Нардың жүгін арқалаған ғалым

1378

0

Бауыржан Иманғалиев!

Елімізге таныс есім. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты, Халықаралық Ақпараттандыру академиясының толық мүшесі. Жалағаш ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ұстаз-ғалым.

Сырдың құнарлы топы­ра­ғынан нәр алған, Жалағаш өңірінен шыққан талай талант­тар мен дарындардың есімдерін атауға болады. Филология ғы­лымдарының докторы Өтеген Күмісбаев, химия ғы­лы­мы­ның докторы Рақыш Әміреев, ауыл шаруашылығы ғылымының докторлары Сұлтан Мырза­бе­ков, Мамай Пірман­шаев, ме­дицина ғылымының доктор­лары Кәрібай Төлеутаев, Бо­латбек Баймаханов, Нари­ман Табынбаев, техника ғы­лым­­дарының докторлары Төрехан Қарлыханов, Қылышбай Бисенов, эконо­мика ғылымы­ның докторы Атамұрат Шәме­нов, тағы басқалары, бұл тізімді әрі қарай соза беруге болады. Ал­дыңғы толқын аға буынның ғылымдағы ізін жал­ғастырушы осы Бауыржандар екені анық.

Бауыржан Жалағаштың Ақ­қыр ауылында дүниеге кел­ді. Онжылдық мектепті үз­дік бітіріп, 1990 жылы әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетіне оқуға түсті. 1995 жылы университетті үздік дип­ломмен аяқтап, сол универ­ситеттің «Қазақ әдебиеті» ка­­федрасында оқытушылық қыз­метке қал­дырылды. Универ­ситет қа­бырғасында ұстаз­­дық ете жү­ріп, түрлі іс-ша­раға бел­сене қатысты, кон­фе­рен­цияларда баян­дама оқы­ды, жас­тарды тәрбие мен білімге бау­лыды. 1998 жылы «Темірбек Жүр­геновтің әдеби-публи­цисти­калық мұ­расы» тақы­­рыбында кандидаттық дис­серта­циясын қорғады. Ғы­лыми жетекшісі Қазақстан Рес­пуб­ликасы Ұлттық ғылым ака­демия­сының  академигі, Халық жазушысы Зейнолла Қабдолов болып еді. Өзінің ұстазы жайлы Бауыржан былайша толғанады.

«Мен өзімді бақытты жан­мын деп есептеймін. Себебі, білім, ғылым жолында үлкен ұстаздардың көзін көрдім, дә­рістерін тыңдадым, жас оқы­тушы боп ақыл-кеңестерін, ба­тасын алдым. Қазақстан Ұлт­тық Ғылым академиясының академигі, Қазақстанның Халық жазушысы Зейнолла Қабдолов, Зәки Ахметов, профессор Тұр­сынбек Кәкішев, Алтай Аман­жолов, Алма Қыраубаева, Мыр­затай Серғалиев, Темірбек Қожакеев, Марат Барманқұлов секілді отандық әдебиеттану мен журналистика ғылымына еңбегі сіңген ірі  ғалымдардың лекциясын тыңдап, санамызға сіңірдік. Берген ілімімен қатар, дауыстары да құлағымызда сі­ңіп қалғандай. Осы кісілердің ішінде Зейнолла Қабдолов ұс­та­зымның мен үшін орны бөлек.

1995 жылы әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­верситетін үздік бітіріп, аспи­рантураға түстім. Бір жылдай диссертация тақырыбым бе­кі­мей созылып кетті. Ғылы­ми жетекшім басқа оқу ор­ны­нан болатын. Маған ұсын­ған тақырыбы көңіліме ұна­мады. Мен мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүрге­новтің әдеби мұрасын зерттеуді таңдадым. Көз алдыма «елім, жерім» деп қазақтың мәде­ниеті мен әдебиетін, оқу-ағар­ту саласын өрге сүйреген, со­ңында қыршын кетіп артынан ұрпақ қалмаған қазақтың қа­һарман ұлының бейнесі келе берді. Жүрегімнің түбінде тек Жүргеновті зерттеу, халыққа таныту болды. Үш жылдық аспирантура мезгілінің уақы­ты да сырғып өтіп жатты. Бір күні ой келіп Қорқыт ата атындағы Қызылорда мем­ле­­кеттік университетінің про­фес­соры Бағдат Кәрібозов ағам­мен ғылыми тақырыбым жөнінде ақылдастым. Бәкең менің жағдайымды білген соң, «Бауыржан, мен сені өзімнің ғылыми жетекшім  Зейнолла Қабдоловпен кездестірейін» де­ді. Келіскен уақытта акаде­мик­тің кабинетінде жолығып, мән-жай белгілі болғасын, Зекең «Ғылыми тақырыбыңды жетекшің жылға жуық бекітпей әбден сүрлеген екен» деп бір күліп алды. «Нарком Темірбек Жүргеновтен кандидаттық емес докторлық диссертация қор­ғалады. Материалдар ізде­сең табылады. Ол үшін көп ең­бектенуің керек, айна­лайын. Алматыдан басқа ол қызмет еткен Өзбекстан, Ресей мемле­кеттеріне барып, архивтерде тап­жылмай отырып, ізденуің керек. Бұл үлкен жауапкершілік, әрі төзімділікті қажет етеді. Жүргеновті жүргізсең, ғылыми жетекшің өзім болам» деп сөзін түйіндеді.

