Қазақстанда Ұлттық бірыңғай тестілеудің негізгі кезеңі аяқталды. Қорытынды жаман емес. Былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда едәуір айырмашылық жоқ. Биыл еліміз бойынша 210 мыңнан астам талапкер тест тапсырды. Орташа балл 69 болса, үздік нәтиже – 140 балл. Сондай-ақ 598 бала 130 балдан жоғары жинаса, 161 мың талапкер шекті балдан өтті. Оқушылардың 76,5 пайызы қазақ тілінде, 23,5 пайызы орыс тілінде және 149-ы ағылшын тілінде тапсырды. Дәстүрге айналған тестілеу электронды форматта өтті. Талапкерлерге екі рет тапсыру мүмкіндігі берілді. Нәтижесінде жалпы 381 мыңнан астам тест тапсыру рәсімі жүргізілді.
ҰБТ кезінде 711 тәртіп бұзу дерегі тіркелген. Оқушылар смартфон, смарт-сағат, микроқұлаққап сынды құрылғыларды пайдаланған, салдарынан 326 адам тест тапсырудан шеттетілсе, 380 адам аудиториядан шығарылып, нәтижелері жойылған. Бейнебақылау негізінде тағы 5 адамның жұмысы жарамсыз деп танылған. Осы орайда жауапты министрлік бейнежазбаларды талдау 31 қазанға дейін жалғасатынын айтты. Өйткені, бұл барлық қатысушылар үшін нәтижелердің әділдігі мен объективтілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Бұл – жалпы көрсеткіш, енді облыстың дерегіне зер салайық. Облыстық білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, 2024-2025 оқу жылында 11-сыныпты 9 549 оқушы аяқтаған. Оның ішінде 756 оқушы «Алтын белгі» және 1 028 оқушы «Үздік аттестат» иегері атанған. ҰБТ-ға 8 402 түлек немесе бітірушілердің 88 пайызы қатысты. Орташа балл 88,6, өткен жылмен салыстырғанда 1,5 балға артқан. Шекті деңгейден 386 бала өтпесе, 1398 бітіруші 100 және одан жоғары балл жинаған. Аймақтағы ең жоғары балл – 138. Оны Қармақшы ауданы, Төребай би ауылы №199 орта мектебінің түлегі Бақдәулет Сұлтанбеков пен Байқоңыр қаласы №277 мектеп-лицейінің оқушысы Мәди Жәнібеков иемденді. Қазір жоғары оқу орындарына оқуға түсу үшін мемлекеттік грант конкурсына құжат қабылдау аяқталды. Нәтижесі 10 тамызда белгілі болады.
ҰБТ – оқушылар үшін жауапты кезең. Он бір жыл алған білімін саралайтын уақыт. Жоғары көрсеткішке ие болса, мемлекеттік грантқа қол жеткізеді. Осылайша тегін білім алып, жас маман атанады. Төмен балл жинаса, ақылы негізде білім алады. Онда да ата-анасының оқу ақысын төлеуге жағдайы келсе. Бұдан бөлек қосымша бағдарламалар арқылы да грантта оқуға мүмкіндік қарастырылған. Оның да өз талаптары бар. Ал ата-ана баласының грант иегері атанып, бағы жанғанын қалайды. Сол үшін қосымша ақылы орталықтарға беріп, жоғары балл жинағанын күтеді. Мұндайда еңбектің 100 пайыз ақталуы екіталай. Бұл ақылы қосымшаға барса, грантқа түседі деген сөз емес.
Қазір түлектер нәтижені тағатсыздана күтіп отыр. Енді биыл қандай мамандықтарға грант көп бөлінді, қандай мамандар сұранысқа ие екенін зерттеп көрелік.
Осы орайда Ғылым және жоғары білім министрлігі 2025-2026 оқу жылына қанша грант бөлінгенін және қандай салаларға басымдық берілгенін, ел экономикасын көтеру үшін қандай мамандар сұранысқа ие екенін жариялады. Министрліктің мәліметінше, биылғы оқу жылына бөлінетін грант былтырғы жылмен бірдей, бакалавриат 77 мың, магистратура 10 мың және докторантураға 3 мыңнан астам грант бөлінген. Мемлекеттік білім беру тапсырысы Еңбек министрлігі ұсынған кадрларға деген қажеттіліктің орта мерзімді болжамы негізінде жасалған. Министрлікке қарасты Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Жанна Есинбаева сараланған гранттар мен «Серпін» бағдарламасы жайлы айтты.
