Бұл оқу жылы да түгесілуге жақын. Мұғалімдер де, балалар да оны былтырғыдай онлайн форматта аяқтап отыр. Пандемия жағдайындағы білім берудің ерекшелігі, тестілеу сынағындағы өзгеріс, Қазан мектебіндегі атыстан кейін елде, өңірде бала қауіпсіздігінің қаншалықты күшейетіні туралы облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымовамен сұхбатта кеңінен айтылды.
– Қазандағы қайғылы оқиғадан кейін Қазақстан мектептері жан-жағын қымтауға көшті. Облыс мектептеріндегі қауіпсіздік мәселесі қалай өзгермек? Бұған дейін қандай деңгейде еді?
– Иә, бұл бәріміздің жанымызға батты. Өзіміз де бала өсіріп отырғасын жүрегіміз ауырды. Қазандағы қанды оқиғаның мектепте тіркелуі балалар қауіпсіздігінің маңыздылығын тағы бір дәлелдеді.
Бүгінде басқармаға қарасты 1097 мекеме болса, оның 294-і – мектеп. Соның бәрінде бейнебақылау камералары орнатылған. Қауіпсіздікті күшейту мәселесі, сондай-ақ Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қағидаты Ішкі істер мен Білім және ғылым министрліктерінің бірлескен бұйрықтарына сәйкестендірілуде. Былтыр осы бағытта 70 мектеп қалалық, аудандық ішкі істер бөлімдерінің жедел басқару орталықтарына қосылды. Қауіпсіздікті қамтуға бұл әлі жеткіліксіз.
Қазан мектебіндегі жағдай кезінде вахтердің дабыл тетігін іске қосуы арқасында құзырлы органдар әбжілдік танытты. Әйтпесе, адам шығыны тіпті көп болуы мүмкін еді. Осындай дабыл қағу тетігі облыс бойынша тек Байқоңыр қаласындағы 5 мектепте бар. Енді оны бүкіл білім ошағына қоюға кірістік. Бүгінде мектептерде 882 қарауыл мен 568 вахтер жұмыс істейді. Оларды мамандандырылған күзет өкілдерімен ауыстыру қажеттілігін қарап жатырмыз. Тиісті қаржы бөлу, жұмыс орнының сақталуы жөнінде ұсыныстар жолдаймыз. Мұнан бөлек, турникеттер санын көбейтуге мүдделіміз. Автоматтандырылған өткізу жүйесі 29 мектепте ғана болса, тізімге тағы 20 оқу орны қосылады. Төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында оқу-жаттығу жиындарын жоспарлы, уақытылы өткізуге баса мән беріліп отыр.
Татарстандағы атыс көптеген түйткілдің шетін шығарып, одан сабақ алу керегін көрсетті. Білім және ғылым министрлігі өз позициясын жариялады. Соған сәйкес енді қауіпсіздік мәселесі балабақша, мектеп пен колледждердің аттестациясы барысында ескеріледі. «Халықаралық аккредитация жүйесін қарасақ, қауіпсіздік – ең бірінші орында. «Жаман айтпай, жақсы жоқ» демекші, бізде де осы сияқты әртүрлі жағдайларға төтеп беретіндей дайындық болу керек», – деп атап өткен еді министр Асхат Қанатұлы. Енді көп ұзамай білім беру мекемелерін техникалық жабдықтау, балаларды ғимаратқа кіргізу жүйесінде өзгеріс пайда болады. Өйткені бізге қарасты ұйымдардың түгел дерлігі террорлық әрекеттерге төтеп бере алмайды. Осы орайда облыс әкімінің тапсырмасымен арнайы комиссия құрылып, іс-шаралар жоспары бекітіледі.
– Атышулы істегі күдікті Галявиевтің интернетке, атыс-шабыс ойындарға шырмалғаны айтылып жүр. Несін жасырайық, қазір бала біткен смартфонға тәуелді. Біз Қазан трагедиясынан қандай сабақ алуымыз тиіс? Мектеп психологтарының жұмысы енді еселенетін шығар?
