Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында сөйлеген сөзінде: «Кітапқа деген махаббат – ұлттың интеллектуалды деңгейінің көрсеткіші. Көптеген елдерде кітапқа арналған ұлттық күн бар. Бізде де бұл күнге орай түрлі әдеби фестивальдер мен көрмелер өткізуге болады. Ұлттың өркениеттік жолы – кітап арқылы қалыптасады» деп атап өткен еді. Осы орайда өткен жылы Үкімет Қаулысымен «23 сәуір – Ұлттық кітап күні» болып елімізде мерекелер санатына енді.
Биыл алғаш рет аталып отырған Ұлттық кітап күнінде Президент қазақстандықтарға арнайы Құттықтауын жолдады. Онда: кітап оқу білімпаздыққа, ізденімпаздыққа жетелейтіні, озық ойлы ұрпақ, сапалы ұлт осындай құндылықтар арқылы қалыптасатыны айтылған.
Ұлттық кітап күні аясында елімізде апталық мәдени-көпшілік іс-шара ұйымдастырылды. Облыс орталығындағы Ә.Тәжібаев атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасында өткен апталық іс-шаралар «Үздіктер салтанаты» атты кітап фестивалімен қорытындыланды. Мерекелік жиынға облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов қатысып, сала өкілдеріне облыс әкімінің құттықтауын жеткізді.

«Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Ұлттық кітап күнін бекітуді ұсынып, «Озық ойлы ұлт болудың төте жолы – кітап оқу» деп атап өтті. Бұл – халқымыздың асыл мұрасы кітапқа көрсетілген құрмет. Жыл сайын осы күні кітап көрмелері, ақын-жазушылармен кездесулер, оқу марафондары ұйымдастырылады.
Былтыр Сыр елінде «Руханият жылы» жарияланып, мәдени нысандар бой көтерді. Аудан орталықтарында «Руханият орталықтары» салынып, жұмысын бастады. Аудандық кітапханалар осы орталықтарға көшіріліп, қор бөлімдерінің сыйымдылығы артты. Жаңа әрі заманауи ғимарат оқырман қауымға жайлы, қызметі қолайлы. Кітапханалар тәулік бойы үзіліссіз жұмыс істейді. Бұрынғы кітапханалар 55 мың кітапқа арналса, қазір 200 мың кітап сақтауға мүмкіндік бар. Жалпы, облыстағы 209 кітапханада 5 миллионға жуық кітап қоры жинақталған» – деп жазылған Құттықтау хатта.
Мереке аясында «Үздік оқырман – 2025», «Отбасылық оқудың қуанышы», «Ардагер оқырман», «Ең көп оқитын отбасы», «Ең кішкентай оқырман», «Белсенді оқырман» аталымдары бойынша марапаттар табысталды.
Фестиваль қонақтары алдымен кітапхана ғимаратының ауласында, табиғат аясында жасақталған «Кітап – жан азығы, өмір қазығы» атты жаңа кітаптар көрмесін тамашалады. Одан кейін облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, Қазақстанның құрметті журналисі Қайырбек Мырзахметұлы, қоғам қайраткері Сайлаубай Әбішев сынды ардагерлер бастаған оқырман қауым Ә.Тәжібаев атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасынан орын алған облыс әкімі Н.Нәлібаевтың жеке кітапханасымен танысты. Мұнда өңір басшысы өз қолымен табыстаған 700-ден астам кітап бар. Бұдан бөлек, облыстық кітапхана директоры Нұрлыбек Мыңжас іс-шара қонақтарын арнайы көрмеге қойылған кітапхана қорындағы құнды кітаптармен, сирек жазбалармен таныстырды. Шындығында, ғасырға жуық сақталған сарытап туындылар арқылы ғаламат деректер бүгінге жетіп отырғанын бағамдадық.
«Жас ақындар аллеясында» Аружан Оралбай, Бексұлтан Санақұл, Дидар Өмірзақ, Дина Бөкебай, Нұргүл Төлеубай сияқты шығармашылығымен танылып келе жатқан жас ақындар өлең оқып, көпшіліктің қошеметіне кенелді. Мәдени- танымдық іс-шара «Менің сүйікті кейіпкерім» тақырыбында асфальтқа сурет салу, «Кітапханаға кітап сыйла» акциясы, Арт-территория – шығармашылық алаңы және түрлі интеллектуалды ойындарымен, мерекелік концертпен жалғасын тапты.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, Ұлттық кітап күніне орай 16-23 сәуір аралығында Ә.Тәжібаев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында ұйымдастырылған кітап апталығы түрлі рухани-танымдық іс-шаралармен айшықталды. Апталықтың алғашқы күні «Мәртебелі кітап» атты мерекелік шарада облыстық кітапхана басшысы Н.Мыңжас, ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар одағы Қызылорда облыстық филиалының өкілі Қ.Есімсейітова құттықтау сөз сөйлеп, Мемлекет басшысы мән беріп, арнайы мерекелер санатына енген «Ұлттық кітап күнінің» ұрпаққа берер тағылымы жөнінде ойларын ортаға салды. Аймақтың зиялы қауымы, ғалымдар, ақын-жазушылар, сондай-ақ кітапхана оқырмандары, жоғары және арнаулы оқу орындарының студенттері, мектеп оқушыларының қатысуымен жаңа кітаптар көрмесінің таныстырылымы өтті.
Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, белгілі сатирик Нұрмахан Елтайдың «Әр кәллада бір қиял» атты жаңа кітабының тұсаукесер рәсімі ұйымдастырылды. Жиында облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары А.Қамбаров қаламгер Н.Елтайға облыс әкімінің құттықтауын табыстады.
Оқырмандар автор шығармаларынан дайындалған қойылымдарды және «Сатира сайыпқыраны» тақырыбында ұйымдастырылған кітап көрмесін тамашалады.
«Сыршыл мінез қаламгер» тақырыбындағы кітап көрмесі Қазақстанның құрметті журналисі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, облыс әкімінің мәдениет және әдебиет саласы бойынша «Тұран» сыйлығының иегері, жазушы Несібелі Рахметтің 70 жасқа толған мерейтойына арналды. Оқырмандар назарына жазушының қаламынан туған «Бір нәзік сезім», «Мен табынған құдірет», «Исламбек», «Құмырсқа тірлік» және «Сырдария кітапханасы» сериясымен жарық көрген «Жиденің гүлі», «Тұнжыр» атты еңбектері және мерзімді басылым беттерінде жарық көрген мақалалары ұсынылып, библиографиялық шолу жасалды.
Әдебиет, өнер өзара сабақтастығымен дамиды. Осы орайда бүгінгі әдебиеттің бел ортасында жүрген талантты ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Ғ.Мұратбаев атындағы республикалық жастар сыйлығының, «Сыр үміті» жастар сыйлығының, Қ.Аманжолов оқуларының бас жүлде иегері, республикалық «Күміс қалам» байқауының жеңімпазы Ақжол Түменбаймен кездесу ұйымдастырылды. Кездесуде ақын шығармашылығы жайлы әңгіме қозғалып, оқырманмен сыр-сұхбат ұйымдастырылды. Сонымен қатар, автор танымал әндерге айналған өлеңдерінің шығу тарихы жайлы әңгімелеп берді.

Ә.Тәжібаев атындағы Қызылорда облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында Шығыс Қазақстан облысының тумасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Франц Кафка медалінің иегері, профессор Роза Мұқановамен онлайн кездесу өтті.
ZOOM арқылы ұйымдастырылған «Балалық шақтың бояуы» атты кездесуге Қазақстан Жазушылар одағының облыстағы өкілі, ақын, журналист Қ.Есімсейітова, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің доценті А.Айтбаева және филология факультетінің студенттер мен қала мектептерінің оқушылары қатысты. Кеште облыстық кітапхана басшысы Нұрлыбек Мыңжас модератор болып, М.Шоқай атындағы №187 ІТ мектеп-лицейінің оқушылары жазушының «Өмір солай» драмасы бойынша сахналық көрініс қойды. Бұдан бөлек, Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы М.Мәметова атындағы Қызылорда жоғары колледжінде болып, қазақ әдебиетінің классигі Сәбит Мұқановтың туғанына 125 жыл толуына орай «Мөлдір махаббат» романына талдау ұйымдастырды. Кешке қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының студенттері қатысты.
Апталық аясында «Кітапхана түні», «Ашық аспан астындағы кітапхана» іс-шарасы, «Кітап сыйла» акциясы өтті. Сондай-ақ демалыс күндері қала тұрғындары арасында таным деңгейін таразылайтын викториналық сұрақтар қойылып, қызықты ойындар ұйымдастырылды.
Әлбетте, кітап бар жерде автор бар. Сол авторлардың, яғни қалам иелерінің де есімін елге танытып, шығармашылығының кеңірек насихатталуында кітапхана қызметкерлерінің еңбегі зор. Қорыта айтқанда, осынау апталық көлемінде ұйымдастырылған ауқымды іс-шара жас ұрпақтың ішкі мәдениетін, рухани танымын, этикалық, эстетикалық талғамын қалыптастыруға бағытталды.
Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы»