Жиырмадан енді ғана асқан маған бұл сөз үлкен сенім әрі күш болды. Мен академик З.Қабдоловтың шәкірті болға­ныма қатты қуандым. Көп ұзамай ғылыми жетекші өзі болып, 1930 жылдары алты Алаш­тың басы қосылған әрі Темірбек Қараұлының қайрат­керлік қадамы бас­талған Таш­кент, кезінде астана бол­ған Қызылорда, Нарком болған Алматы қалаларының мұрағат­тарына жіберді..»

Иә, «Жақсыдан шарапат» деген жақ­сылардан тәлім алған Бауыржан сөйтіп, қайраткер тұлға Зейнолла Қабдоловтың жетекшілігімен ғылым жолын­дағы ты­нымсыз еңбегін бастап еді.

Ұстазы Бауыржанды үлкен ғылымға бағыттап,  кеңесін айтып, қолдап отырды. Жетек­шісінің нұсқауымен темір нар­ком Жүргеновтің табаны тиген жерлерді аралады, ол болған қалалардағы шаң бас­қан архивтерді ақтарды. Нә­тиже жаман болған жоқ, қай­рат­кер-қаламгерден қал­ған мол мұра жинақтала берді, бұған дейін беймәлім болып келген көп мәлімет қолына тие бастады. Бұл кейін монография, жинақ, мақалалар жазуына да көп көмектесті.1999 жылы Т.Жүргеновтің әдеби мұрасы­нан кандидаттық диссер­та­ция­сын сәті­мен жақсы  қор­ғады. Диссертация қорғап дип­ломды алғаннан кейін, «Ал, диссер­тацияңды қорға­дың, құт­ты болсын, енді не ойың бар?» деді ұстазы бұған кү­лім­сірей қарап, сыр тартқандай кейіпте. Жас қой, албырт шақ, нақты белгілеп қойған жоспары жоқ екен. Бар ойы, мақсаты диссертациясын қор­ғап шығу, сосын ғылыммен түбегейлі айналысу еді. Бірақ қызмет, жұмыс жайын ойла­мапты. «Нақты жоспарым жоқ, ғылыммен айналысқым келе­ді» деді ұстазына шынын айтып. Ұстазы күлімсірей тіл қатты «Өзім де солай ойлап едім, Бауыржан, ғылыммен айналысамын десең, осында қал, қызмет қумай-ақ қой, де­нің сау болса, оның бәрі бола жатады. Сенің қазір ғылыммен айналысатын кезің, уақытыңды босқа өлтірме» деді.

Бәрі сол ұстазы айтқандай болды. Зейнолла Қабдолов Бауыржанды өз кафедрасына оқы­тушылыққа алып қалды. Дүниеден өткенге дейін он жылға жуық қайраткер тұлға­мен бірге қызмет еткенін осы күнге дейін мақтаныш етеді. Ұстазының бүкіл болмыс-бітімі, мейірімді жүзі көз алдында. Бауыржанды өз баласындай көрді, болашағынан үлкен үміт күтетін. Ұстазының бойында басқаларда кездесе бермейтін Құдай берген ерекше бір қасиеті бар еді. Ол үнемі айналасына шуақ шашып, келбеті нұрға толып жүретін. Жаратушы жү­регіне сыйлаған нұр сыртқа теуіп, көзінен, сөзінен, бет жү­зінен төгіліп тұратын. Ол адам­дардың тек қана жақсы қасиетін көретін. Кафедраға кіріп кел­генде  жүзінде нұр ойнап, «Ай­налайын, алтындарым, аман­сыңдар ма?» деп күліп кіретін. Небір қисық-қыңыр адамдар ол кісімен бір сағат сөйлескеннен кейін түзеліп кететін. Ол адам­дардың көкірегінде бір қа­раңғылық болса, соны емдеуші, сауықтырушы, жарық беруші, сәулелендіруші бір тұлға еді.

