Ең алғаш Тегеранда 1965 жылдың қыркүйегінде өткен «Білім министрлерінің Бүкіләлемдік сауатсыздықты жою жөніндегі конференциясының» ұсынысы бойынша ЮНЕСКО 1966 жылдан бастап Халықаралық сауаттандыру күнін өткізуді жарияланды. Қыркүйектің 8-і осы конференцияның салтанатты ашылған күні. Міне, содан бері бұл күн атаулы күн ретінде аталып өтіледі.
Заманауи білім талаптарына жауап беретін ұрпақ мектеп партасында отырған оқушылардан қалыптасады. Бұл ретте білім саласына артылар жауапкершілік аз емес.
Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Жолдауында Ұлттың жаңа болмысын қалыптастыруға қажетті қағидаттарды айқындап берді.
Жиырма бірінші ғасырдың ұрпағы терең білімді, еңбекке етуге бейім, кәсіби дағдысы дұрыс, жоғары жауапкершілікті азамат болуы тиіс. Ең бастысы – әділетті және адал ұрпақ атану қажеттігін айрықша атады. Біз сонда ғана бәсекеге қабілетті мемлекет, зияткер ұлт қалыптастыра аламыз.
Қазір білім берудің парадигмасына сай оқушылардың оқу сауаттылығын арттыру басты талап. Яғни мектеп жасындағы балалардың алған білімін өмірде қолдану қажеттілігі басты орынға шығып отыр. Мұны біз функционалдық сауаттылық дейміз. Жаңартылған білім беру мазмұнына көшудегі басты мақсатымыз да осы.
Оқушылардың білімін арттыру, алған білімінің нәтижесін анализдеу халықаралық көрсеткіштер арқылы көрініп отырады. Білім алушылардың функционалдық сауаттылық деңгейін бағалайтын PISA, TIMSS, PIRLS, IСІLS халықаралық зерттеулеріне облыс оқушылары 2012 жылдан қатысып келеді. Дегенмен, осы халықаралық деңгейдегі білім көрсеткіші нәтижесінің орта деңгейде болуы бізді ойландырып отыр. Бұл ретте біз оқушылардың функционалдық сауаттылығын, критериалды ойлау қабілетін шыңдау бағытында жұмыс жүргізудеміз.
Өңірде дарынды балаларды демеу шаралары жаңа деңгейде дамиды. Талапты, инновациялық идеяға құмар, жаңашыл озық жобаларды жүзеге асыратын жас өнертапқыштардың жобалары өңірде іске асатын болады.
Осы ретте айта кету керек, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Елбасы» қорының бастамасымен жас таланттар мен көшбасшыларды қолдау мақсатында «Ел үміті» жобасы жұмысын бастап кетті. Жоба бойынша «Мың бала» олимпиадасына біздің аймақтан ауылдық жерден 256 бала қатысып, оның 75 оқушы жеңімпаз атанды. Жеңімпаз оқушылар мамандандырылған мектептерге оқуға жолдама алады.
Интеллектуалдық қабілеті жоғары, бәсекеге қабілетті ұлт, келешекке керек мықты маман даярлау мәселесі әрдайым назарда. Адами капитал сапасына жете мән беретін уақытта оқушыларымыздың лайықты білім алуы жолында жүйелі жұмыс жүргізетін боламыз.
Ақзира Қасымова,
облыстық білім басқармасының басшысы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<