– Былтыр да 78 мыңға жуық грант бөлінген еді. Биыл мемлекеттік білім беру тапсырысы осы көлемде сақталды. Педагогика саласына 13 мыңнан астам, ақпараттық коммуникациялық технологияларға және инженерлік бағытта 20 мыңнан астам грант қарастырылған. Басқа салаларға қажеттілігіне сай бөлінді. Біздің экономикамызға қазір инженер, су және энергетика, жол құрылысы, көлік, әуе жолдары мен теміржол саласындағы мамандар қажет. Сол себепті дәл осы салаларға тиісті гранттар бөлініп отыр. Талапкерлердің арасында медициналық, педагогикалық және инженерлік бағыттарда, биотехнология, жеңіл өнеркәсіп, тау-кен істері мамандарына сұраныс көп. Былтырмен салыстырғанда грант көлемі сақталады, – деді ол.
Еңбек министрлігі 2030 жылға дейін 800 мыңнан астам жоғары білімді маман қажет екенін айтады. Оның 60 пайызы – инженерлік білімі бар мамандар. Биыл сараланған гранттар екі дайындық бағытына беріліп отыр. Ол – педагогикалық және әлеуметтік ғылымдар саласы. Осы орайда ведомство өкілі былтырғыдай 300 грант қарастырылғанын айтты. Пилоттық жоба биыл да жалғасады. Сараланған гранттың негізгі ерекшелігі – конкурс кезінде грант ала алмаған, бірақ Ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары балл алған талапкерлерге грантқа түсуге мүмкіндік береді. Сараланған грант байқауы негізгі байқаудан бөлек өткізіледі. Жергілікті атқарушы органдардың, жұмыс берушілер тарапынан және «Қазақстан халқына» қорынан берілетін гранттар конкурсы аяқталған соң, сараланған гранттар байқауы өтеді. Аталған гранттың құны 500 мың теңгеден басталады. Мемлекет тарапынан 500 мың теңге төленеді, ал қалған жартысын талапкердің өзі немесе басқа де демеушілік қаржы есебінен төлеу мүмкіндігі қарастырылған. Сараланған грантқа ешқандай құжат тапсырудың қажеті жоқ. Негізгі гранттар конкурсы 13-20 шілде аралығында өтеді, бір апта бойы құжаттар қабылданады. Сол тапсырылған құжат жеткілікті, ол сараланған гранттар конкурсына жарамды. Конкурс базада сақталған талапкерлер арасында жүргізіледі екен.
Сондай-ақ биыл «Серпін» бағдарламасына 2 мыңнан астам грант бөлінген. Айта кетейік, стандартты грант бойынша жұмыс өтеу мерзімі 3 жыл болса, «Серпін» бағдарламасымен білім алған студенттер үшін 2 жыл.
Бағамдап қарасақ, біздің елде оқимын деген балаға мүмкіндік көп. Ол үшін уақытты сапалы білім алуға жұмсау керек. «Оқу инемен құдық қазғандай» деп бекер айтылмаған. Он бір жыл алған білім ҰБТ кезінде сыналады. Тестті ойдағыдай тапсырып, жоғары балл алса, мемлекеттен бөлінетін грант жеңімпазы атанады. Өзге өңірдің жоғары оқу орнына қабылданса, жатақхана беріледі. Сессияда жақсы баға алса, шәкіртақыдан қағылмайды. Студенттердің шәкіртақысы да жыл сайын артуда. Бастысы, түлек мамандық таңдаудан қателеспесе болғаны.
Осындай жауапты кезеңнен өтіп, нәтижесін асыға күтіп отырғандардың бірі – қала тұрғыны Нәзира Қаратаева.
