Қай дәуірде болмасын мемлекеттің қуаты ондағы білім деңгейімен бағаланып, дамуы сол арқылы қамтамасыз етіледі. Қазақстан Тәуелсіздік алған ширек ғасырдан астам уақыттан бері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясаты арқасында әлемдегі өркениет көшін бастаған мемлекеттердің қатарына қосылу мақсатында табандылықпен еңбек етуде. Бұл орайда облыста, қалада да айтарлықтай игі істер атқарылуда. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың білім саласына айтарлықтай көңіл бөлуінің нәтижесінде соңғы жылдары аймақта көптеген жаңа мектептер бой көтерді. Ұстаздар еңбегі бағаланып, оларға гранттар бөліне бастады. Ұстаздар қауымының беделі артып келеді.
Қызылорда қаласындағы №212 орта мектеп жуырда өзінің 50 жылдық мерейтойын атап өтпекші. Сонау 1969 жылы өзінің алғашқы түлектерін қанаттандырып ұшырған өрендер бүгінде жетпістің белесіне жақындап қалды. Олардың бірқатары қазір елімізге, Сыр өңіріне белгілі тұлғалар. Осы орайда бүгінгі әңгімемді мектеп тарихынан бастағым келеді. Ал бұл – өнегелі, ұлағатты істерге толы тарих.
Жарты ғасыр бұрын оқушылары мен педагогикалық ұжымының туын желбіретіп, білім ұясына бастап келген алғашқы директор Мырзахмет Жетпісбаев ағайдың ұлағатты ісі ел есінде ерекше аталады. Болмысы бөлек білікті ұстаз оқу ошағына 20 жыл басшылық жасады. Ол кісінің тұсында пән мұғалімдері, білім ұжымы ретінде мектебіміз облыстық байқауларға қатысты, жүлдегер атанды, республикалық жолдамаларға ие болды. Әсіресе, физика, биология пәндерін оқытуда техникалық құрал-жабдықтарды қолданудың тиімділігін дәлелдеп, республика бойынша «Атаулы мектеп» атанды. Кейін мектепке облыстық, республикалық деңгейдегі басшылар көптеп келді. Ардагер-ұстаздар Қазақ КСР Оқу-ағарту министрі Қожахмет Балахметовтің білім ордасына келгенін айтады. Министр сол сапарында мектеп ұжымына ерекше алғысын білдірген екен. Әр жылдары мектеп директоры М.Жетпісбаевтан бастап Р.Имандиева, Ә.Кенжебаев, С.Мұқтаров, Т.Жалбырова, К.Наушабаева, М.Нұралиева, Ж.Тәшкенбаева, Ш.Қанбаева, Ж.Қараев, Н.Бәйімбетова, Ш.Жанғазиева, А.Балмағамбетова, К.Отызбаев, Т.Молдабаева, Ж.Жәнібекова, Н.Тастанова, Т.Жұмалиев, Р.Мұханқызы, А.Елеусінов сынды білікті мамандар «Қазақ КСР-і білім беру ісінің үздігі» атанды.
Кейін мектепті Балтабай Салқынбаев басқарған жылдары акт залы мен кіреберісі заманауи жөндеуден өткізілді. 1991-1998 жылдарда мектеп тізгінін ұстаған Алтынсары Шүренов жас кадрларды даярлауға баса назар аударды. Сондай-ақ, Айғани Жәлиев басшылықта болған жылдары білім ошағы құрылымдық тұрғыдан өзгеріп, мектеп-гимназия мәртебесін алуға қол жеткізді. Оның тұсында мектептің материалдық-техникалық базасы анағұрлым жақсарды. Лингафон, информатика кабинеттері ашылды. Тереңдетіліп оқытылатын сыныптар көбейді. Бұдан кейінгі жылдары Съезбек Ахметов, Асқар Садықов сынды білімді азаматтар мектеп басшылығында қызмет етті. Олардың қатарында еліміз тәуелсіздік алған қиын кезеңдерде мектеп ұжымын басқарған Жолдас Нәсібеков пен Дариға Мұнарбаева есімдерін айрықша атап өткім келеді. Мен мектеп тізгінін қолға алған сәттен бастап ең алдымен оқу-тәрбие үдерісі мен шаруашылық жұмыстарының үйлесімді дамуына, ұжымның психологиялық ахуалының қалыпты күйде болуына барынша күш жұмсап келемін. Өзіме дейінгі ұлы ұстаздардың тәжірибесіне, өнегелі істеріне сүйене отырып, өзара сыйластық, талапшыл, тілеулестік жолын ұстандым. Оқушылардың он бір жыл алған білімінің сыналар кезеңі – ҰБТ-ға дайындыққа ұжым барынша жұмылдырылды. Осының нәтижесінде соңғы жылдары мектебіміз қалада алғашқы ондық қатарына енгенін айрықша атап өткім келеді. Бұл бүгінгі ұстаздардың ерен еңбегінің нәтижесі болып табылады.
«Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» дейді дана қазақ. Еліне еңбегі сіңген елеулі тұлғалардың ізгі істерін ұрпақ алдында өнеге ету – бізге парыз. Уақыт тамырын дөп басып, еңбекшілдігі, қажыр-қайратының арқасында елеулі жетістіктерге қол жеткізіп, есімдері елге танылған ұстаздар есімдерін бүгінгі мерейтой қарсаңында атап өтсем деймін. Олардың қатарында Д.Байханов, К.Тұрлығұлова, Т.Таханова, Б.Оразбақова, Н.Ким, Ж.Сұлтанова, М.Әліпбаева, Т.Мұханова, З.Жақанова, Р.Әуезова, П.Сауханова, Ж.Бисенова, Ш.Төкенов, Г.Маликова, М.Спатаева, Ж.Нұрымжанов, Д.Есмағамбетов, Т.Әбдіхалықова, З.Есенбекова, Б.Смайлова, Н.Шоманова, Р.Өтегенова, Ж.Қалқұлова, А.Дүзелбаева, Н.Жүсіпбаева, Ж.Әбденова, А.Өмірсерікова сияқты ұстаздар есімін атағым келеді.
«Елу жылда ел жаңа» демекші, өткен жарты ғасырда тарихы тереңде жатқан мектебімізден қанаттанып ұшқан азаматтар қатарында бүгінде облысқа, республикаға белгілі танымал тұлғалар, қоғам қайраткерлері, кәсіпкерлер бар. Қазақстан демократиялық қозғалысы жетекшілерінің бірі Д.Көшім, облыстық су шаруашылығы саласын абыройлы басқарып жүрген Ә.Қарлықанов, «Qyzylorda» телеарнасының директоры Ж.Қарабала, Жоғарғы сот судьясы С.Баймаханов, республикаға белгілі журналистер Ж.Ақсақалов, А.Шалғынбаева, кәсіпкер Е.Рүстемов, облыстық мәслихат депутаты М.Жансақалов, ғалым-ұстаз Е.Қодар сынды азаматтар бар.
№212 мектеп түлектерінің қатарында «Сыр бойы» газетінде қызмет атқарып келе жатқан Ыдырыс Тәжіұлы, өмірден өтіп кеткен талантты журналист Айғали Қарабалаев, қалалық, облыстық білім беру жүйесінде басшылық қызметтерде болған Мирамкүл Қиясова, Нүрия Сәдібекова, Ғалым Бекенов, 2012 жылы әуе апатынан қайтыс болған ҚР Қорғаныс министрлігі шекара әскерлері қызметінің бастығы, полковник Ерлан Махаев есімдерін құрметпен атағым келеді. Сондай-ақ, мұнан да өзге мектеп түлектері бүгінде облыстың, республиканың әртүрлі аймақтарында ел игілігі үшін жемісті қызмет етіп жүр.
Қазақстан тәуелсіздік алған кезеңнен бастап біздің өмірге деген көзқарасымыз өзгерді. Қазақтың тамыры тереңде жатқан ұлттық құндылықтары алға шықты. Ата дәстүріне сай өнегелі, ұлағатты істерді бойымызға сіңіру арқылы шәкірттерді жаңа бағытта оқытып, тәрбиелеудің мәні арта түсті. Бүгінгі ұрпаққа білім мен тәрбие беруде М.Мадиярова, Б.Мәмбет, Р.Ысқақова, А.Асқарова, А.Нұртаева, А.Омаров есімдері құрметке лайық.
Қандай қоғам болмасын ұрпақ тәрбиесіндегі ізгілік атаулы барлығына тән ұғым. Бұл орайда біздің білімді, білікті ұстаздарымыздың жаңа ұрпақ тәрбиесіндегі ісі жалғасын тауып, олардың жаңа биіктерді бағындыратынына сенімдімін.
Кабира Тілеуова,
№212 мектеп директоры.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<