Бала жаны ақ парақ секілді, оған нені жазсаң, соны оқисың! Жанымыз мөлдір, пейіліміз таңғы шықтай тап-таза бала күндерді еске алсақ, аппақ көңілімізге ақ жүрегін қауырсын қылып, өнеге жазған, білім құйған алғашқы ұстаздар еске түседі. Сондай ұстаздың бірі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айсұлу Құрманғалиқызы Киенбаева еді.
Ұлт тілі, ана тілі екінші орынға түскен сонау жылдары да апайымыз сабағын «Қазақтың тілі – жаныңның тілі. Мынау ұлы Отанның, ұлан-ғайыр даланың тарихының тілі. Абыз далаңның, абзал анаңның тілі! Оны ұмытуың, оны ұлықтамауың – Отанға опасыздық жасағанмен тең! Химик бол, биолог бол, офицер бол, ұшқыш бол, өз тіліңе өгейлік танытып, адам сапына қосыла алмайсың!..» деп бастайтын. Мектеп бағдарламасына енген мәлімет-тапсырмалардан бөлек, ежелгі дәуір әдебиетінің туындыларын, батырлар жырын, зар заман ақындарының шығармаларын санамызға тоқитын. Қарап отырсам, отаншылдыққа, ұлттық құндылықтарға баулығаны, қайрағаны екен ғой. Ұлттық тәрбие беру өзекті мәселеге айналған дәл қазіргідей кезеңде біздің Айсұлу апай секілді ұстаздардың бала жанына бағбан бола білетін қасиеті керек-ақ…
Айсұлу Құрманғалиқызы бізді ұстаздыққа қызықтыра білді. Жетікөлдегі мектептің бір сыныбынан бірнеше мұғалім шықтық. Әдебиетсіз өмір сүре алмайтын, өз тілімізде сауатсыз сөйлеу мен сауатсыз жазудан ұялатын шәкірттердің шоғыры өстік. Ол – Аралда ұстаздық етіп жүргенде ауданда бірінші рет мектеп жанынан оқырмандар клубы мен драма үйірмесін ашқан мұғалім. Жетікөлде еңбек етіп жүрген жылдары да тұйық, үлгерімі төмен деген балалардың өзін серпілтіп, сахнаға шығарып жіберетін. Әр баланың болашағына алаңдайтын. Жүздің ішінен мықтыны танитын қабілеті де ерекше еді. Айсұлу апай додаға қосқан шәкірт жүлдесіз оралмайтын.
Соншалықты қиын уақыттың өзінде де апай Аралдағы оқушыларын облыс орталығындағы драма театрға әкеліп, қойылымдар тамашалатады екен. Сонда ойлаймын ғой, оқушы зердесінің ашылып, танымының кеңеюі үшін ол кісі өзіне қандай жауапкершілік жүктеген деп…
Еңбегі елеусіз қалған жоқ, КСРО Білім беру ісінің үздігі атанды. Әуезов шығармаларын зерттеп, оқушыларға кеңінен насихаттау үшін педагогтарға арнап жазған бірнеше әдістемелік көмекші құралы әдістемелік оқулыққа айналып, облыс көлемінде таратылды. Өмірден өтсе де көңілінен шығармайтын, атын мақтанышпен атайтын шәкірттері бар. Оның отбасындағы ұстаз рөлінің маңыздылығы сол, апайдың төрт баласының да жары мұғалім.
Айсұлу Құрманғалиқызының еңбек еткен ұжымдары мерейлі даталарда еске алу кештерін өткізіп тұрады. Ол бастаған оқырмандар клубы мен драма үйірмелері әлі күнге жұмысын жалғастырып келеді. Біз осындай ұстаздарды замананың әйгілі тұлғаларына, алып бәйтеректеріне айналдырып, есімін өшпестей таңбалауымыз керек деп ойлаймын. Мұндай іс біздің заманның, қоғамның деңгейі мен дәрежесін көрсетеді.
Роза ЖАДИЕВА,
К.Қаракөзов атындағы №235 мектептің директоры
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<