– Аталған оқиғадан кейін министр психологиялық қызметтердің жұмысына және оған қолайлы жағдай жасау керектігіне көңіл аударды. Өйткені біздің байлығымыз да, болашағымыз да – бала. Өзіңіз білесіз, гаджет пен смартфонға тәуелділік қашықтан оқу кезінде тіпті күшейді. Кейбір ата-аналар ұл-қызының телефонда не көріп, кіммен сөйлесіп отырғанына толыққанды бақылау жасамайды. Байқасаңыз, солардың көбі атыс-шабыс ойындарына әуес. Бұл, біріншіден, адамның агрессиясын оятады. Екіншіден, уақытын ұрлайды. Үшіншіден, миын улайды. Күрделі мәселенің күрмеуін шешуді мұғалімдерге ғана итеріп қою орынсыз дер едім. Оқушы тәрбиесіне мектептен тыс уақытта үйдегі үлкендер жауапты. Отандық байланыс операторларының «Ата-ана бақылауы» қызметі бар. Оның көмегімен көруге болмайтын сайттарды бұғаттап, балаңыздың қандай ресурстарға кіргенін, кіммен сөйлескенін біле аласыз. Өзім де балаларымды жоғары сыныпқа көшкенге дейін көбіне осылай қадағаладым.
«Татарстан астанасындағы атысқа күдікті неге өзі оқыған мектепке барды, неге оқ жаудырды?» деген ой мазалайды. Оның себебі әртүрлі болуы мүмкін. Отбасымен, араласатын ортасымен қарым-қатынасы немесе тұрмыстық түйткіл, мектептегі жағдай әсер еткен шығар. Ғалымдар ата-анасынан қолдау көрмеген бала агрессор, буллинг құрбаны болуға бейім екенін дәлелдеп отыр. Ал құрдастары қорлап, мазақ еткен жасөспірім томаға-тұйық кейіпке еніп, психологиялық қысымға ұшырайды. Мұндай балалар біздің көмегімізге, мейірімімізге зәру. Осы күні жергілікті білім беру ұйымдарында 481 педагог-психолог, 261 әлеуметтік педагог жұмыс істейді. Сонымен бірге пандемия кезеңімен бірге онлайн бағытта 8 психологиялық орталық аштық. Бұл балаға да, ата-анаға да бірдей қызмет етеді. Ендігі жерде, өзіңіз айтқандай, психологтарға бұрынғыдан артық жауапкершілік жүктеледі.
Суицидтің алдын алу, балалардың өмірлік дағдысын дамыту бағытында 2015 жылдан бері облыс әкімдігінің қолдауы негізінде «Bilim Foundation» қоғамдық қорымен бірлескен шаралар атқарып келеміз. Зерттеу нәтижесіне сәйкес тәуекел тобында 600-дей бала бар. Қор бағдарламасының бірінші бағыты бойынша мектептердегі жоғары сынып оқушылары мен колледждердегі төменгі курс студенттері арасында ата-аналардың рұқсатымен сауалнама жүргізіледі. Нәтижесіне қарай жасөспірімдерге психикалық қолдау көрсетіледі. Баланың мінез-құлқындағы өзгеріс бірден білінеді. Соны байқаған бойда санитарлық-техникалық жұмысшы да, мұғалім де бұл туралы психологқа хабарлауы тиіс. Осындай жұмыстың арқасында біраз баланы қауіп-қатерден арашалап қалдық. Сұрау барысында байқағанымыз, балалар «мені тыңдаған жоқ» деп әке-шешелеріне, «мазақтады, кемсітті» деп қатарластарына ренжиді. Осындай мәселеде ортақ мәмілеге келуде психологтардың ролі артты. Олар жылда біліктілік арттыру курстарына қатысады. Тәуекел тобындағылармен жұмыс істеуге әбден төселді. Шамасы жетпегендердің ауруханада жасырын емделуіне ықпал жасаймыз. Ата-аналар да әуелгі кездегідей бұдан қашқақтамайтын болды.