Өзін ғылым-білімге баулы­ған же­тек­шісі, ақылшы ұстазы Зейнолла Қабдоловтың өзіне деген әкелік мейірімі мен, ұс­таздық ыстық ықыласын қалай ұмытсын!  «Бүтін және бітім» деп көп айтатын философиялық сөзінің мағынасын кейін тү­сінді. Сол ұстазының арқа­сын­да жүргеновтанудың көк­жиегін кеңейтіп, ғылыми мақа­лалар, кі­таптар жазып, жиыр­ма жылдан аса шәкірт тәр­биелеп келеді. Бұл күнде өзі де ұстаз болды, алайда Зейнолла Қабдолов Бауыржан үшін мәңгілік  феномен болып қалды.

Иә, Бауыржан ұстаздың қадірін біледі. Ең алғашқы ұстазы – әкесі мен анасы. Әкесі Сәбит Иманғалиұлы бүкіл саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнап еді. Сәбит ағамыздың ұстаздық жолға келуі де қызық. Алғашқы мамандығы дәрігер еді, Қызылордадағы медициналық училищені бітіріп, ауылға келіп, осы салада жұмысын бастаған. Сәбит ағамыз біздің ауылдың ең алғашқы дәрігері болды. 1964 жылы сонау Қызылқұм қой­науынан мал шаруашылығымен айна­лысатын Аққыр совхозы құрылғанда Жаңа­талап ауылында жұмыс істеп жатқан Сәбит ағамызды совхоздың алғашқы директоры Бердәулетов Камал ағамыз ауылға шақыртып алды. Сөйтіп Сәкең ауылдық ауруханада жұмысын жалғастырды. Кейін С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітіріп, білім беру саласына ауысты, №188 орта мектепте ұстаздық қызметін бастаған ағамыз кейін Мәдениет ауылындағы №32 орта мектептің директоры, облыста «Қазақ тілі қоғамының» жетекшісі, тілдер басқармасының басшысы қызметтерін атқарды. Сәкең ағамыз еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін Қызылорда қаласындағы орысша атаумен тұрған көшелерді қазақ тіліне көшіруге, көшелерге өзіміздің қайраткер тұлғалардың есімін беру жолында көп еңбек етті. «Қызылорда көшелері» деген кітап жазып шықты. Кейін «Астана көшелері» деп аталатын кітабы да жарық көрді. Бұл кейінгі ұрпаққа тағылымы мол дүние еді. Себебі көшеге есімі берілген тұлғалардың кім екенін екінің бірі біле бермейді.

Анасы Зүбайра Қыстаубайқызы да – ұстаз. Мектепте, жоғары оқу орнында дәріс берді, бірнеше ғылыми еңбектің авторы. 

Отбасында осындай ұстаздардан тәлім алған, университетте Зейнолла Қабдолов, Зәки Ахметов, Тұрсынбек Кәкішев, Алма Қыраубаева, Темірбек Қожакеев сынды шоңдардың алдын көрген Бауыржанның ұстаз, ғалым болмауға, ел үшін бел шешіп еңбек етпеуге қақысы да жоқ еді.  Бауыржан 1997-2000 жылдары әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде аға оқытушы, 2000-2007 жылдары Алматы қаласы әкімдігі ішкі саясат департа­ментінде бөлім бастығы, Бостандық ауданы әкімі аппаратының жетекшісі, 2007 жылы Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз хатшысы, баспасөз  қызметінің жетекшісі, 2008-2010 жылдары Алматы қаласы әкімдігінде бөлім бастығы, 2010-2012 жылдары Алматыда Қазақ Ұлттық аграрлық университетінде департамент директоры, проректор, 2012-2017 жылдары Астанада Қазақ агротехникалық университетінде баспасөз орталығының директоры, 2017-2018 жылдары Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінде бас сарапшы, қоғамдық кеңестің хатшысы, 2018 жылдан бүгінге дейін Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде  журналистика және саясаттану факультетінің доценті.

