Биылғы оқу жылының басты жаңалығы балалар бұрынғыдай дәстүрлі форматта білім алады. Барлық мектепте санитарлық талаптардың сақталуы қатаң бақылануда. Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова өткен аптада қала мектептерінің жаңа оқу жылына дайындығын сараласа, сейсенбіде шеткі аймақтар мен Сырдария ауданына қарасты Шіркейлі елді мекеніндегі білім ошағын аралап көрді.
Бүгінде облыстағы барлық білім ордалары жаңа оқу жылына дайын. Мектепке асыққан балалар енді бұрынғыдай мұғалімнен тікелей сабақ тыңдап, сыныптастарымен тақырыпты емін-еркін талқылай алады. Бұл оқу сапасының жақсаруына әсер ететіні белгілі.
Бірақ, бұл жолы эпидахуалға байланысты талаптар күшейтілген. Ұстаздар мен ата-аналар мектепке «Ashyq» қосымшасы арқылы ғана кіреді. Ал, оқушылар 5 сатылы дезинфекциялық тексерістен өтіп барып, өз сыныптарына беттейді. Тағы бір айта кетерлігі, барлық мектепте «1 сынып – 1 кабинет» қағидасы енгізілген. Оқушылар қоңырау сайын пәнге байланысты сынып өзгертпей бір кабинетте ғана білім алады, яғни орын ауыстырамын деп залда топтасып қалуына жол берілмейді.
Алдымен өңір басшысы М.Шоқай атындағы №187 ІТ мектеп-лицейіндегі оқу жылына даярлық барысын пысықтады. Білім ошағының кіреберісіне турникет, одан кейін дене қызуын өлшейтін құрал орнатылған. Мұнан кейінгі тағы бір ерекшелік, осы оқу жылынан бастап мектеп ғимаратында орталықтандырылған дабыл нүктесі және арнайы күзет мамандары жұмыс жасайды. Оқу процесін ұйымдастыру үшін мектепте инновациялық жоба да қолға алынды. Яғни, әрбір оқушыға QR-код енгізілген дербес карта беріледі. Онда оқушылар, ата-ана туралы деректер енгізілген. Ас мәзірі, кері байланыс және асханада төлем жасау мүмкіндігі қарастырылған.
Білім ордасында 1134 оқушы екі ауысымда білім алады, олардың 108-і алғаш рет мектеп табалдырығын аттайды. Айта кету керек, бүгінде 115 мұғалімнің 108-і коронавирусқа қарсы екпе алған.
Мұнан соң аймақ басшысы №212 мектеп-гимназиясына барды. Бұл мектепте де ереже ескерілген. Келушілердің турникетпен кіріп, дене қызуының өлшеніп, «Ashyq»-тан өтуі қадағаланады. Кіреберісте арнайы күзет қызметі ұйымдастырылған, мектептегі тәртіпті, қауіпсіздікті сақтау мақсатында ғимаратқа 30 бейнебақылау камерасы орнатылған.
– Мектептің 53 жылдық тарихында өзіндік базасы, педагогикалық ұжымы қалыптасты. Өткен оқу жылында 33 мектеп түлегінің 32-сі ұлттық бірыңғай тестке қатысып, оның 20-сы жоғары оқу орындарының мемлекеттік грантын ұтып алса, қалғандары қалаған мамандықтары бойынша колледж гранттарын иеленді, бірқатары ақылы негізде білім алады. «Алтын белгіні» иеленген 8 түлегіміз де жоғары нәтиже көрсетті.
Жақсы жаңалық, биыл мектепте 1288 оқушы білім алады, яғни өткен жылға қарағанда 38 оқушыға көбейіп отыр. Сондықтан сынып саны да артты. Осы шағын аудандағы тұрғындардан бөлек, басқа шағын аудандағы ата-аналардың да баласын оқыту үшін біздің мектепті таңдағаны қуантады, – деді мектеп директоры Бауыржан Ахмедияров.
Айта кету керек, биыл жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жаңа оқу жылына толық дайын болғанымен, 1968 жылы салынған білім ордасы күрделі жөндеуді қажет етеді. «Сондықтан жөндеу жүргізуге байланысты тиісті құжаттар дайындалып, жұмыс жасалуда» дейді мектеп басшысы.
Талаптарға сәйкес, ұстаздар вакцинаның толық курсын алған. Жағдаймен танысқан облыс әкімі оқушылардан бөлек ұстаздардың да маскалық режимді қатаң сақтап, тазалық жұмыстарын жиі ұйымдастырып отыруды тапсырды.
Облыс әкімі Ақсуат ауылдық округінде орналасқан №268 мектеп-лицейіне де барды. Елді мекеннің демографиялық және географиялық жағынан үлкеюіне байланысты қазір мектепке қосымша құрылыс жүргізілуде. Сәуір айында басталған 200 орындық үш қабатты ғимарат құрылысы қыркүйекте пайдалануға берілмек.
Ауылдық округке қарасты 300 орындықты бұл мектеп 2013 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Биыл білім ошағында 1155 оқушы білім алады. Мұнда да оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 21 бейнебақылау камерасы, санитарлық талаптарды сақтау үшін туннель, тепловизор орнатылып, санитайзер мен антисептик кілемшелері, кварцтармен барлық сынып қамтылған. Білім ошағында қызмет ететін ұстаздардың 98 проценті екпе алған.
Аймақ басшысы Сырдария ауданына қарасты Шіркейлі ауылындағы Ә.Жәмішев атындағы №129 мектеп-лицейінің де жаңа оқу жылына дайындық барысымен танысты. Еңселі, жаңа мектепке кіргеннен-ақ, балалар саулығы үшін тиісті талаптар орындалғанын, тиянақты тірлік пен тазалықты байқайсың. Мұнда да бейнебақылау камералары, дезинфекциялық туннель, әр сыныпқа кварц шамдары мен санитайзерлер қойылған.
– Жаңа оқу жылында Сырдария ауданы бойынша 17 мектепте 8000-нан астам оқушы білім алады. Оның 805-і мектеп табалдырығын алғаш аттамақ. Оқулықтар мектептерге таратылды, ол үшін облыстық бюджеттен 43 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді. Ал, аудан ұстаздарының 97 проценті індетке қарсы вакцина алған. Барлық мектептер «Ashyq» жүйесіне енгізілген, – деді аудандық білім бөлімінің басшысы Берік Жәнібеков.
Байқағанымыз, дәстүрлі форматтан қол үзген біржылдық үзілістен кейін, мектептер жаңа оқу жылына тыңғылықты дайындалған. Бүгінде олардың алдында оқу сапасын нығайтумен қатар, денсаулықты сақтау мәселесі де тұр. Сапар барысында облыс әкімі білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымоваға жаңа оқу жылына дайындықты тағы бір қадағалауды, талаптардың толықтай сақталуын тапсырды.
Айдана ЖҰМАДИНОВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<