(Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері Алдажар Әбіловпен сұхбат)
– Алдажар ағай, жақында ғұмыржасыңыздың 65-інші белесіне шықтыңыз. Сіздің өміріңізбен біте қайнасқан университетке 85 жыл толып отыр. Қабат келген қос тойыңыз құтты болсын.
Осы білім қарашаңырағына келгенге дейінгі кезеңдерді бір сәт еске түсіріңізші.
– Мен 1982 жылы С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірдім. Ол кезде осылай аталады, қысқаша – «КазГУ». Университет маған Арқалық пединститутына жолдама берді. Алайда, сол екі ортада институт бітіріп тұрған біраз офицерді әскери дайындыққа алып кетті.
– Офицерсіз бе?
– Университетте әскери кафедра болды, сол арқылы мен лейтенант шенін алып шыққанмын. Қордай полигонына алып барды, таулы жерлердегі соғыс тәсілдерін үйретті. Содан 7-қараша қарсаңында бір-ақ босатты. Жолдамамды алып Арқалыққа бардым. Ол жақта мұғалім маман тапшы екен, қосымша облыстық оқу бөлімінде де жұмыс істейсің деді. Бөтен жер, күн де суық екен, қарашаның басында-ақ арқа-басымды аяз қарып тастады. Содан үндеместен Алматы қайдасың деп тартып кеттім.
«Құланды» жылқы зауытында істейтін Сейтмағанбет Жанәлиев деген нағашым бар еді. Өзі белгілі кісі, Отан соғысының ардагері, Социалистік Еңбек Ері. Нағашыма арқа сүйейтін кез келді дедім. Сөйттім де сол кісінің атынан Қазақ ССР Оқу-ағарту министрі Қажахмет Балахметовке арыз жаздым. Мазмұны белгілі, Әбіловті Қызылордаға жіберуге көмектес деген. Оны өз қолыммен министрлікке апарып беріп, қайта-қайта сол жерді төңіректеп жүрдім. Үшінші күн дегенде министрдің қабылдау бөлмесіне барған едім, хатшы қыз «министр сізді кірсін деп жатыр» деді.
Министр қалың қабақты, тығыршықтай қараторы кісі екен. Менің жазған арызым алдында жатыр. Жағдайымды түсіндіріп айттым.
Министр дереу телефонын көтеріп, Арқалық пединститутының ректорын қосыңыз деді. Арғы жақтан дауыс естілгенде:
– Барған кадрға неге еге болмайсың? – деп қаққан терідей дүңк ете қалды. Басқа ештеме демеді, тіпті жауап та күтпестен телефон құлағын қоя салды. Сосын қызметкеріне мені тапсырып: «Қызылорда пединститутына жолдама жазып беріңіз» деді.
– Сонымен, бірден Қызылорда пединститутына келіп, ұстаздық іске кірісіп кеттіңіз бе?
– Жоқ, кірісе алмадым. Бұл – 1982 жыл, пединститут маған 1991 жылы, тоғыз жылдан соң ғана есік ашты.
– Неге қабылдамады?
– Бірден ректор Оралхан Камардиновке кіргенмін. «Кеш келіп тұрсың, жұмыс жоқ» деді. Бірақ, далада қалмайтынымды айтты. Облыстық оқу бөліміне жіберді. Олар маған облыстық партия комитетіне барып көр деді. «Обкомдағы» барған кісім – үгіт-насихат бөлімі меңгерушісінің орынбасары Әбдіжәлел Бәкіров. Әбекең мені облыстық музейге жіберді. Осылайша, ақыры пединститутқа бармасымды біліп, обкомға жолдамамды қалдырып кете бардым.
Музей директоры Көмекбай Қаракөзов аға ғылыми қызметкер қылып жұмысқа алды.
– Еңбек жолыңыз осылай басталды ма?
– Иә. Музей қазіргі орыс шіркеуінде орналасқан екен. Мемлекет тарапынан дін атаулыға көңіл бөлінбейтін заман. Қала орталығындағы «Айтбай» мешітінің есігінде қара құлып тұратын.
Мен барған кезде шіркеудегі музейдің біраз экспонатын осы кездегі музей үйіне тасып жатты. Ол бұрын қонақ үй болған. Жаңа қонақ үй салынған соң оны музейге берген. Сол көшіру жұмысына кірісіп кеттім. Келесі жылы музей түгел көшіп болды. Мені басшылар Қармақшы ауданынан жәдігер жинау жұмысына бекітіп қойды. Қолымызда ақша бар, музейге керек зат болса, сатып аламыз.
Бүгінде музейде тұрған Кеңес одағының батыры Тәйімбет Көмекбаевтың оқ тескен шинелін, Зайыр Рахатовтың солдат кәтәлөгін мен алып келгенмін. Бұл түңке кәтәлөктің сыртына Гитлерді боқтаған сөз жазылған. Бір кісілер мұндай затты неге музейге қоясыңдар деп кертартпалады. Шынында, оның тарихы қызық. Немістер кеңес солдаттарының көшпелі асханасын үнемі зеңбірекпен атып, жоқ қылып жібереді екен. Қанша жасырып бақса да, неміс зеңбірегінің оғы дәл көшпелі асхананың үстіне түседі дейді. Содан солдаттар аштан бұралып, ас құятын кәтәлөктері қақсып, бас көтере алмай қалған. Мұндай жағдайда олар Гитлердің атына қандай сөз айту керек? Ал енді бүгін бұл тарих емес пе?
Бір үйден Темірбек Жүргеновтің кемер белдігін кезіктірдік. Соны үш мың жеті жүз сомға бермеді. Бір кісінің қолынан алтын жіппен тігілген кебіс те көрдік. Ол да сонша ақшаға сатпады. Сол заманда айлық жалақы жүз сомнан сәл-ақ асады. Сонда біз айтқан әлгі ақшаның нарқы қанша? Дегенмен, атадан қалған бұйымды ақшадан қымбат санайтын ағайынға риза болғанмын.
