Мен өнер киесі дарыған, қойнауына құт біткен, қазыналы Қазалының тумасымын. Қазір М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің «Қазақ тілі мен әдебиеті» бөлімінің 3-курсында білім алудамын. Көшбасшы үздік студент ретінде жастардың білім алуы, еріктілік туралы сөз қозғасам деймін.
Әрбір жас қоршаған орта үшін өзіндік ойы, айқын мақсаты және пайдалы әрекетімен қымбат деп есептеймін. Қоғам кез келген жасты қаншалықты жетілдірсе, жетілген жас қоғамды соншалықты дәрежеде дамытады. Сондай-ақ шығармашылық адамды қашанда шыңға жетелері анық. Өзіме келер болсам, осы уақытқа дейін аудан, облыс, республика көлемінде біршама ауқымды шаралардың өту, ұйымдастыру барысына, сөз тізгініне жауапты болып, байқаулар мен замандастарымның арасындағы кездесу кештерін жүргізіп жүрмін. Алдағы уақытта өзімнің жүргізушілік қабілетім мен шығармашылық шеберлігімді әрі қарай дамытамын деген ниетім бар.
Ерікті болу да мен үшін үлкен тәжірибе алаңы. Ерікті болу – ешқандай материалдық қажеттілік бермейді. Дегенмен моральдық тұрғыда рухани байлығыңыздың артатынына сенімім мол. Сонымен қоса, өз бойымда қайтпас қайсарлықты қалыптастырып, жақын достар, жаңа бастамалар мен тың идеяларға жол ашты. Еріктілер қоғамның түрлі орталарында жүреді. Осындай сәттер жақыныңа жанашыр болу, ата-анаға құрмет, шүкіршілік пен тәубенің артуына әбден ықпал етеді. Бұл ортада жүріп, рухани тазалықпен бірге қоршаған ортаның да тазалығына өз үлесіңді қоса аласың. Ал әсем табиғат – таза ауа мен мықты денсаулық кепілі.
Халқымыз «жігітке жеті өнерде аз» деп бекер айтпаған. Маған үнемі күш беріп, шабытымды шарықтатып отыратын да осы сөз. Өзімді әр қырымнан дамытып, кез келген ортада сынап көргім келеді. Жастық шақ –күш-қуат пен уақыттан бөлек, үлкен мүмкіндіктер кезеңі. Осы кезде уақытты тиімді басқара отырып, қарым-қабілетімізді дәлелдей алсақ, өз жолымызды адаспай табуымызға даңғыл жол ашамыз деп ойлаймын.
Өткен жылдың қараша айында «ҚР колледждерінің ТОП-100 студенті» жобасының жеңімпаздары қатарынан көріндім. Сыр өңірінен үздіктер қатарында Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжінің студенті Нағима Төлепбергенова, М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінен «Бастауыш білім беру» мамандығы студенті Сламбекова Айзат және өзім, барлығы үш студент жүздікке енді. Бұл жобаның мақсаты – кәсіптік және техникалық білім беру мекемелеріндегі көшбасшы студенттерді анықтау және жастарға мотивация беру, жігерлендіру, бастамалары мен жоспарларына қолдау көрсету. «Жеңіс біреу болғанымен – жұмыс ортақ» дегендей, үздіктер қатарынан көрінуіме көмектесіп, үлкен қолдау көрсеткен өзіммен қатарлас жастарға, достарыма, білім нәрімен сусындатып жатқан ұстаздарыма, тәлім-тәрбие берген ата-анама, бауырларыма алғысымды айтқым келеді.
Білім беру – мемлекет дамуындағы ең жетекші сала. Болашақ ұстаз ретінде де өзіме артылған үлкен жауапкершілікті сезінемін. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Келер ұрпақ алдында зор жауапкершілік жүгін арқалап келеміз» деген сөзі мені үнемі қанаттандырып отырады. Жаһандану заманында бәсекеге қабілетті болудың көрсеткіші – білімнің деңгейімен өлшенеді. Өйткені, ұстаз елдің ертеңгі тізгінін ұстайтын ұрпақ тәрбиелейді. Бұл мамандық – сонысымен де құнды, сол үшін де киелі. Өз мамандығымның маңыздылығын сезіне отырып, өскелең ұрпаққа қазақ тілінің құндылығын жоғалтпауға, ұлттық дәстүрді дәріптеуге үлесімді тигізсем деймін.
Көшбасшы болу – көпшілік алдында жүргеніңізбен өлшенбейді. Өзіңнің тұлғалық қабілеттеріңді шыңдау, ұйымдастыру және үйрене жүріп, үйрету арқылы көрінеді.
Жас дос, сіз де тартынбаңыз! Талантты болу да, талапты болу да үлкен еңбектің нәтижесінде. Әрқайсысымыздың бойымызда жасырынып жатқан өнер бар. Тек оны жарыққа шығару, жұмыс жасау керек екенін ұмытпайық. Көшбасшы болу сіздің де қолыңыздан келеді.
Бекзат ЕШМҰРАТ,
М.Мәметова атындағы Қызылорда
педагогикалық жоғары колледжі
«Қазақ тілі мен әдебиеті» бөлімінің
3-курс студенті
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<