Мектептің ата-аналармен жүргізетін жұмысының ерекшелігі екі жақтың байланысы мен әрекет бірлігінің тұрақтылығынан көрінеді.
Бұл тұрақтылықты ең алдымен сынып кураторы қамтамасыз етеді. Ол мектеп пен отбасы арасындағы ынтымақтастықты ұйымдастыруда жетекші қызмет атқарады. Дегенмен, мектеп оқушыларымен жұмыс істеу көп ізденуді, еңбек етуді қажет етеді. Әсіресе сынып кураторына жүктелер жауапкершілік мол.
Бұл жұмыс өте ұзақ мерзімді қажет етеді. Ол үшін отбасын және оның тәрбиесіндегі ерекшеліктері мен жағдайын жан-жақты әрі жүйелі зерттеу қажет.
Е.Әуелбеков атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатында әртүрлі іс-шаралар өткізілуде.
8-сынып ата-аналарымен бірге «Жүзден жүйрік – мыңнан тұлпар» атты отбасылық сайыс ұйымдастырылды. Бұл сайыстың мақсаты – мектеп-интернат тәрбиеленушілері ата-аналарының педагогикалық белсенділігін арттыра отырып, салауатты өмір салтын қалыптастыру.
Ата-аналармен тұрақты байланыс орнату барысында «Мен өмірді сүйемін» атты тренинг, «Математика – ақыл-ойдың әуені» атты сайыс-сабақ өткізілді. Сонымен бірге сынып жетекшісі жалпы мәселелерді ортақтаса шешуде бірлесіп жұмыс жүргізеді.
Егемен еліміздің болашағы білім мен тәрбиеге байланысты. Заман талабына сай білім беру, балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығын дамытып, жеке тұлға дайындау, өз ұлтының тарихын, мәдениеті мен тілін қастерлейтін және оны жалпыадамзаттық деңгейдегі рухани құндылықтарға ұштастыра білетін елжанды тұлға тәрбиелеу – басты мүддеміз болып қала бермек.
С.БЕКЖАНОВА,
Е.Әуелбеков атындағы дарынды балаларға арналған №4 облыстық мектеп-интернатының 9-сынып кураторы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<