Онлайн оқу оңай болмай тұр

1923

0

Жаңа оқу жылы басталды. Мектептегі оқу процесін ұйымдастыру ҚР Білім және ғылым министрлігі ұсынған бағыттар бойынша жүргізілуде. Атап айтсақ, өткен жылдан бері қалыптасып отырған эпидахуалға байланысты облыстағы 228 мектептің 133 463 оқушысы  “BilimLand”, “Дарын-онлайн” интернет платформалары арқылы қашықтан оқытылып отыр. Сонымен қатар, 1-4 сыныптағы 28 694 оқушы 2 104 топта, шалғай орналасқан елді мекендегі 65 мектепте 6 575 оқушы дәстүрлі оқытылуда.

Тақырыбымызды тарқата түссек, расында қашықтан оқу оңай ма? Әрине, оңай емес. Бұл ретте жауырды жаба тоқудың қажеті бола қоймас. Себебі, елімізде қашықтан оқыту бастамасының қолға алынғанына көп уақыт бола қойған жоқ. Сондықтан оқыту процесін ойдағыдай жүріп жатыр деп сеніммен айта алмаймыз. Әсіресе, бірінші сынып оқушылары үшін ұстаздың жүзін көрмей, қашықтан оқып, қаріп тану қиынның-қиыны.

Әлемді жайлаған пандемияға байланысты өткен оқу жылының соңына таяу қашықтан оқыту тәжірибесі енгізілген болатын. Оқу жылының соңы болғандықтан ол кездегі олқылықтар онша біліне қоймаған еді. Алайда биылғы жаңа оқу жылының да қашықтан оқыту әдісімен басталуы мұғалімдер қа­уымына да, ата-аналарға да үл­кен сын болып отыр. Оның басты себебі, биыл ғана ашылған «BilimLand», «Дарын-онлайн» ин­тернет платформалары мектеп оқу­шыларының пайдалануына әлі де қолжетімсіз. Байланыс орнату өте қиын. Сондықтан оқушылар  «WatsApp» желісі арқылы бай­ланысуды қолайлы көреді. Деген­мен, мұғалімдер жаңаша оқыту платформаларын меңгеруге барын­ша жұмыс жасап жатыр.

Мұғалім де, ата-ана да

«дәстүрлі оқытудың

орны бөлек» дейді

Осы орайда білім беру сала­сында көп жыл тәжірибесі бар, Жалағаш ауданындағы А.Бисенов атын­дағы №38 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы, жоғары санатты мұ­ғалім, педа­гог-зерттеуші, Ы.Ал­тын­­­сарин бел­гісінің иегері  Жанар Шілде­баева­ның пікірін сұраған едік.

– Қазіргі қалыптасып отырған жағдайға байланысты қашықтан оқытуға көштік. Ол үшін жаңаша ізденіп, арнайы оқу курстарынан өттік. Бүгінгі таңда қашықтан білім берудің «BilimLand», «Дарын-он­лайн» секілді интернет плат­фор­маларын игеруге жұмыс жа­сап жатырмыз. Алайда өзімнің көпжылдық ұстаздық тәжірибем бойынша айтарым, бала мектепке келмей, мұғаліммен бетпе-бет кез­деспей, бір-біріне деген жылы қарым-қатынасты сезініп, ортамен араласып, өзара сыйластық пен құрмет қалыптаспай, толыққанды білім алуы мүмкін емес. Өйткені әрбір мұғалім – психолог, яғни, әр оқушының сабақты қабылдау мүмкіндігіне қарай жұмыс жа­сайды. Мәселен, кейбір оқушы­лар­ға айрықша көңіл бөліп, қай­талап түсіндіруге тура келеді. Ал қа­шықтан оқыту барысында бұл мүмкін емес.

Мемлекет басшысының кешегі Жолдауында санитарлық талаптар­ды сақтай отырып, білім алудың қалыптасқан дәстүрлі тәсіліне қайта көшу тәртібін әзірлеу мәсе­лесі айтылды. Бұл – өте орынды тапсырма. Мүмкіндігінше, жедел­­де­тіп жүзеге асырылса, жақ­сы болар еді, – дейді ұстаз.

Сара Адайбаева, қала тұрғыны:

– Балам биыл 1-ші сыныпқа барды. Оқуға деген ынтасы ерекше. Әйтсе де қолына сөмкесін алып, мектеп табалдырығын аттаған жоқ. Алғашқы ұстазын кітап алар ке­зінде бір-ақ рет көрді. Ал сы­нып­тастарын мүлде танымайды. Өзіміздің оқыған уақытымызбен салыстырып қарасақ, әрине, көңіл құлазиды. Мектепке алғаш барған әр балаға мұғалімнің көмегі өте қажет. Ал қашықтан оқыту барысында бұл жауапкершілік ата-ананың мойнында. Айта кетейік, ата-ананың барлығы мұғалім емес, сондықтан балаға қалам ұстаудан бастап, жазып-сызуға, кітапты жүргізіп оқуға дейін үйрету оңай болмайды. Сол сияқты, балаға бі­ліммен бірге тәрбие де керек. Көп­шілік ортамен араласуды үйренуі маңызды.

