлімгер ретінде бастап, балалар үйінде тәрбиеші болып жұмыс жасаған. Макаренко атындағы №120 орта мектепте мұғалім, әрі қарай директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, №3 орта мектепте тәрбие жұмысын ұйымдастырушы болып жұмыс істеді.
1978 жылдан 2002 жылға дейін №198 орта мектептің директоры қызметін атқарған. Жұмыс жасаған жылдары экономика, мәдениет, ғылым, білім, спорт секілді түрлі қызмет салаларында еңбек етіп жүрген көптеген білімді шәкірттерді тәрбиеледі.
Қазірде көпшілік ұстазымызды ғұмырын білім саласына арнаған зиялы тұлға, білімі терең білікті басшы және талантты ұйымдастырушы, нағыз көшбасшы деп таниды. Оның басшылығымен түрлі жобалар жүзеге асырылып, білім ошағында тігін ісі бойынша шағын цех, бәліш цехы, кәдесый жасау цехы, шеберханалар жабдықталды. Сонымен қатар №198 орта мектепті басқарған уақытта республикадағы алғашқы миллионер оқу ошағының бірі болды.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<