Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында туған жердің әрбір перзенті сол өлкенің тау-тасы мен қырқасы, сондай-ақ, ел есінде қалған дара тұлғалары туралы терең білуі керектігін атап өтіп, осы тұрғыда орта мектептерде «Өлкетану» оқыту курсын енгізу жөнінде арнайы тапсырма берген болатын. Осы бастама аясындағы алғашқы қадам біздің аймақтан бастау алды.
Дәлірек айтсақ, облыстық оқу орталығы әзірлеген Қызылорда облысы бойынша жалпы білім беретін орта мектептердің 5-7-сыныптарына арналған «Өлкетану» оқулығы 2019 жылдың басынан қолданысқа енгізілді. Осы орайда М.Мәметова атындағы жоғары педагогикалық колледжінде өткен жаңа оқулықтың тұсаукесер шарасына облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов қатысты.
– Мемлекет басшысы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ел дамуының негізгі төрт бағытын атап көрсеткен болатын. Олар тәуелсіз мемлекеттің іргетасын қалау, әлеуметтік бағдарланған қоғам құру, макроэкономиканы қалыптастыру және қоғамдық ойды қайта құру мәселесі. Осының ішінде қоғамдық ойды қайта құру бағытында ұлттық ұстынымызға сай тарихи тағылымымыз бен дәстүрлі құндылығымызды сақтап, оны келесі ұрпаққа табыстау – мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі. Бұл орайда Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында білім саласын дамытудың бірнеше нақты міндеттері атап көрсетілген. Соның бірі орта мектептерде «Өлкетану» оқу курсын енгізу болатын. Өткен жылдың соңында «Білім» баспасынан жарық көрген жаңа оқулық биылғы жылдан бастап оқыту бағдарламасына енгізіліп отыр. Өскелең ұрпаққа өлке тарихын танытуда бұл оқулықтың орны ерекше, – деді Р.Рүстемов.
Шара барысында оқулық авторлары облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының бөлім басшысы, филология ғылымдарының кандидаты Гүлмира Әшірбекова, М.Мәметова атындағы жоғары колледж директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Бақытжан Сайлыбаев, Қорқыт ата атындағы ҚМУ доценті, тарих ғылымдарының докторы Дастан Сәтбай «Өлкетану» курсының өзектілігі мен мазмұны туралы баяндап берді. Олардың айтуынша, оқулыққа «Қазақстан тарихы», «Қазақ әдебиеті», «Музыка», «География» пәндерінен Қызылорда өңіріне тікелей қатысты тақырыптарға сай мәліметтер 20 тараумен орналасқан. Аймақ тарихына, географиялық ерекшеліктеріне, әдебиеті мен музыкасына қатысты деректер әрбір оқушының туған өлкесін жан-жақты әрі терең тануына жол ашады. Оған қоса, ізденіс жұмыстары, білімін тексеруге арналған сұрақтар оқушының жас ерекшелігіне сай нақты әрі қызықты етіп құрастырылған. Тақырыпқа байланысты термин сөздерге түсініктеме беру айдары енгізілген.
Ғазиза ӘБІЛДА.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<