Қазір жастардың шет елдерде білімін арттырып, тәжірибе жинауына жағдай жасалған. Ал, мұндай барыс-келіс білікті маман даярлау ісіне айтарлықтай септесетіні анық. Облыс әкімдігі мен Ресей Федерациясының университеттері арасындағы екіжақты меморандумға сґйкес, Сыр жастары да бірнеше жыл бұрын осындай мүмкіндікке қол жеткізді. Бүгінде көрші мемлекеттің біліміне басымдық берген жастардың бірқатары туған жерге оралып, өз қабілеттерін жұмыс барысында іске асыруда. Олардың қатарында Аманбай Базарбай бар.
Ол қаладағы Т.Есетов атындағы №264 мектепті тәмамдаған. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ, тың тәжірибе жинауды қалағанын айтады.
– Адам болашағын болжай алмайды, тек жоспарлаумен шектеледі. Мен де бала кезімнен мектепті үздік тәмамдап, өзім қалаған мамандыққа тапсыруды ойладым. Арман мені алға жетеледі. Өзге елде оқып, басқа жерде біліміңді шыңдау, ел асып, жер көру, Қазақстанды талантты да талапты азаматтардың елі екенін паш ету – екінің біріне бұйырмайтын бақ. Алайда, мұның барлығын жүзеге асыруға болатынына уақыт өте көзім жетті. Мен де «Мәскеу болат және қорытпа институты» ұлттық зерттеу технологиялық университетінің Новотроицк филиалына оқуға түсіп, мақсатыма бір қадам жақындадым. Бастапқыда қиын болғаны рас. Өзге ел, өзге орта дегендей. Алайда, уақыт өте барлығына үйренісіп кеттік, – дейді Аманбай.
Кейіпкеріміз оқуды ойдағыдай тәмамдап, туған жерге табан тіреуге, Сыр халқының игілігі үшін еңбек етуге асыққанын айтады.
– Өткен жылы оқуды аяқтадым. Сырға келгеннен кейін облыстық «Жастар ресурстық орталығында» жұмыс берушілермен кездесу өтті және облыс кәсіпорындарында түрлі экскурсиялар ұйымдастырылды. Соның нәтижесінде өз жолымды таңдадым. «Қызылорда электртораптық бөлу компаниясы» АҚ-да бос жұмыс орны болды. Әңгімелесуден сәтті өтіп, тиісті құжаттарымды тапсырып, сонда жұмысқа орналастым, – дейді ол.
Аманбай жұмысқа еш кедергісіз орналасқан. Ал оның сұранысқа ие мамандықтарды зерделеп барып, дұрыс таңдау жасағанын байқауға болады. Себебі, қазір техника тілін меңгерген жастардың қатары аз екені рас. Жұмыс берушілер тарапынан жан-жақты, креативті ойлайтын және серпінді инновацияны жасауға қабілетті мамандарға деген сұраныс, әрине, кемімейді.
М.СНАДИН.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<