Облыста білім беру ұйымдарының саны артуда

568

0

Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі

Ел экономикасының дамуына айрықша үлес қосатын, сондай-ақ кемел келешектің негізгі кілті саналатын білім саласы әрқашан маңызға ие.

Осы саланың қарыштап дамуы арқылы өзге салалардың алдыға ілгерілеуіне жол ашылады. Осы орайда, биыл аймақтағы білім саласына бөлінген қаржы 67 пайызға артып, облыс бюджетінің 44,8 пайызын құрады.

Тиісінше, білім саласының серпінді дамуы бағытындағы негізгі жоспарлар жолға қойылды.

Мәселен, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында өңірде 12 300 орындық 21 мектеп салынады. Осыған сәйкес, былтыр 10 білім ордасының іргетасы қаланса, осы жылы 11 мектептің құрылысын бастау жоспарлануда.

Бұл ретте облыстағы 6 апатты мектептің 4-нің мәселесі аталған жоба аясында шешімін тапса, қалған 2 мектеп «Білім беру инфақұрылымын қолдау қоры» мен жеке инвестор есебінен шешілуде.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов хабарлады.

  • Жарқын болашақтың кепілі саналатын балаларымызға сапалы білім беру – күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі. Осы ретте, аймағымызда мектепке дейінгі білім беруде 680 ұйым жасақталған болса, онда 57 мыңнан астам бала тәрбиеленуде. Бұл білім беру ұйымдарында 6 160 педагог жұмыс істейді. Мұғалімдердің біліктілігін арттыру мақсатында ҚР Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп, облыс бойынша педагогикалық шеберлік орталығы филиалының базасында 120 жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдардың педагогтері ақысыз курстардан өтті. Биыл да педагогикалық шеберлік орталығы тарапынан оқытылатын барлық курстарға бірінші кезекте жекеменшік ұйым ұстаздары жіберіледі, – деді Асқарбек Темірбекұлы.

Облыста барлығы 328 мектеп жүйелі жұмыс істеуде. Оның 297-і мемлекеттік болса, қалған 31-і жекеменшік мектеп. Онда барлығы 181 804 оқушы білім алады. Осы ретте, оқушылардың сапалы білім алуы үшін білім ордалары заманауи талапқа сай жабдықталуы аса маңызды. Бұл бағытта биыл құны 2,8 млрд теңгені құрайтын 7 мектеп күрделі жөндеуден өтеді. Оның 6-ы Қызылорда қаласында болса, 1-і Жаңақорған ауданында орналасқан. Осы бағыттағы нақты жұмыстарды басқарма басшысы брифинг барысында баяндап берді.

  • Бүгінде қаланың сол жағалауынан 400 орындық физика-математика мектеп-интернатының құрылысы жүргізілуде. Бұған қоса, «ҚазГерМұнай» компаниясының қаржылай қолдауымен 350 орындық заманауи бағыттағы Оқушылар сарайының құрылысы да салынуда. Биыл шығармашылық академиясының құрылысын бастауды жоспарлаудамыз. Сонымен қатар, Жаңақорған және Шиелі кенттерінен 200 орындық оқушылар үйі мен 50 орындық өнер мектебі құрылысына сметалық құжаттар әзірленуде. Биыл құрылыс жұмыстары басталып, 2025 жылы халық игілігіне беріледі. Бұдан бөлек, Шиелі ауданы Бәйгеқұм ауылынан 200 орындық тынығу лагері, Қазалы ауданында «Шағала» балаларды сауықтыру демалыс орталығының аумағынан 160 балаға арналған жатын ғимараты, оқу ғимараты және бу қазандығы құрылысының жобалары әзірленеді, – деді басқарма басшысы.

Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<