Бауыржанның ғылым саласындағы еңбектерін санамалап айта берсек, бірталай дүние жазуға болады. Олардың ішіндегі ең шоқтығы биігі – «Темір нарком» атанған Темірбек Жүргенов туралы зерттеулері. Бұл шаруаға Бауыржанның алдына дәйекті мақсат қойып, белді бекем буып, үлкен дайындықпен келгенін білуге болады. Әйтпесе Темірбектей қайраткер тұлғаның жүріп өткен жолын, оның бүкіл қайраткерлік болмысын ашу оңай шаруа емес. Бауыржан Темірбек Жүргеновті зерттеуге бақандай  30 жылын жұмсады. Бірақ еңбек еш кеткен жоқ, нәтижелі болды. Жас ғалым Қазақстан, Ресей, Өзбекстан республикаларының архивтерін  аралап, ақтарып, Т.Жүргенов, Алаш қайраткерлері туралы 1 монография, 3 жинақ, 100-ге жуық ғылыми және публицистикалық еңбектері жарыққа шықты. Халық аяулы ұлымен қайта табысты және оны басқа қырынан танып, қайраткер қазақтың өмірі мен қызметінің осы уақытқа дейін көмескі болып келген кезеңдерімен танысты.

 Сөйтіп Бауыржан жүргеновтанушы-ғалым ретінде республиканың көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің әдеби шығармашылық мұра­сын алғаш ғылыми айналымға түсірді.

1930 жылдары Халық Ағарту комис­сары болған нарком Темірбек Қараұлы туралы  «Темірбек Жүргенов» деректі фильм­дерінің бас кеңесшісі болды және сценарийін де өзі жазды. Бұл фильмдер «Хабар», «Қазақстан», «Ел Арна» теле­арна­ларынан тұрақты көрсетіліп  келеді.

Жоғары білім саласындағы айрық­ша табыстары үшін 2018 жылы Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар акаде­мия­сының корреспондент-мүшесі болып сайланды. «Үздік ұстаз-2018» респуб­ликалық байқауының жеңімпазы атанды, «Мерейлі отбасы-2018» республикалық конкурсының Алматы қаласы бойынша «Гран-при» иегері болды.

Қайда жүрсе де, қандай қызметте болса да оның қолынан қаламы түскен емес. 2001 жылы 15 баспа табақтан тұратын «Т.Жүргенов. Таңдамалы. Избранное», 2012 жылы  28 баспа табақтан тұратын «Темірбек Жүргенов», 2013 жылы 37 баспа табақ «Т.Жүргенов. Шығармалары», 2012  жылы  17 баспа табақ «Қос шынарым» деп аталатын дүниелері жарық көрсе, Т.Жүргенов туралы түсірілген 2 деректі фильмнің кеңесшісі болды.

Сонау жігіттік бозбала шағынан-ақ Бауыржанды қазақ әдебиеті мен мәдениеті, Алаш тарихы, қайраткер тұлғалардың өмірі мен қызметі қызықтыратын. Сту­дент кезінде-ақ осы бағыттағы ғылыми-зерттеу жұмыстарының негізгі нобайын айқындаған еді. Әрі қарай өзінің ғылыми бағыты бойынша жоғарыда айтқан табыстарға жетуі Бауыржанның бойындағы атаның қанымен, ананың ақ сүтімен берілген парасат-пайым, білуге құштарлық, сабырлы да салиқалы ой, алдына мақсат қоя білушілік, адамдармен қарым-қатынастағы жоғары мәдениет пен дегдарлық, тектілік сияқты асыл қасиеттердің септігі тигені анық.

Қайда жүрсе де, қандай қызметте болса да туған жерді бір сәтке естен шығарған емес. Елдегі әрбір жаңалыққа елеңдеп отырады. «Ел іші – өнер кеніші» дегендей, елде небір талант жүр, білімге құштар жастар өсіп келеді. Сол балалардың үлкен жерден білім алуына септігім тисе екен дейді. Осы мақсатта Жалағаш ауданындағы мектептің үздік оқушыларына өзінің атынан шәкіртақы тағайындады. Оқимын деген елдегі жасөспірімдерге бағыт береді. Жоғары оқу орындарына түсуіне көмектесіп келеді.

«Нар жолында жүк қалмас» деген біздің данышпан бабаларымыз. Міне, сол нардың жүгін арқалаған ғалым ініміз бүгінде ердің жасы елуге толып отыр. Елу байыппен қараған адамға аз да емес, көп те емес. Елу жылда елім деп еміренген ерлер «егеулі найза қолға алып», елге беретінін беріп үлгіреді. Алайда Бауыржанның елге бергенінен беретіні көп деп ойлаймын.

Тұрақ Адисұлы,

Қазақстан Журналистер

 одағының мүшесі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<