Психологтармен бірге әлеуметтік педагогтардың арқалар жүгі салмақты. Сананы тұрмыс билейтіні айтпаса да түсінікті. Материалдық жетіспеушілік отбасының тыныштығына, жайлы өмір сүруге әсер етпей қоймайды. «Арал балалары» қоғамдық қоры басқармамен бірге қиын жағдайдағы 150-ден астам отбасын қамқорлығына алды. Оның бірі тұрақты баспананың жоқтығынан көшіп-қонып жүруі мүмкін. Енді бірі тұрып жатқан үйдің санитарлық күйі сын көтермейді. Тағдыры әрқилы болғанмен, проблемасы ортақ отбасылар үшін қолдау ауадай қажет. Былтыр 15 шақтысы демеушілердің көмегімен баспаналы болды.
– Үш ай каникулда балалар үйге сыймайды. Олардың демалысын тиімді ұйымдастыру қалай жоспарланған? Пандемия кезінде мектеп пен тынығу лагерьлері ашық бола ма?
– Облыста 9 сауықтыру орталығы мен демалыс лагері бар. Биыл соның 8-і 105 мыңнан астам келушіні қабылдауы тиіс. Мектептер жанындағы 275 күндізгі лагерьге 90 мыңнан астам бала тарту көзделіп отыр. Осылайша жоспарлы жазғы демалыс 1-10 сынып оқушыларының 97 процентін қамтиды. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, көп балалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардағы 30 мың балаға каникулдағы бос уақытын тиімді ұйымдастыру үшін қолдау көрсетіледі. 49 мың бала әке-шешелерімен бірге санаторий, курорттарға барады. Жаңақорғандағы 8 ауысымды «Өзгент» лагері іске қосылады. Меценат, демеуші аға-апаларының көмегімен тағы біршама оқушы туристік-шатырлы лагерьлерде тынығады.
Қала сыртындағы лагерьлер мен сауықтыру орталықтарында жұмыс істейтін тәлімгерлер, тәрбиешілер «COVID-19» бойынша зертханалық сынаманың теріс нәтижесін немесе вакцинаның толық курсын қабылдағанын растауы тиіс. Ал келушілерден денсаулық жағдайы туралы құжат, жұқпалы ауруларға, оның ішінде коронавирусқа шалдыққан науқастармен байланыста болмағаны туралы анықтама, «COVID-19»-ға қатысты зертханалық тексерудің теріс нәтижесі талап етіледі. Сынама қорытындысының мерзімі 72 сағаттан аспауы керек. Мектеп жанындағы күндізгі лагерьлер жергілікті бас санитар дәрігердің келісіміне қарай жұмыс істейді.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында соңғы жылдары мектеп туризмін жандандыруға көңіл бөлініп келеді. 30 мыңнан астам оқушы биыл өңірдегі тарихи-мәдени ескерткіштермен танысады. Бұдан бөлек, 25 мың бала спорттық, зияткерлік, техникалық, шығармашылық үйірмелерде қарым-қабілеттерін шыңдау мүмкіндігіне ие. Былтырғы маусымда Instagram әлеуметтік желісіндегі online_vacaton_qzo парақшасында «Онлайн жаз» жобасы басталды. Оған бүгінде 22 мыңға жуық бала тіркелген. Биыл аталған жоба «Жазғы мектеп. Жазғы лагерь» деген атаумен жалғасады.