– Биыл үлкен қызым мектеп бітірді. Тестке жақсы дайындалды. Жоғары сыныпқа өткен кезде ақылы қосымшаларға жаздырдым. Себебі қызым жаратылыстану бағытындағы пәндерді жақсы оқыды. Бірақ ағылшын тілін таңдады. Көп ойланып, түрлі кеңес бердім. Бірақ ол өз бағытынан айныған жоқ. Тест тапсырғанда жоғары балы 78 болды. Енді бұл көрсеткішпен грантқа түсуі екіталай. Арнайы бағыт-бағдар беретін орталықтың кеңесіне жүгіндік. Қарағанды, Көкшетау, Семей және Петропавл қалаларындағы жоғары оқу орнын таңдадық. Егер грантқа түспесе, ақылы білім алады, – дейді ол.
Жыл сайын ҰБТ аяқталған сәттен бастап, мыңдаған түлек пен олардың ата-аналарына шешім қабылдау керек болады. «Қай мамандықты таңдаған дұрыс? Қай университетке тапсырған тиімді? Қандай мүмкіндік бар?» деген сауалдар туындайды.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Рекрутинг және мансап орталығы осы сауалдардың жауабын табумен 2019 жылдан бері тұрақты түрде айналысып келеді. Осы орайда орталық басшысы Асхат Мырзабайға хабарласқан болатынбыз.
– Жыл бойы біз еліміздің әр өңіріндегі мектеп түлектерімен жүздесіп, ҰБТ мен гранттық конкурстың мазмұнына байланысты ақпараттық-танымдық жұмыстар жүргіздік. Себебі біз үшін тек маман тарту емес, ең бастысы, талапкердің болашағына дұрыс бағдар беру маңызды. Көптеген талапкер ҰБТ-дан жоғары балл жинаған соң, кез келген мамандық пен университетке автоматты түрде грантқа түсіп кетемін деп ойлайды. Бұл – жиі кездесетін қате түсінік. Себебі гранттар жалпы конкурстан бөлек, нақты бағыттарға бөлінеді. Ол педагогикалық, техникалық, медициналық, тағы басқа. Мәселен, сіз 110 балл жинасаңыз да, егер таңдаған мамандығыңызда грант саны аз, бәсеке жоғары болса, сізден төмен балл жинаған басқа талапкер арнайы квота арқылы грант ұтып кетуі мүмкін. Міне, осы сәтте сарапшы кеңесі, мамандық құрылымын білу, гранттық квоталардың бөлінісі секілді факторлар шешуші рөл ойнайды. Біздің бөлім жыл сайын осы бағытта жұмыс жүргізіп, түлектерге ақпарат емес, түсінік береді. Себебі ақпаратты кез келген жерден табуға болады, ал дұрыс талдау жасау мен бағыт беру – кәсіби тәжірибе ісі, – дейді ол.
Сондай-ақ оның айтуынша, биыл Қызылорда қаласы мен кейбір аудандарда орналасқан кеңес беру пунктінде 6 мыңға жуық талапкерге нақты бағыт берілген. Олардың таңдаулары, балдары, мамандықтарына қатысты сұрақтары бойынша тегін консультация беріп, көптеген ата-анамен жеке сөйлескен.
– Таңдау жасауда көпшілік біле бермейтін бір жайт – әр университет өз ішкі шекті балын бекітеді. Мысалы, Қорқыт ата университетінде денешынықтыру пәні кемінде 115 балл, ағылшын тілі мұғалімі 80 балл, барлық педагогикалық мамандықтарға 75 балл және басқа мамандықтар кемінде 50 балл қажет, яғни егер талапкер тест орталығы бекіткен шекті балды жинаса да, біздің университеттің сол мамандығына сәйкес шекті межені жинамаса, ол грантқа да, ақылы бөлімге де тапсыра алмайды. Бұл да – ата-ана мен талапкер алдын ала біліп отыруы тиіс мәліметтердің бірі. ҰБТ нәтижесіне қатысты тағы бір маңызды жайт – гранттық конкурстағы бәсекелестіктің күрт артуы. Биыл түлектер саны артқандықтан, жоғары оқу орындарындағы білім беру гранттарына талас та күшейе түсті. Мәселен, топ ондыққа кіретін ең жиі таңдаған мамандықтың көшін бастап тұрған ақпараттық технологияларға 11740 өтініш түсті. Одан кейін денешынықтыру мұғалімін даярлауға 6003, медицина 4536, шет тілі мұғалімдерін даярлауға 3960 өтініш қабылданды. Бұл мамандықтардың грантқа түсу балы жоғарылайды. Дегенмен, кейбір мамандықтар бойынша грантқа өту үшін қажет минималды балдың төмендеуі байқалады. Мұны өткен жылдармен салыстыра отырып, талапкерлердің көпшілігінің орташа балл шегінде қалғанымен, жоғары балл жинаған түлектердің үлесі азайғанымен түсіндіруге болады, – дейді ол.
