Ұстаз туралы сөз қозғағанда, көңілімізді бір ерекше сезім билейтіні рас. Оның себебі, адам баласының қай-қайсысы да қолына алғаш қалам ұстатып, оқып-білуге үйреткен, өмірдің сыр-сипатын танытқан ұстаз еңбегінің өлшеусіз екендігі болса керек. Өңірдің білім беру саласында қырық жылдай қызмет атқарып, ғұмырының сәулелі сәттерін ұрпақ тәрбиесіне арнаған ұстаз Рыскүл Жорабекова бүгінде еңбегінің зейнетін көріп отырған бақытта ана.
Ол 1954 жылы Жаңақорған ауданы, «Екпінді» ауылында, көпбалалы отбасында дүниеге келген. Әкесі Құран ұстаған кісі болған. Ауыл мектебінен орта білім алған соң, 1971 жылы Қызылорда қаласындағы Н.Гоголь атындағы педагогикалық институттың филология факультетіне оқуға түсіп, 1975 жылы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығын алып шығады. Алдына биік мақсат қойған арманшыл жас институтта жоғары стипендиямен оқып, сүйікті мамандығын терең меңгеруге бар күшін салды.
Жас маман еңбек жолын 1975 жылы 1 қыркүйекте Жаңақорған ауданы Сунақ ата совхозы №166 орта мектептен бастап, 1976 жылы Қармақшы ауданы №183 орта мектепте жалғастырды. Ал 1978 жылдан бастап «Жосалы» совхозы, қазіргі Төребай би ауылындағы №199 орта мектебінде табан аудармай 37 жыл мұғалімдік қызмет етті.
– Мектеп директоры Тұрсынкүл Әбдиева мінезі қатал, талапшыл адам болды. Бірақ басшының сол талапшылдығының арқасында жұмыстың да нәтижесі жоғары болатын, – дейді Рыскүл апай.
Бастапқы теориялық білімі жоғары, оқытудың әдіс-тәсілдерін толық меңгерген, сабақтары сапалы әрі жан-жақтылығымен ерекшеленетін І санатты ұстаз Рыскүл Жорабекова сол уақыттың талабына сай жоғары жауапкершілікпен қызмет етті. Оның тынымсыз ізденіспен жинақтаған тәжірибесі өзінен кейінгі жас мұғалімдерге үлгі болатын. Осы уақыт аралығында ұстаздың өз мамандығына деген адалдығы, биік жауапкершілігі әріптестері тарапынан лайықты бағаланды.
Күнделікті сабақ жоспарын шығармашылықпен ұштастыра білген ұстаз шәкірттерінің пәнге деген қызығушылығын арттыра отырып, әрі қарай өз ынтасымен ізденіп, оқып-білуіне мән берді. Сондықтан оқушылары жыл сайын жалпы білім беретін пәндік олимпиададан жүлделі орындар иеленетін. Сонымен қатар, сабақ берген оқушылары ҰБТ сынағында жоғары нәтиже көрсетіп, ұстаз еңбегін ақтай білді.
Бүгінде Рыскүл апайдың шәкірттері еліміздің әр түкпірінде, бірқатары шетелге қоныс аударып, қызмет етіп жатыр. Ұстаз еңбегінің жемісі болар, олар қай елде жүрсе де ана тілін айрықша құрметтейді. Туған жерге табаны тисе, міндетті түрде сүйікті мұғаліміне келіп, сәлем береді. Сондай шәкірттерінің бірі – Қайрат Сматов Москвада оқып, жоғары білім алған. Қазір Австралия мемлекетінің Сидней қаласында тұрып жатыр. Автомобиль құрылысының білікті маманы. Өзге де шәкірттері өнер, білім, ғылым жолында өз бағытын тауып, қоғамға, елге қалтқысыз қызмет етіп жүр.
Тағдыр табыстырған жолдасы Тыныштық Жұмабаев та білім саласында еңбек етті. Өндіріс бригадасын басқарды. Ол уақытта ауылдың егін-терім жұмысына оқушылар да көмек беретін. Ерлі-зайыпты мұғалімдер ертелі-кеш жұмыста болатын. Түске дейін мектепте сабақ берсе, түстен кейін қырман басында болып, ауылдың қарбалас тірлігіне қолғабыс ететін.
– Өзім ұстаз болғандықтан, осы күні немерелерімнің сабағын қадағалап отырамын. Сонда байқағаным, қазіргі оқу бағдарламасы өте күрделі. Жыл сайын жаңа өзгерістер енгізіліп отырады. Ұрпақ тәрбиелеудегі көпжылдық тәжірибеме сүйенсем, білім беру ісінде тұрақты жүйе қалыптасуы қажет. Әсіресе, оқулықтарды әзірлеуге терең мән беруге тиіспіз. Осы орайда А.Байтұрсынұлы, Ы.Алтынсарин негізін қалаған білім беру әдісі дұрыс еді деп ойлаймын. Онда білім берумен қатар, қарапайым адамгершілік қағидалары, ұлттық тәрбиенің ізі бар болатын.
Екінші жағы, қазір педагог мәртебесі заңмен бекітілген. Мұғалімдердің еңбекақылары еселеп өсті. Сағат көлемі ықшамдалған. Мектептер заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Кез келген ақпарат қолжетімді. Бұрын демалыс бір-ақ күн болса, қазір екі күн демалады.
Ақпараттардан қарап отырамыз, Президент тапсырмасымен, облыста бірнеше «Жайлы мектеп» салынып жатыр. Оған қоса, «Физика-математика мектеп-интернаты», «Оқушылар үйі», Руханият орталықтары, тағы басқа да білім мен тәрбие беретін орталықтар салынуда. Осы орайда мұғалімдер мемлекеттің қолдауын сезініп, еңбектерін адал атқарса, ұрпақ тәрбиесін ұлттық құндылықтармен ұштастыра отырып, келешектің мықты мамандарын қалыптастырса дейміз. Біз – ардагерлер, әріптестерімізге әрдайым тілекшіміз, – дейді Рыскүл апай.
Жасыратыны жоқ, бүгінгі қоғамда бала тәрбиесі басты тақырып болып отыр. Ардагер ұстаздың айтуынша, оның себебі, ең әуелі, ата-ана жауапкершілігінің төмендігі. Содан соң қазір әр баланың қолында жүрген ұялы телефонның да пайдасы мен зияны бірдей. Толассыз ақпарат ағыны, оның ішінде баланың, жасөспірімнің сана деңгейіне сай келмейтін келеңсіздіктер көп. Бұл ретте баланың бос уақытын тиімді падалануына ата-ана да, мұғалім де барынша көңіл бөлуі қажет.
Жұмабаевтар әулеті мұғалімдер династиясы десек болады. Шаңырақ иесі Тыныштық ағамыз осы салада ұзақ жыл еңбек етіп, өмірден өтті. Ал қазір Рыскүл апайдың ұлы мен келіні, екі қызы мұғалім. Олар да қоғам алдындағы өз міндеттерін абыроймен атқарып келеді. Кенже ұлы Болат – журналистік жолды таңдаған, қазір қала әкімінің баспасөз хатшысы.
Ардагер-ұстаз Рыскүл Жорабекова зейнет демалысына шықса да қоғамдық жұмыстан қол үзген жоқ. Білім беру ұйымының қамқоршылық кеңесінің мүшесі. Ауылдық-аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы жұмыстарын атқарып жүр.
Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы»