– Онлайн оқуға көзқарасыңызды білгім келіп отыр. Әуелі артықшылықтарын санамалап берсеңіз…
– Біріншісі – кез келген уақытта білім алу мүмкіндігі. Материалды меңгеруге қашан және қай уақытта кірісетіні оқушының өз еркінде. Жеке оқу кестесін құрастырады. Екіншісі – қалауына қарай білім алу мүмкіндігі туады. Оқушылар қатарластарымнан артта қаламын деп қобалжымаса болады. Күрделі тақырыпты зерттеуге қайта оралуға, бейнедәрістерді қажетінше қайталап көруге, мұғаліммен хат алмасып, оны кейін оқуға, білетін тақырыпты өткізіп жіберуге мүмкіндік бар. Америкалық ғалымдар қашықтықтан оқыту мен дәстүрлі білім беру нәтижесінің бірдей, тіпті одан да жоғары екенін дәлелдепті. Оқушылар онлайн форматта көптеген сабақты өз бетінше оқиды. Ал бұл тақырыпты түсінуге, есте сақтауға әсер етеді. Оқу үрдісінде жаңа технологияларды қолдану оны қызықты ете түседі.
Кейбір ата-аналар «мұғалімдер пандемия кезінде үйде жатып ақша алды» деп жүр. Оған келіспеймін. Керісінше, әріптестеріміз бұрынғыдан екі есе көп жүмыс істеді. Егде жастағы ағай-апайларымыз алғашында «бұл қалай болар екен?» деп қорқасоқтаған. Олар да көшке ілесіп, жаңа технологияны біртіндеп үйренуге көшті. Ұстаздардың жұмысының көптігі сондай, «Kundelik.kz» платформасына түн жарымында кіріп, баға қоятынын байқадым.
– Ал кемшілігі неде?
– Қашықтан оқу мұғалімдер үшін де, оқушылар үшін де таңсық еді. Оған еш дайындық болған жоқ. Сондықтан, жасырып қайтеміз, жаңа форматқа көшуде көптеген қиындыққа кезіктік. Кейбір кемшіліктеріне тоқталсам. Сыртқы бақылаусыз оқу қарқыны төмендейді. Қашықтықтан білім беру коммуникативтік икемділікті дамыту үшін қолайсыз. Оқушылардың бір-бірімен, мұғаліммен байланысының аздығынан оқытудың бұл формасы сыпайылықты, сенімділікті, командада жұмыс істеу дағдыларын дамытуды әлсіретеді. Практикалық пәндерді өткізудің қиындығы өз алдына, компьютерлік сауаттылық мәселесі кейбір аға буын мұғалімдердің алдын кес-кестейді. Бәрібір мектепке барып оқығанның жөні бөлек. Балалар партасын, сыныптастарын сағынды. Ұстаздар да бұрынғыдай өзара қауқылдасып жүргісі, оқушылармен бетпе-бет жолыққысы келеді. Бұл карантин ата-аналарға мұғалім мен мектептің қадірін ұқтырғандай.
– Күні кеше ЮНЕСКО қазақстандық мұғалімдердің 80 проценттен көбі сабақ беру кезінде компьютер, ноутбук пайдалана алатынын көрсетті. Біздегі көрсеткіш қандай?
– Қашықтан оқытуға байланысты мониторинг жүргізіліп, оқушылардың интернетке қосылуы, компьютерлермен қамтылуы, педагогтардың дайындық жағдайы сарапталды. Республикалық бюджеттен 3,4 млрд теңге қаржыға 22 870 компьютерлік техника алынды. Жергілікті бюджет пен демеушілер есебінен 4 мың планшет, ноутбук берілді. Елді мекендердегі интернеттің жылдамдығын арттыру бағытында байланыс операторларымен бірлескен жұмыс атқарылды. Мұның барлығы – қашықтан оқытудың сапасын арттыру, балаларға қолайлы жағдай қалыптастыру мақсатында жасалған жұмыстардың бір бөлігі.
– Бірақ өңірде интернет жетпеген жерлер бар ғой…
– 26 ауылдағы мектептерде интернет болғанымен, ауылдың өзінде жоқ. Бала саны 300-ге жетпейтін болғандықтан оларда дәстүрлі оқу тоқтамады.
– Екі жыл бұрынғы республикалық Тамыз конферениясында Президент мұғалімдерді қосымша жұмысқа жегуді доғаруды тапсырды. Нәтижесі қалай?