Қазақстанда мемлекеттік білім беру гранттарын бөлу барысында еңбек нарығындағы сұраныс пен салалық басым бағыттар басты назарда. Осы орайда орталық басшысы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіне қосымша гранттар бөлінгенін айтты. Атап айтқанда, 200 грант педагогикалық мамандықтарға, 190 грант техникалық бағыттарға, 140 грант ақпараттық технологиялар саласына қарастылған. Бұл – Қорқыт ата университетін таңдаған талапкерлер үшін үлкен мүмкіндік. Себебі талапкер жалпы республикалық конкурсқа қатысуымен қатар, осы арнайы бөлінген квоталарға автоматты түрде үміткер бола алады. Демек бір таңдау арқылы грант ұтып алу ықтималдығы екі еселенеді. Бұл – талапкер үшін ғана емес, аймақ үшін де маңызды квота. Өйткені Қызылорда өңіріндегі талантты жастардың туған жерінде сапалы білім алуына жол ашады.
Бастысы, түлек осындай мүмкіндіктерді тиімді пайдалана отырып, мамандық таңдаудан қателеспеу керек. Дегенмен басым бөлігі мамандық таңдаудан жаңылып жатады. Үлкендердің сөзін тыңдап, қадам басатындар да бар. Ата-анасы қай мамандық иесі болса, бала да сол жолды таңдау керек деген түсінік қалыптасқан отбасыларды да кездестіреміз. Иә, мамандық бір қарағанда жай нәрсе секілді көрінуі мүмкін, бірақ ол адамның ғұмыры іспетті. Жүрек қалауымен таңдалған мамандық жетістікке жетелейді. Сол себепті мамандық таңдау – тек оқу мен диплом алу емес, өмір жолыңнан жаңылмау. Жауапты кезеңге келіп, болашаққа қадам басар кезде талапкер де, ата-ана да шешімін жеті рет өлшеп, бір рет кескені абзал.
Десек те кейде бәрі біз ойлағандай бола бермейді. Әсіресе жастардың көбі айналасына құлақ асады. Сонда өзі он бір жыл бойы не оқыды, нені армандады деген ой туады. Ата-ана да баласына қиянат жасамайтыны анық қой. Баласының құлқы болмаса да сұранысқа ие, жалақысы жоғары мамандықты таңдауға бағыт береді. Бір байламға келіп бала оқиды, диплом алады. Енді жұмысқа орналасайын десе, қызығушылығы жоқ. Осылайша дипломы қажетсіз қағаз күйінде қалады. Бала екі қолға бір күрек таппаған соң әр істің басын шалады, өмірде өз орнын таба алмай адасады. Жұмыссыз жастар қатарын толықтырады. Тіпті қос-қостан диплом алып, қара жұмыс істеп жүргендер де жетерлік. Бірінші таңдаудан шатасты делік, екінші рет тағы да өз қалауымен емес, сұранысқа ие мамандықты оқиды. Жұмыс іздеп бір-екі жерге бас сұғады, болмаған соң қолын бір сілтейді. Жаны қаламаған мамандық болған соң, оны да жиыстырып қояды. Ал кішкентайынан белгілі бір салаға қызығып, зерттеп, болашақта сол мамандықты оқығандар өз ісінің шебері, білгірі әрі қашанда сұранысқа ие болады. Таңдаған бағытын жақсы көріп, сол саланың мақтанышына айналады. Сондықтан жастар болашақ мамандығын таңдауда жауапкершілік танытуы керек.
Ол үшін мамандыққа баулу мектеп қабырғасынан жүйелі қалыптасқаны жөн. Тек жоғары сыныпқа көшкенде ғана қарастырған кеш секілді. Бала мамандық таңдауда өзінің ішкі қалауына үңілгені абзал. Сонда жоғарыда келтірген барлық сатыдан сүрінбей өтіп, мықты маманға айналары сөзсіз.
Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы»





