Мұқтаж отбасыларға компьютер табысталды

732

0

Жомарттықты жолдас, мәрттікті жанына серік еткен жандар бар арамызда. Олар адамдық мақсат азаматтық ұстаным мен ар-абыройға тікелей тәуелді деп біледі. Шәкәрім айтқан «адамдық борышың, халқыңа еңбек қыл» тәмсілі – осы кәсіпкерлердің темірқазығы. Олар жақсылық жасап жарысады. Жарнама үшін емес, жомарт жандар мұны ұлт алдындағы борышы деп есептейді.

Қазір облыстық «Жастар ресурстық орталығында» Бақдәулет Мақашов, Асхат Шәукенбаев секілді қайырымды кәсіпкерлердің қолдауымен мейірімділік шаралары жалғасын тауып жүр. Жүрегі кең, мейірімді азаматтар «Мектепке жол» акциясы аясында оқушыларға қажетті құрал-жабдықтарды тарту етуде. Бұдан бөлек, жастар жаңашыл бастаманың басы-қасынан табылды. Олар ескі компьютерлерді кәдеге жаратып, балалардың кедергісіз білім алуы үшін ІТ паркпен бірлескен жобаны қолға алды. Ең бастысы, бұл бастама өз жемісін берді.

Қала тұрғындары бұған дейін істен шыққан компьютерлерін орталыққа әкелген болатын. Нәтижесінде мамандар 110-ға жуық компьютердің қажетті бөлшектерін пайдалана отырып, жаңа 20 компьютер жасақтап шығарды. Олар бірінші лекте тұрмысы төмен, мұқтаж отбасыларға таратылды. Орталық директоры Бауыржан Мастековтің айтуынша, республикада алғаш болып біздің өңірде қолға алынған бұл бастама алдағы уақытта жалғасады.

– Жаһанды жайлаған пандемия білім саласына біраз өзгерістер енгізді. Оқу онлайнға көшті, ал бұл ретте әрбір балаға қазіргі заманның басты қажеттілігіне айналған – телефон, компьютер, ноутбук қажет. Біз көп ойланбай, шешімге келдік. ІТ парктің сенімді басқарушысы Алмат Қуанышбаевпен бірге жаңа жобаны қолға алдық. Бүгін бірінші легі тапсырылды. Қазір орталықта 10-нан астам өз саласының мамандары құрылғылардың сапасын бақылап, тиісті жұмыстар жүргізіп жатыр. Алдағы уақытта да пайдаға жарайтын компьютерлерді жөндеуден өткізіп, табыстаймыз. Егер де уақыт өте оның қандай да бір бағдарламалары істен шықса, мамандар қайта жөндеуден өткізуге дайын. Біз бұл мәселелердің барлығын жан-жақты қарастырдық, – дейді Б.Мастеков.

Компьютерге қол жеткізгендер ішінде Жарқынай Темірбаева бар. Қазір ол №144 мектепте 8 сыныбында оқиды. Оның білім көкжиегін кеңейтуіне берілген бұл мүмкіндікке деген алғысы зор. Иә, жақсылықтың үлкен-кішісі болмайды. Өзгеге мейірім сыйлау үшін таза ниеттің өзі жеткілікті екені анық.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<