– Бұған қатысты Білім және ғылым министрлігінің 2020 жылғы 6 сәуірде шыққан №130 бұйрығы бар. Ол мамыр айынан бастап күшіне енді. Бұйрықта орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының мұғалімдері толтыруға міндетті құжаттардың нақты тізімі көрсетілген.
– Қандай құжаттар?
– Пән мұғаліміне міндеттелгені екеу: біріншісі – сынып журналы, екіншісі – сабақ жоспары. Сондай-ақ оқу жылының басында күнтізбелік-тақырыптық жоспар дайындайды. Әр тоқсанның соңында критериалдық бағалау құжаттарын толтырады. Осыдан басқаның қажеті жоқ.
Егер мұғалім жас педагогтың тәлімгері болып, сол үшін 17 мың теңгеге жуық үстемеақы алатын болса, онда жас әріптесімен бірлесіп атқарған жұмысы бойынша әдістемелік құжат толтырады.
Егер мұғалім сынып жетекшісі болса, оқу жылының басында тәрбие жұмысының жоспарын жасайды. Өткізілген ата-аналар жиналысы туралы электронды хаттама, оқушылар табелін толтырады. Қажеттілікке қарай олардың жеке істерін жаңартып отырады. Осылайша әріптестеріміз шамадан тыс есеп беруден босатылды.
Барлық білім беру ұйымының жұмысы білім алушыға бағытталуы тиіс. Білім сапасы, ең алдымен, мұғалімдердің біліктілігіне тікелей байланысты. Сол себепті педагог үнемі өзін-өзі жетілдіріп, кәсіби деңгейін арттырып отыруы керек. Ал мектеп басшылары олар үшін шығармашылық орта қалыптастырып, қолдау білдіруі қажет.
– Бұдан мұғалімдердің мәртебесі жоғарылағаны көрінеді…
– Иә, соңғы уақытта әріптестеріміздің қоғамдағы орны биіктей түскені қуантады. Еңбекақылары да еселеніп келеді. Колледждердегі кейбір оқытушылар мектептегі әріптестеріне қызығып жүр. Сонда ауысқысы келеді. Дегенмен, биыл ол кісілердің де айлық жалақысы 25 процентке артты.
– Еңбек жолыңызды мұғалімдіктен бастадыңыз. Басшылық тізгінді қолға алғалы әріптестеріңіздің қандай мәселесінің шешілуіне ықпал еттіңіз?
– Әуелі Қызылорда қаласындағы №15 мектеп-гимназияда 8 жыл бойы физика пәнінің мұғалімі болдым. Сол аралықта облыстың үздік физик мұғалімі атандым. Одан кейін туған жерім – Қармақшыда мектеп басқардым. Қазалы ауданында, Қызылорда қаласында білім саласына жетекшілік жасадым. Қазіргі қызметке осылай сатылап келдім.
Өзім мұғалім болған уақытта құжаттың көп талап етілетіні сонша бірін толтырып, біріне үлгермейтінбіз. Қазір қайта бұған шектеу қойылды. Мектеп директорлығына 29 жасымда тағайындалдым. Кейбір нормативтік-құқықтық актілердің жетіспеушілігі жұмысқа кедергі келтірді. Асхат Аймағамбетов министрлік тізгінін қолға алғалы бұл мәселе біршама реттелді. Өйткені өзі де кезінде мектепте жұмыс істеді, мұғалімдердің жағдайын жақсы біледі.
Көктемде Қызылордада серіктес директорлар лигасы құрылды. Соның аясында мектептерге 20 жобалық бағыт бекітілді. Бірі өзін-өзі басқару, бірі стратегиялық жоспар жүргізу, үшіншісі экологиялық білімді арттыру ісіне күш салады. Жақында ІТ салаға бағытталған бағдарламалау мектебінің жобасы таныстырылады. Нәтижесінде үздік тәжірибені кеңінен таратамыз. Бұл идея қайдан келді? Мектеп басқарған кезімде әртүрлі шаруаның басын бір шалып, оның ілгерілеуге әсері болмайтынына көзім жетті. Лига жұмысын бірізділікке дейін апару жұмысы сатылап келетін болады.