– Кейін қайта сұрап бармадыңыз ба? Ондай мұралар музейде тұрса, халық қазынасына айналар еді ғой.
– Музейде көп жүрген жоқпын. Облыстық комсомол комитетіне қызметке бардым. Осы жерде біраз жүріп, туған ауылыма, Арал ауданы «Арал» совхозына кеттім. Ата-анамның қасында болғым келді. Әкем – мал дәрігері, шешем – отбасы шаруасындағы адам. Көпбалалы отбасымыз. Оларға тапқан нанымды жегізбесем, перзенттік парызым қайда қалмақ? Ауылда екі жыл жұмыс істедім, сосын аудандық партия комитеті қызметке шақырды.
Айтпақшы, маған әлгі жәдігерлердің тағдыры белгісіз күйде қалды.
– Әр нәрсенің бір себебі болады емес пе, пединститутқа қалай келдіңіз?
– 1987 жылы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Еркін Әуелбеков обкомның ісқағаздарының арасынан баяғы министрліктен менің атыма пединститутқа берілген жолдаманы көріп қалады. Ол кісі Әбілов деген фамилияның аудандық партия комитетінде жүргенін сұрамай-ақ біледі. «Бұл жігіт неге мамандығы бойынша қызмет жасамай жүр?», – деп сұрайды сосын. Әуелбеков кадр мәселесіне өте қатты қарайтын.
Облыс басшысының сол сұрағы менің Аралдағы №13 орта мектеп директорының орынбасары болып шыға келуіме тікелей әсер етіпті. Оны айтасыз, мені пединститут қабылдау комиссиясына шақыратын болды. Сөйтіп үш жыл мемлекеттік емтихан қабылдау комиссиясының мүшесі болдым.
Бұл күні аты көпке белгілі ғалым, профессор Өтеубай Қожақов екеуміз бұрын музейде бірге жұмыс істегенбіз. Сондықтан екеуміз бір-бірімізді іздеп тұрамыз. Сол уақытта Өтеубай пединститутта жүрген. Соған барсам, институт оқытушысы Медеуәлі Бимағанбетов ағай бір ісқағазды қиялап отыр екен. Сәлем бердім, шамасы орысшадан аударуға сәл қиналыңқырағандай. «Маған беріңізші» деп тез аударып бердім. Институтта диплом жұмысым аударма тақырыбы болған, орысшаға жетікпін.
Риза болған ағай қолымнан жетектеді де, қарсылығыма қарамастан бірден ректор Досманбетовке алып кірді. «Мына жігіт бізге керек, жақсы маман, аудармашы» деді. Ректор да Бимағанбетовтің түпкі ойын бірден түсінді білем, бұйрық берді де жіберді.
– Содан бастап осы білім қарашаңырағында келе жатырсыз. Біз – студент кезімізде сіздің алдыңыздан дәріс алған шәкіртпіз. Сіз жасаған еңбектердің біразын білеміз. «Сыр түлегі» атты оқу орны газетінің алғашқы редакторы болдыңыз. Қазақ тілінің мәртебесі үшін көп еңбектендіңіз. Оқытушылығыңызға тікелей қатысты болмаса да, сірескен орыс тілін қолдануды оңай көретін біраз мекемелерде қазақ тілді баспасөз қызметінің ашылуына септігіңіз тиді. Осындай қызметтеріңізді бір саралап өтсеңіз…
– Алғашқы кезде оқытушылықпен бірге кадр бөліміндегі ісқағаздарды аудару жұмыстарымен айналыстым.
Кейін диплом жұмысымды кеңейтіп, «Әбілмәжін Жұмабаевтың көркем аудармадағы шеберлігі» деген тақырыппен кандидаттық диссертация қорғадым.
1998-1999 жылдары факультет деканының орынбасары, 1999-2004 жылдары «Қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика» кафедрасының меңгерушісі болдым. 2004-2006 жылдары ғылыми-зерттеу жұмысыма байланысты аға ғылыми қызметкерлікке ауыстым. 2000-2015 жылдары ҚР Ішкі істер министрлігінің училищесінде оқытушы, ОІІД мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімінің редакторы, 2005-2012 жылдары Қызылорда Қазақ-Қытай университетінде ғылыми жұмыстар жөніндегі проректор қызметтерін қоса атқардым. 2006 жылдан осы кезге дейін «Қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика» кафедрасының доценті қызметін атқарып келемін. Тілдерді дамыту өңірлік орталығы ғылыми-әдістемелік кеңесінің мүшесімін.
– Университеттің дамуы мен кең қанат жаюына кімдердің үлесі болды деп білесіз?
– Сөз жоқ, осы жайлы айтылғанда Бақберген Досманбетов пен Қылышбай Бисеновтің есімі алдымен аталады. Бұл екі кісінің білімділігі, іскерлігі, қарапайымдылығы, көпшілдігі әркімге үлгі. Әрине, «бір басшыға – мың қосшы» дегендей, оқу ошағының бүгінгі күнге жетуіне ғалым-оқытушылардың, қызметкерлердің қосқан қомақты үлесі бар.
Біздің университеттің білім сапасын арттыруда, маман дайындауда алыс-жақын шетелдердегі әріптестерінің арасында беделі жоғары. Университеттің АҚШ, Египет, Корея, Канада, Ресей, Түркия, тағы басқа да елдермен ғылыми және мәдени ынтымақтастығы орнатылған. Халықаралық білім кеңістігіндегі орны айқын.
Маған осындай білім қарашаңырағында еңбек ету бақыты бұйырды.
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<