Әйтсе де бүгінгі қалыптасып отырған жағдайға байланысты ба­ламызды қашықтан оқытудамыз. Интернет байланысы әлсіз, бала­ның көп уақыты ұялы телефон алдында өтеді. Бұл ден­саулығына да зиян, – дейді.

Салада моральдық,

материалдық қолдау

шаралары артып келеді

Білім мен ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған бағдарламасы бекітіліп, биылдан бастап педагогтар мен оларға те­ңестірілген қызметкерлердің ең­бек­ақысы жыл сайын 25 процентке көбейіп, төрт жылда екі есе артады деп жоспарланып отыр. Бұл мақ­сатқа биыл облыстық бюд­жеттен 27,4 млрд-ға жуық қаржы бөлінді.

Қашықтан оқыту бойынша оқу­шылар мен мұғалімдердің және оқушылардың арнайы құрылғы­лармен (компьютер, ноутбук, план­­шет, смартфон) қамтамасыз еті­­луіне, интернет және ұялы бай­ланыстың қолжетімділігіне мони­торинг жасалды. Электронды құ­­­рылғысы жоқ 9687 оқушыны ком­­пьютерлік техникамен қамту­ға тиісті жұмыстар ұйымдас­ты­­рылды. Бүгінгі күнге мектеп ба­лан­сындағы 2800 компьютер мұқ­­­таж отбасыларына уақытша пай­­­далануға берілсе, демеушілер есебінен 239 планшет, 15 ноутбук тапсырылды. Сонымен қатар, са­ладағы үнемделген бюджет есе­бінен 176,7 млн теңге 2635 планшет алуға бағытталды. Бұдан бөлек, рес­публикалық бюджетттен 3,4 млрд теңгеге 22 мыңнан астам ком­пьютерлік техника алынуда.

Дәстүрлі оқыту қалай

жүргізілуде?

Облыстық білім басқармасы­ның мәліметі бойынша оқу орын­дарында инфекцияның таралу қау­пін азайту бағытында дәстүрлі түрде білім алатын оқушылар 5 сатыдан тұратын дезинфекциядан өтетін болады:

Бірінші, сыртқы киімді дезин­фекциялық ерітінділермен залал­сыз­дандыратын арнайы туннель ар­қылы өткізу;

Екінші, аяқ киімдерді арнайы залалсыздандыру кілемшелерімен тазарту;

Үшінші, қолды санитайзерлер арқылы антисептиктермен өңдеу;

Төртінші, байланыссыз тер­мометр арқылы дене қызуын өл­шеу;

Бесінші, медициналық бетпер­делер кию. Сонымен қатар, мек­тептерге кіргізу, сыныптарға орна­ластыру барысында әлеуметтік қа­шықтық сақталады. Сыныптарды желдету арқылы ауасын тазарту, кварцтау, ауысым арқылы дезин­фекциялық  ылғалды жуып тазалау жұмыстары жүргізіледі.

Айта кетейік, дәстүрлі оқыту топтары 1-4 сыныптардың ата-ана­­ларының дербес өтініштері не­гізінде ашылған. Бұл топтарда 15 баладан артық бала оқытылмайды. Ең бастысы – бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Санитарлық та­лап­тар қатаң сақталады. Әрбір кезекші топтардың жұмысы белгілі алгоритмге сәйкес жүргізіледі.

Оқушылардың

білімін бағалау

жүйесі өзгерді

Қашықтан оқыту кезінде қа­лыптастырушы бағалау күнделікті жүргізілетін болады. Максималды бағалау 10 балдық жүйені құрайды. Бұрын 5-тік балл қойылатын. Оның ішінде 1-ші сыныптар баға­ланбайды. 2-11 сыныптар баға­ланады. Бағалау көрсеткішіне кел­сек, 1-3 балл – төмен деңгей, 4-7 балл – орта деңгей, ал 8-10 балл жоғары деңгей. Мұғалім журналға балл көрсеткішімен белгілейтін болады.

Қалыптастырушы бағалау 1 тоқсанда 25 процент БЖБ (бөлімдік жиынтық бағалау) және ТЖБ (тоқсандық жиынтық бағалау) 50 пайыз қосындысы бойынша қоры­тындыланады.

Қорыта айтқанда, онлайн оқы­туды тиімді ұйымдастыруға ба­рынша көңіл бөлініп, қажетті ша­­­ралар атқарылды. Дегенмен, күн­­­делікті оқыту барысында ин­тернет байланысының төмендігі бай­қалып отыр. Бұл кемшіліктің бар екенін Мемлекет басшысы да өз Жолдауында айтып өтті. Сол себепті санитарлық талаптарды қатаң сақтай отырып, білім берудің қалыптасқан дәстүрлі тәсіліне қайта көшудің тәртібін әзілеуді тапсырды.

Расында, онлайн білім алу мен дәстүрлі білім алудың айыр­машылығы жер мен көктей. Оны жасырудың қажеті жоқ. Есесіне, Президент тапсырмасына сай дәс­түрлі оқытуға көшудің барлық мүмкіндігін қарастырғанымыз жөн секілді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<