Ұстаздарды ынталандыру бағытында ауқымды жұмыс жүргізіліп келеді. Былтыр 10 ұстаз бірінші рет «Қызылорда облысының дамуына қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Әрқайсысына 300 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 833 мың теңгеден қаржылай сыйақы берілді. Сонымен қатар өткен жылы «Орта білім беретін үздік ұйым» атанған Қазалы ауданындағы №249 мектеп-лицейіне 17 млн теңге көлемінде грант сертификаты табысталды. Биыл қаржылай сыйақыны екі есе көбейтіп отырмыз. Бұл жеңімпаз мектептің материалдық-техникалық базасын жаңартуға мүмкіндік береді.
– Кейбір мектеп басшыларының жылы креслодан жылыстағысы келмейтіні бар. Бұдан бір жаңашылдық күту қиын шығар…
– Ауылдық жерлерде 15-20 жыл бойы бір мектепке жетекшілік жасап келе жатқан кісілер бар. Білім туралы заңға ротация талабы енді. Енді оның арнайы қағидасы бекітілуі керек. Өзім ротация институтын қолдануды құптаймын. Әйтпесе, жаңашылдық болмайды, жұмыс өнбейді. Тіпті ұжымдастарың туысың сияқты болып кетеді.
– ҰБТ-ны электронды форматта өткізуге тест пункттерінің әзірлігі қалай? Мұның алдыңғылардан айырмашылығы неде?
– Жаңа ереже бойынша мектеп бітірушілер ҰБТ-ны екі рет тапсырып, ең жақсы нәтижені грант иелену үшін конкурсқа жолдай алады. ҰБТ-ның өзгерген форматы ашық әрі әділ өтеді. Бұл балалар үшін өте тиімді. Біріншіден, мектеп бітірушілер тест күнін күтіп, күйзеліске ұшырамайды. Екіншіден, тестті екінші рет тапсыру мүмкіндігі жүйкеге түсетін салмақты азайтады. Өздеріңізге белгілі, биылдан бастап шешуші сынақ электронды форматта өткізіледі. Осы уақытқа дейін ақылы бағыттағы тестілеу өткізіліп келді.
Бүгінгі күні аймақта 261 мектепте 7 мыңнан астам оқушы мектепті аяқтайды. Балалардың 85 проценті ҰБТ-ға қатысуда. Білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысуға мүмкіндік беретін сынақ 6 мамырда басталды. 30 маусымға дейін жалғасады. Ол үшін Қызылорда қаласы мен Қазалы, Қармақшы, Жаңақорған аудандарында 475 орынға арналған мамандандырылған тестілеу орталықтары жұмыс жүргізуде. Әзірге ең жоғары ұпайымыз 137 балды көрсетіп отыр.
– Екі-үш күнде түлектер алтын ұясымен қоштасқалы тұр. Биыл соңғы қоңырау соғыла ма?
– Иә, оқу жылы әдеттегідей 25 мамырда аяқталады. Сол күні «Соңғы қоңырау» шарасы 9, 11-сыныптардың оқушыларына санитарлық талаптарды сақтау арқылы мектеп ауласында өткізіледі. Сыныптарда, онлайн режимде сынып сағаттарын ұйымдастыру жоспарланған. Әр сынып оқушыларының шарасы бөлек, 2-3 сыныптан бар мектептерде кезекпен болады. Оқушылардың ата-аналары, заңды өкілдері, 9, 11-сынып мұғалімдері ғана қатысады. Сырттан қонақ шақырылмайды. Шара барысында әлеуметтік арақашықтықты сақтау, медициналық бетперде тағу талап етіледі. Мерейлі сәтте үздік мұғалімдер, оқушылар марапатталады.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<